– Әбеке, Түркістанның жаңғыруы туралы тәуелсіздік алғалы бері көп айтылып келеді. Бірақ соңғы жылдары бұл мәселе жаңа деңгейде көтеріліп жатыр. Облыс орталығы да болып, мол қаржы да бөлінді. Әнекей, заңдық деңгейде ерекше мәртебеге ие болды. Осы процесті мемлекетшілдік технологі, оңтүстіктанушы маман ретінде қалай бағалайсыз?
– Түркістанды жаңғырту мәселесі Қазақстан үшін жаһандық тұрғыда өз-өзін тұғырлап алатын зор стратегиялық мүмкіндік еді. Алайда, біздің тізгін ұстаған атқамінерлер оны дұрыс пайдалана алмады. Оның басында екі ел азаматтары ғана қопаңдап көрінді де қалды. Түркістан тек Түркия мен Қазақстан үшін емес, күллі түркі халықтары үшін киелі мекен. Ол – ілкі рухани орталық. Түгел түріктің тәу етер топырағы. Өкінішке қарай, біз осы жағын сауатты насихаттамақ түгілі, оны қарапайым туризм мен жабайы сауда орталығы деңгейіне түсірдік.
Бұл жерде ең үлкен мәселе – концептуалды түсініктің болмауы. Көп жақсы нәрселер жасалды. Десе де, Түркістанды дамытқан және қандай болуы керектігіне қатысты шешім қабылдаған идеологтар қаланың шынайы мәнін түсінбеді. Түсіну былай тұрсын, кейбірінің рухани мәдениет, тіл-ділден де хабарсыз болғанын да көрдік. Сондықтан, қала құрылысында да, идеологиясында да жүйесіздік байқалады. Тіптен, бүкіл ұғымның өзегі екенін ескерместен, Ясауисіз декорациялық гипс-картон Түркістан жасамақ болғандары қалай кетті?! Бір жағынан, жалаң да болса исламдық, руханияттық бояу мен сипат бермек болса, екінші жағынан әлдеқайдан қайық пен канал идеясын ұрлап әкеліп, «Венеция» үлгісін енгізді. Оның өзінің суы қала жанындағы Отырар ауданының диқандарын зар жылатып, егістіктеріне жұмсалуға тиіс арналардан бұрып әкетілген. Яғни халықтың көз жасы бар су. Осы екі бағыттың арасында Түркістан өзінің түпкі болмысынан ажырай бастады.
– Осы жерін кеңірек айтып өтесіз бе?
– Қала өз матрицасымен үйлеспейтін атаулар мен ұғымдарды, ассоциацияларды тіркеп алудан қашуы керек. Бұл мәселе бұған дейін де талай көтерілген, көтеріле де бермек. Мәңгі актуаль мәселе. Мысалы, ғалым Досай Кенжетай айтқандай, «Екі дүние бесігі» атанған киелі шаһарды сол кездегі басшылық ішке және сыртқа «Венеция» деп емес, «Әзірет сұлтан қаласы» ретінде позициялау керек еді. Жазушы Смағұл Елубайша айтсақ, бұл орын түрік рухын таудай биіктеткен әулие баба кесенесі, сонымен қатар, түркі-қазақ хандары мен би-батырларының сүйегі жай тапқан пантеон, киелі қорым. Түркі елдері лидерлерінің өткен жылдары қабылдаған декларациясының мәні де сол болатын. Ал мыналар қайдағы бір жылтырақ та арзан клишеге барып ұрынды.
Ресми солай аталмаса да, бейресми венециялық месседждердің таралып кеткені өте өкінішті. Мұндай келеңсіздіктерді естияр зиялы қауым өкілдерінің БАҚ пен әлеуметтік желіде жаппай сынауы заңдылық. Олар бірауыздан: «Неліктен Венеция? Түркі әлемі, исламдық құрауышы, сакральдылық қайда? Үлкен идеологиялық қателік!» десті. Бұл ызалы қауымның ішінде мен де бар едім.
Ойлап қараңызшы, қандай қисын бар? Сулы Венеция қайда, шөлді Түркістан қайда? Құдды бір қазақтар ұшы-қиыры жоқ далада көшіп емес, қайықпен сал есіп, жүзіп жүрген халық тәрізденді! Әлі күнге «Түркістанда Венеция салыныпты» деген ерсі естіледі. Абсурд! Мұның ғылыми аты «Еуропалық имиджді шығыстық өріске зорлап таңу». Өзгеге еліктемей, ресми әрі бейресми атауы мұсылман-қазақша «халал» болуға тиіс-тін. Теңеулерді сырттан іздемеу керек-тін. Түркістанның бүкіл идеологиясы «рухани астана» деген атау-брендіне, тәркілік қалпына лайық болуы кажет-тін.
– Мұның салдары нендей қателіктерге әкелді?
– Біріншіден, рухани-мәдени бағыт әлсіреді. Бұрын Түркістанға келген адам, ең алдымен, Әзірет Сұлтан кесенесіне зиярат етуге баратын. Қазір жұрт әлгі қайықты сарайды тамашалауға немесе қымбат мейрамханаларға баруға келеді. Фокус қолдан тайдырылды. Қасиетті жердің осындай оспадар формада ойын-сауық кешеніне айналуы – сұмдық жағдай.
Екіншіден, құрылыс және сәулет үйлесімсіздігі. Қалада түрлі стильдер араласып кетті. Бір жерде шығыстық дәстүр сақталса, екінші жерде еуропалық немесе арабтық стилі басым. Венециялық-мыс ғимараттарды салу – Түркістанның ұлттық концепциясымен мүлде үйлеспейтін әрекет.
Үшіншіден, идеологиялық бағыттағы кемшіліктер. Түркістанды «рухани астана» деп айдарлап алып, екінші жағынан, оны таза коммерциялық нысанға айналдыру – қайшылық. Бұл жердегі басты мақсат «пайда табу» болмауы керек. Түсінемін, біз де пендеміз, екі жеп биге шықсақ дейміз ғой. Анау Мекке-Мединеге қажылық сапарлар арқылы әбден байыған семіз арекеңдердің «асқан-тасқан өнегесі» жанымызды жеп барады. Бірақ, оларды от жанған ошақты орында отырса да таза руханиятты ұстап отыр деп кім айтты? Мұсылман әлемінде аш-жалаңаш ғәріп-қасір мен теперіш көріп жатқандар көп. Солармен бөлісіп, қорған болмай ма? Жоқ, төрт-төрттен қатын алып, астына миллиондар тұратын жүйрік көлікпен жүруі, зәулім сарайларда тұрулары керек-міс. Бәріне топырақ шашпақ емеспіз. Сонда да орысша айтқанда, «обидно» екен. Пайғамбар мен төрт шадиярдың, сахаба-тақуалардың ең асыл ұрпақтарын, ендігі қазаққа айналған қожаларды осында дін таратуға жіберіп, үй жақта өздері хақиқаттың мәнін емес, сәнін ұстап қалғандайын. Ақиқатынан айырылмаса, оларда баяғы дүниежүзіне руханилық пен іңкәрлік берген жауһари қал неге жоқ?
Егер Түркістан шын мәнінде рухани астана болатын болса, онда оның басты бағыты да британдықтардың саяси түзетулеріне ұшырамаған иләһи қалыптағы ислам өркениетімен жалғаса отырып дамытуға, төл тарихи мұраны сақтау, ғылым мен білімді ілгерілетуге арналуы керек. Қысқасы, «керек, керек, мың рет керек».
– Түркістандағы идеологиялық бағыттың дұрыс қойылмауының тағы қандай салдары бар?
– Ең бастысы, Ясауи мұрасын дұрыс пайдалану мәселесін күн тәртібіне шығарды. Ахмет баба әулиеліктің ең жоғарғы сатысы құтыбтыққа жеткен түркі-мұсылман әлеміндегі ұлылардың бірегейі. Бірақ, біз оны ұлттық бренд ретінде ілгерілету жағына келгенде, шынайы мән-мазмұнын ескермей отырмыз. Бұл жағынан, біз ұлы тұлғаларын боларға да, болмасқа да теліген надан қауымдардан алыс кете қоймадық. Тіптен, қор қылдық деуге болады.
Біріншіден, Ясауи мұрасы таза діни-руханилық тұрғысында зерттелуі керек. Әйтсе де, қазір оның есімі жалаң маркетингтік құрал ретінде қолданылып, «сапасыз» туристерді тарту үшін де пайдаланылып жатыр.
Екіншіден, біз оның ілім-білімін дәріптеуіміз керек. Түркістанда халықаралық деңгейдегі Хал ілімін зерттеу институтын ашуға болушы еді. Ясауи жолын ғылыми түрде қазіргіден де тереңірек зерттеп зерделеп, оны әлемге бұдан әрмен таныту маңызды.
Үшіншіден, бізге Ясауи тұлғасын саясаттандырмау керек. Кейбір ұшқары да әулекі топтар оны өздерінің саяси мүддесіне пайдаланып, белгілі бір діни идеологияға қарай бейімдегісі келеді. Бұл да қауіпті үрдіс.
