Басып шығару нұсқасы
28.01.2018, 10:08

«Жеті жарғыдағы» әйелдің мәртебесі

Осынау дала конституциясы 1684 жылдың шамасында Тәуке ханның кеңесінде қабылданды. Онда ежелден қалыптасқан қалып-қағиданың, әдет-ғұрыптың, тәртіп-тағылымның үлгілі нұсқалары көрініс тапты. Ең бастысы, бұл құқықтық нормада қазақ халқының пәлсапалық көзқарастары үйлестіріліп, өміршең тіршілікке негізделген ұлттық сана-сезіміміздің атқылап жатқан құт-қойнауы, бастау-бұлағы өз пәрменділігін паш еткен болатын. Шындығында, «Жеті жарғының» барлық негізгі бабы – қанға қан алудан желі тартса, өз кезегінде ол, әйелдердің қоғам алдындағы құқығының аяқасты етілмеуіне, әрі оның өзіндік рөлі мен орнын айна-қатесіз айқындап беруге де үлесін қосып бақты.

Сонымен, «Жеті жарғыда» әйел құқығы былайша әспеттелді:

-Әлдекім әйелге қоқан-лоққы жасаса, не зәбірін тигізсе, 500 қой көлемінде құн төлейді.

- Әйелдің бір «бұрымы» кесілсе немесе «күрек тісі» сындырылса, құнының» төрттен бірін төлейді. Ал, егер екі «бұрымы» болмаса, мұрыны кесілсе, онда толық «құнның» жартысы мөлшерінде «мін» төлейді.

- Егер әйелі ерін өлтірсе, өлім жазасына кесіледі. Бірақ бұл екіқабат әйелдерге қолданылмайды, олар күйеуін өлтіргені үшін жазаланбайды; тек мәңгілік қарғысқа ұшырап, ардан безген деп саналады.

- Екіқабат әйелді атты кісі қағып кетіп, одан өлі бала туса: бес айлық бала үшін – бес ат, бес айдан тоғыз айға дейін балаға – әр айына бір түйеден құн төленетін болды.

- Қоғамда әйел зорлау кісі өлтірумен бірдей қылмыс саналды. Осы қылмыс үшін – еріне немесе қыздың әкесіне құн төлеуі тиіс. Егер жігіт өзі зорлаған қызға қалыңмал төлеп үйленсе, жазадан босатылады.

- Біреудің әйелін күйеуінің келісімінсіз алып қашқан адам, өлімге кесіледі немесе ердің құнын (яғни, 1000 мың қой) төлейді.

- Әйелді келісіммен әкеткен болса, күйеуіне қалың мал төлеп, қосымшасына қалыңсыз қыз беруі тиіс еді.

- Кімде-кім әйелді ренжітсе, одан кешірім сұрауы тиіс, ал сұрамаған жағдайда арсыздығы үшін айып салынады.

- Әйел өз туыстарымен некелессе, ол өлім жазасына кесіледі.

- Әйел ерінің ұрлығын біле тұра, әлдебіреуге айтпаса да, хабарламаса да жауапқа тартылмайды. Өйткені, әйелдің еріне, не үлкеннің үстіне шағым жасау әбестік саналды.

- Егер де әйел алған ұлы перзентсіз дүниеден өтсе, оның бар мал-мүлкі әкесіне берілді. Жас балаларын жақын туыстары қамқорлыққа алуы тиіс. Ондай жақындары болмаса, басқа сенімді адамдарға тапсырылды.

©jastar.kz