Басып шығару нұсқасы
16.08.2016, 02:45

Отгонцэцэг деген нені білдіреді?

Рио-де-Жанейро Олимпиа­дасында Қазақстан құрамасының қоржынына алғашқы жүлдені дзюдошы қыз Отгонцэцэг Галбадрах салғанда бүкіл қазақстандықтардың оның атын дұрыс айта алмай тіл сындырғаны есімізде. 

Легионер балуан қыз әлемдік жарыстың бірінші күнінде қола медальге ие болды. Сөйтіп Бразилия аспанында Қазақстанның Әнұранын асқақтатып, Туын желбіретті. Олимпиададағы өнерін көріп отырып осы бір сүйкімді монғол аруына аса риза болдық.

Отгонцэцэг Қазақстан азаматтығын өткен жылы жазда алған екен. Бұған Қазақстан мен Монғолия дзюдо федерацияларының өзара жасас­қан ынтымақтастық келісімінің негізінде қол жеткізілген көрінеді. Содан бері ол дзюдодан Оңтүстік Қазақстан облысының құрама командасында өнер көрсетіп келеді.

Дегенмен, оның отандастарымызға тәсілқой күресімен ғана емес, таңсық аты-жөнімен де етене таныс бола түскенін жасыра алмаспыз.  

Ал оның аты нені білдіреді дегенге келер болсақ, бұл да бір әдемі есім екен. Яғни монғол тлінен аудар­ғанда «отгон» – «отбасы сақтаушысы, қорғаушысы» деген сөз, «цэцэг» – «гүл» деген ұғым береді, деп жазады zamana.kz.

Жалпы, монғолдарда да біздегідей қыздың есіміне «гүл» деген жалғау қосылатын үрдіс бар-мыс. Мысалы, қыздар арасында Баярцэцэг (сөзбе-сөз аударғанда – Қуанышгүл), Ұланцэцэг (Қызылгүл), Цаганцэцэг (Ақгүл), Энхцэцэг (Бейбітгүл), Уранцэцэг (Шебергүл) деген сияқты есімдер жиі кездеседі.

...Қысқасы, Отгонцэцэг қазақстандықтарды бір қуант­ты. Ол өзінің негізгі мақсатына – Олимпиада медалін жеңіп алуға қол жеткізді. Ендігі мақсаты – 2020-жылғы Токио Олимпиадасында бұдан да жоғары көрсеткішке жету.