– Сөзіңіз аузыңызда. Айтқаныңыздың бәріне ден қойдық. Тек «Сапасыз турист» дегеніңізді қалай түсінеміз. Мұндай да бола ма?
– «Түркістан» бренді – руханилық, болашақ, бірлік, бауырмалдық пен қонақжайлықтың нышаны ретінде әспеттелуі керек. Керек десеңіз, қала орталығында азғындық пен нәпсіні аждаһа-айдаһар кейпінде бейнелеп, қақ маңдайынан найзамен ұрып тұрған Әзіреті Қожа Ахмет тұлғасын мүсіндеп, ескерткіш қойса да жарасады. Кезінде осыны да ел ұсынбады емес, ұсынды.
Айтпақшы, Үндістан мен Иранның ұлттық болмыстарын нақыштайтындығына орай «Тауыс құсы Түркістанға символ бола ала ма?» деген жергілікті зиялылардың көтерген сауалдың басы әлі ашық. Бұрын кіреберісте түйе тұрушы еді. Бұл құстардың орнына ең болмағанда сол түйелер тұрып, салтанаттырақ көрініс берсе де ұтылмас едік. Далалық түсінікте түйе әулиеліктің символы! Заманында әулиелік қасиетке ие болған кісіні ата-бабаларымыз жүріс-тұрысы, мінезі жағынан түйеге ұқсай бастауынан айыратын болғанын да айтпақ парыз.
Жалпы, Түркістанды рухани азғындық пен мағынауи мешеуліктен арылтатын қасиетті мекен ретінде таныту кезек күттірмейді. Бұл қалаға осындай өзінің шын мәніндегі рухы мен кодын ашып, қайтара киелі мән дарыта алсақ, турист тарту, турист болғанда да руханиятқа сусаған «сапалы турист» деген бас ауру болмайды. Адамзаттың ізденіс үстіндегі ең дегдар бөлігі өзі-ақ бұл жерге қырық бұлақ, жеті өзен болып ағыла береді.
Ал «сапасыз турист» дегенім – мақсатсыз қыдырыс пен жын-ойнақ іздеген, еріккен турист. Бұл жағынан, «Түркістанский сериал» бүкіл рейтингтерді ұрды деп ойлаймын. Шығарушылардың яки тапсырыс берушілердің бастапқы ниеті дұрыс та болған шығар, кім білсін! Алайда, оның жарық көріп болғаннан кейінгі түпкі месседжі кие ұғымынан жұрдай, «Түркістанға діндар деп келуден қорықпаңдар, мұнда қыз-қырқын да, ішу де, т.. да бар» деген топас шақыруға саяды. Жалпы, осындай жауапты мәселеде комиктерге иек арту дегенге енді, сөзім жоқ.
Бүгінде қалаға жыл сайын миллиондаған зияратшылар мен туристер келеді. Бірақ, бұл жай ғана жансыз экскурсиялар орны емес, рухани тәжірибенің басты бағыты болуы тиіс. Мұнда келуші қауым мәңгілік сұрақтарға жауап тауып, сакральды дәстүрлердің қуаты мен энергиясын сезініп кетуі керек.
– Сонда Түркістанды дамытудың дұрыс жолы қандай болуы керек?
– Біз, ең алдымен, Түркістанды ел өткені, бүгіні және ертеңі тұрғысында идеологиялық жағынан нақты анықтап алуымыз керек. Егер біз оны расымен де, риясыз түрде рухани астана деп танитын болсақ, онда бүкіл мәдени-рухани саясатымыз соған сәйкес болуы керек. Айталық, ресми муфтияттың платформасы да соған құрылуға тиіс. Қала берді, сол муфтиятты осында көшіріп алу мәселесі де қабырғасынан өткір қойылмақ. Хазіреті муфтилеріміз сақырлаған саясат пен суықтық ортасында, Қытай мен АҚШ елшіліктерінің жанында астанада нағып отыр? Ана дүниелік шаруаны қамдаған шын діндардың орны, діңкеш болмаса жылы да шуақты осында емес пе? Әулиелердің тізбегіне жалған да, құлшылығыңды қылып, тәспіңді тартып, бес парызыңды орындап, құдайдың сүйгені болып отырғын. Не кедергі?
Одан соң және қайталап айтамын: рухани туризмді күшейту. Түркістанда кәдімгі ойын-сауық кешендерінен гөрі, әлемдік деңгейдегі діни форумдар, ғылыми конференциялар өтетін орталықтар ашылуы керек. Негізінде, бұлар баяғыда атқарылуға тиіс істер. Қазір «керек» деп емес, «керек еді» деп сөйлегеніміз дұрыс-ау.
