Басып шығару нұсқасы
15.10.2016, 09:16

Түркiстанда жасалған көлік

Түркістанда ерекше көлік құрастырып шығарды, деп хабарлайды okg.kz

Түркiстан шахары саяхатшыларды өзiне қарай тартып тұратын елiмiздiң басты туристiк аймақтарының бiрi екенi белгiлi. Қ.А.Ясауи кесенесiн, тарихы ғасырлардан сыр шертетiн құнды жәдiгерлердi тамашалауға келетiн жұртшылықта бүгiнде есеп жоқ. Көне шахар – бармағынан бал тамған қолөнер шеберлерiнiң отаны. Күн санап ажарланып, көркейiп келе жатқан қалада өнертапқыштар да баршылық. Соның бiр дәлелi ретiнде жанар- жағармайсыз сағатына 130 шақырым жол жүретiн көлiктi айтуға болады. Иә, келер жылы Астанада өтетiн әйгiлi «ЭКСПО–2017» халықаралық мамандандырылған көрмесiнiң сәнiне айналатын бұл ғажап туындының киелi шахарда құрастырылуы түркiстандықтар үшiн зор мәртебе.

Көлiктi ойлап тапқан Қ.А.Ясауи атындағы халықаралық қазақ-түрiк университетiнде қызмет атқарған С.Чайыр. Ол өзi құрастырып шығарған «темiр тұлпары» «ЭКСПО–2017» көрмесiнде көпшiлiктiң қызығушылығын оятарына сенiмдi.

«Бұрын да қолдан көлiк құрастыратынмын. Бiрақ мына автомобильдiң технологиясы ерекше болды. Шағын көлiктiң iшкi салонында барлық жағдай жасалған. Тiптi, салқындатқышқа дейiн орнатылған. Көлiк қозғалғанда артқы жағын көрiп отыратын монитор да бар. Күн көзiнен қуат алатын автомобиль батареяның күшiмен жүредi. Сыртқа көмiрқышқыл газын шығармайтындықтан экологияға, қоршаған ортаға ешқандай зиян әкелмейдi» дейдi өнертапқыш.

Көлiктi жасауда К.Ахметов пен А.Жарылқасыновтың көмегi көп болды. Сондықтан бұл шәкiрттердiң еңбектерiн ерекше атап өту орынды.

Әбдiрахман ҚЫДЫРБЕК

Ұқсас сілтемелер