Бердібек Сапарбаев 12 жастағы шабандозға көлік сыйлады
25.10.2016, 09:49

Бердібек Сапарбаев 12 жастағы шабандозға көлік сыйлады

Ақтөбеде Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұлттық ат спорты түрлерінен республикалық чемпионат өтті, деп хабарлайды baq.kz.

Аударыспақ, Көкпар тарту, Теңге алу, Қамба ату мен Аламан бәйгеде жеңімпаз атанған жүйріктерді облыс әкімі Бердібек Сапарбаев марапаттады. 1-орын алған Алға ауданының шабандозы Қадір Әміржанов көлік мінді. Аламан бәйгеде 2-орынды Әйтеке би ауданы алса, үшінші болып Қобда ауданының шабандозы келді. Оларға қаржылай сый берілді, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.

 Ақтөбеде ұлттық ат спорты түрлерінің республикалық чемпионаты ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні мәресіне жетті. Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай ұйымдастырылған шара кезінде орталық ипподромға мыңдаған ақтөбелік жиналып, астық жинау науқанының аяқталуын атап өтті. Мереке кезінде өңірдегі диқандар, еңбек озаттары, ардагерлер «Құрмет» орденімен, «Еңбек ардагері» медалімен, ауыл шаруашылығы министрінің, облыс әкімінің грамоталарымен марапатталды.

«Ақтөбеде астық жинау науқаны аяқталды. Биыл өңір 25 жылда болмаған жетістікке қол жеткізді. Егін бітік шығып, гектарына 13 центнерден өнім жиналды. Ақтөбе шаруалары қамбаға 440 мың тоннадан астам астық құйды. Әсіресе, Әйтеке би ауданы шаруаларының жұмысы жемісті болды»,- деді облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Қаржаубай Ыбырайымұлы.

Айта кетейік, ауыл шаруашылығы қызметкерлерінің күні Ұлттық ат спорты түрлерінің республикалық біріншілігі қорытындыланды. Жамбы ату, Теңге ілу, Көкпар, Аламан және Тоқ бәйгеге еліміздің 9 облысынан 150-ге жуық жүйрік шабандоз қатысты. Тартысты бәсеке қорытындысында Көкпардан 1-орынды Оңтүстік Қазақстан, 2-орынды Жамбыл облысы, 3-орынды Маңғыстау мен Ақтөбе облыстары иеленді. Тоқ бәйге жүлделерін Ақтөбенің Әйтеке би, Қобда аудандары мен Қостанай облысы өзара бөлісті. Аламан бәйгеде Ақтөбе облысы, Алға ауданының 6-сынып оқушысы Қадір Әміржанов топ жарды. Өңір басшысы 12 жасар шабандозға көлік сыйлады.

«Ұлттық спорт түрлерін насихаттау жұмысы әрі қарай жалғасуы тиіс. Әсіресе, өскелең ұрпақтың ата-бабадан келе жатқан дәстүрімізді құрметтеп, ұлттық ат спорты түрлерін біліп өскені жөн. Алдағы уақытта өңірде ауқымды іс әрі қарай жалғасады. Қазіргі уақытта ипподром жанынан иппотерапия орталығы ашылып, жұмыс істеп тұр. Емге мұқтаж 112 бала тіркеуде тұрса, олардың 20-дан астамы тұрақты ем қабылдап жүр. Тіпті, қажетті атты сатып алу жұмыстары жүріп жатыр»,- деді өңір басшысы Б.Сапарбаев.

Айта кетейік, Тоқ бәйге жеңімпазына 1 миллион теңге, Көкпарда топ жарған спортшыларға 300 мың теңге, Аударыспақ ойынының жеңімпаздарына 30 және 20 мың теңге сыйақы берілді. Сондай-ақ, ҚР Ұлттық спорт федерациясының төрағасы Б.Тілеуханов ұлттық спортты қолдап жүрген облыс әкімі Бердібек Сапарбаевқа өз алғысын жеткізді.

Алтынай САҒЫНДЫҚОВА

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер