ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің бірінші орынбасары Қ.Айтуғанов Түркістан қаласындағы «Мамлакат» ЖҚШ жұмысымен таныстыру барысында ҚР Премьер-Министрі К.Мәсімовке ЖҚШ арқылы ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуы мүмкіндітерін әңгімеледі.
«Елбасының тапсырмасына сәйкес жаппай кәсіпкерлікті дамытуды жандандыру бойынша Министрлікпен ауыл тұрғындарының жұмыспен қамтылуын қамтамасыз ету және қайта өңдеу кәсіпорындары қуаттылықтарының жүктемесін арттыруда жеке қосалқы шаруашылықтардың потенциалын пайдалану шараларын жүзеге асыру басталды. Тек Оңтүстік Қазақстан және Жамбыл облыстары бойынша айтар болсақ, 388 мыңнан астам жеке қосалқы шаруашылықтар бар, 502 мың өз бетінше жұмыс істейтіндер, оның ішінде 331 мың адам – нәтижелі қамтылғандар», – деді ол.
«Еттің 70 пайызы сүттің 80 пайыздан астамы жеке қосалқы шаруашылықтарда өндірілетіні белгілі. Алайда жеке қосалқы шаруашылықтарда өндірілген мал шаруашылығы өнімдері дайындау мен өнімді өткізу мәселелерінің шешілмеуінен қайта өңдеуге түспейді. Нәтижесінде біздің қайта өңдеу кәсіпорындарымыз тек 60% ғана жүктелген. Біз осы мәселені шешуді көздейміз», – деп толықтырды бірінші Вице-министр.
Оның айтуынша, осыған байланысты қазіргі сәттегі басты міндет – ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндірісі мен өткізуіндегі қызметті орталықтан ұйымдастыру үшін сүт қабылдау пунктерін, мал бордақылау алаңдарын құру арқылы жеке қосалқы шаруашылықтарды ауыл шаруашылығы кооперативтеріне біріктіру. Сонда ғана қайта өңдеу кәсіпорындарын толықтай жүктеу мүмкін болмақ.
Айта кетейік, Ауыл шаруашылығы министрлігінде барлық өңірлерге шығып, ауыл тұрғындары арасында ұсынылып отырған шаралардың басымдылығын, ұйымдастырылатын ауыл шаруашылығы кооперативтерінің оңтайлы жақтарын және ауыл шаруашылығын мемлекет тарапынан қолдау бағыттары бойынша түсіндірме жұмыстарын жүргізетін арнайы жұмыс тобы құрылды.