Тағы бір маңызды тұс – сәулет концепциясын қайта қарастыру. Әлгіндегі жанкешті депутат Абзал Құспандар мұрындық болып қабылданған заңнама ең болмағанда осы жағын реттейді деп сенемін. Түркістан өзіне тән түркілік-мұсылмандық стилін сақтауы тиіс. Бірақ далалық коларит те ұмыт қалмауы тиіс. «Ислам осы екен» деп, көзсіз еліктеушілікке құралған арабтық үлгілердің қажеті жоқ. Сөйте тұра, жайлылығы мен ыңғайлылығы жағынан заманауи қалаға да айналуы керек. «Керек еді!».
Бұлардың ішіндегі аса маңыздысы, ескі де таныс жыр – Ясауи мұрасын жандандыру. Айтып өткенімдей, Түркістан тек туристік қала емес, білім мен ғылым орталығы болуы тиіс. Бір Ахмет ата атындағы халықаралық қазақ-түрік университеті қай жыртыққа жамау болады? Сондықтан, осында жаңа оқу ордалары, сондай-ақ әлемнің түкпір-түкпірінен ғалымдар келіп, зерттеу жүргізетіндей мүмкіндіктер жасалуы керек. «Керек еді!».
– Егер дәл қазіргі үрдіс жалғаса берсе, Түркістанның болашағы қандай болады?
– Егер жағдай өзгермесе, Түркістан өзінің рухани орталық ретіндегі рөлінен біртіндеп айырыла бастауы мүмкін. Әу басында «Шауғар», сосын «Ясы», Есімхан заманында түркілік пен мұсылмандықтың басын тең ұстап, «Әзіреті Түркістан» болған болса, енді ол қарапайым саяхаттық маршрут, банальді шопинг аймағына айналады. Бұл оның тарихи миссиясына мүлде сәйкес келмейді. Біздің жанайқай сол мәселенің жанайқайы. Не аянып тұратыны бар, мұның несін жасырамыз?!
Түркістанның орталығына барып, «Оңға бұрылсаң, рухани ләззат аласың, солға бұрылсаң, дүние қызығына батасың» деп келім-кетім елдің әзілдей бастауы да идеологтардың топырақ ләмін, жер киесін сезінбейтіндігінен хабар беріп тұр. «Құдай төбеден қос қолдап ұрды» деген, осы. Сауда, ойын-сауық, «Гуляй, Вася» комплексінің қоршауында қалып, тарихи-руханилығын кемітіп, қасиетті кесенені кезекті атракционға айналдырудың соңы немен бітер екен? Мұны орыс та болса осында жасаған сапарында блогер Илья Варламов өте шебер атап өтті.
Егер біз дұрыс жолды таңдайтын болсақ, Түркістан мүлде басқа деңгейге көтеріле алады. Ол түркі әлемінің рухани, мәдени, ғылыми орталығына қайта айналуы мүмкін. Бәлкім заман бір айналып, Тұранның астанасы да болып қалар. Бірақ, бұл үшін әзірден дұрыс қадамдар жасалуы қажет. Тап қазіргі дұрыс қадам – Түркістанды қайта концептуализациялау. Яғни қалада нақты идеологиялық бағдар болуы керек.
– Кейбіреулер Түркістанның соңғы онжылдықтары руханиятпен емес, криминалмен аты шыққанын баса айтады. «Астарлы ақиқат» хабары кейіпкерлерінің өзі неге тұрады! Қала бұл имиджді қалай жеңе алады?
– Тарихи тұрғыдан алғанда, Түркістан әрдайым күрес алаңы болған, ал кез келген қылмыстық құбылыстар – бұл қаланың да, жалпы аймақтың да табиғатына тән нәрсе емес. Бұл кейінгі әлеуметтік-экономикалық қиындықтардың салдары. Экономиканы дамыту, зиярат пен туризм саласын ілгерілету, халықты жұмыспен қамту деңгейін көтеру – ондай-ондайдың азаюына тікелей әсер етеді.
Түркістанның тарихы – асқақ рухтың тарихы. Егер белгілі бір кезеңдерде ол әлеуметтік қиындықтармен астасқан теріс ұғымдармен байланысты болған болса, «бұл тек уақытша құбылыс» дер едім. Бұл қаланың шынайы болмысы – нұр, ілім-білім және ізгілік.
Ал осының бәріне қарамастан, Түркістанда өмір сүргеннің, топырағында жүрген мен тұрған, аспаны астында тыныстағанның шайтан мен нәпсі жетегінде кетіп, илаһи мән-мағына таппай өтуі – ұлы өкініш.
– Енді сұхбатымызды қорытындыласақ, Түркістан дегенде нені ұмытпау керек? Бәрінен де нені жад тұту керек?
– Түркістанның болашағы баршаның, дәлірегі жоғарыдағылардың қабылдайтын шешімдеріне байланысты. Егер біз оны ойын-сауық немесе сауда орталығы ретінде дамытсақ, онда оның тарихи тізбегі мен сакральды мәнін жоғалтамыз. Ал егер біз оны шынайы рухани астанаға қайтара айналдырып, киеленуі жолында жұміс істесек, ол тек Қазақстан үшін ғана емес, күллі түркі әлемі үшін маңызды орталық бола алады. Ислам әлемі «Түркі мұсылмандығының құлпын ашу үшін, кілтін Түркістаннан ізде» дейтін күн сонда туады. Түркістан сыры халық рухын көкпен сымсыз жалғап тұр. Содан көз жазып қалмайықшы! Ол – сыртқа қарауға мың терезесі, ішке кіруге бір есігі бар ерекше аумақ. Осыны ұмытпайық!
Қасіреттің зоры, ел басшыларының Түркістан шыңын бастағы көзбен көре алмай тұрғанында. Бұл жүрекпен ұғып, ішпен білетін нәрсе. Бірақ оны да пайымдауға нұрлы ақыл керек. Әнебір ұлық кісінің де хандардың жанына жатқысы келіп, бір кездері дайындық жүргізгені тегіннен тегін бе? Бәрібір, іштей сезеді ғой, сезеді. Бұл жақта туғанның да, өлгеннің де бағы бар. Тек қадірін білмей жүрміз.
Білгішсініп кетті демессіз, Түркістан – бұл қазаққа деген құдайдың түзу есебі. Әйтпесе, Тәшкент, Нұрата секілді өзгенің қанжығасында кетсе не істер едік?
Бәрін айт та бірін айт, желмаясымен жер шолған Асанқайғы қайта тіріліп кеп, ендігі Түркістан шәрін көргендей болса, не дер еді? Бұрындары «мазар, базар» деп ұнатпай кеткенін білеміз. Тағы келсе, ұялып қалмайтындай ету керек емес пе?
Бұл – тек биліктің емес, бүкіл қоғамның да жауапкершілігі. Жоғарыдағылар өзі біледі деп қарап отыруға да болмайтынына куәміз. Әлгі атақты төбелескіш актер секілді «Ол жақта шаруам жоқ, әркім өз ісімен айналыссын» деуге де болмайтын көрінеді. Өзі білген жерінің нендей салдарға соқтырғанын көрдік қой. Әйтеуір, кеш те болса ес кірді. Мәртебеге қатысты тиісті де қажетті шешімдер дер уағында қабылданды.
Түркістан – біздің өткеніміз, қазіргі барымыз бен нарымыз және ертеңгі болашағымыз. Мұны әрдайым айтып жүремін. Иә, пайғамбар да, әулие де емен. Бір жерде артық, енді бір жерде кем айтармын. Қалай дегенде де, онсыз Қазақстанды тұтас мемлекет ретінде толыққанды танып түсіну мүмкін емес. Бұл – ұлтты қалыптастырып, оны біріктірген қасиетті мекен. Мемлекеттігіміздің алдаспанын соғып шыққан ұстахана. Күш кеңістігі ретінде еткен қызметі ұшан-теңіз.
Марқұм ақсақал Мекемтас Мырзахметовтің: «Жаһандануға жұтыла бастадық. Жұтылмау үшін Оңтүстік намысы, Түркістан рухы керек», – деп айтқаны есте. Сол орталық рухпен қайта қауышсақ, жаман ба?!
Рухани орталығы жоқ халық – жады жоқ халық. Ал Түркістан – біздің тарихи жадымыз. Ол бізге ұлт ретінде кездейсоқ қалыптаспағанымызды, терең тамырымыз, ұлы мәдениетіміз бар екенін әйгілейді. Көк күмбезі алыстан менмұндалап көзге түскен сайын қайта бой жиғызатын, ұлыстық ұлылығымызды оятуға қойылған ескертпе маяк тәрізді. Түркістанның жұлдызы жоғары! Түркістан аман болса, қазақ та аман. Мұнда ертегі мен ғажайып тірі. Жанға бальзам, тілі мір, күші піл. Елбасылар сәл ынсап қылса, болашағы сары шор алтынға айналғалы тұрған, күнді сүйген, алтын тәж киген асыл қала!
– Сұхбатыңызға рақмет!
Дана Нұрмұханбет