Басып шығару нұсқасы
29.03.2018, 14:04

Головкин-Альварес реваншына сатылған билеттер қайтарылуы мүмкін

Лас-Вегастағы T-Mobile аренаның тең иегері болып табылатын MGM Resorts International компаниясы 5 мамырға жоспарланған Геннадий Головкин-Сауль Альварес реваншына билеттердің ақшасын толықтай қайтаруға дайын, деп хабарлайды «ҚазАқпарат» ХАА Sports.kz-ке сілтеме жасап.

Жекпе-жек Альварестің допинг-сынамасы оң нәтиже беруіне байланысты кейінге қалдырылуы немесе мүлдем болмауы мүмкін.

Бұдан бұрын мексикалық боксшы Невада штаты Атлетикалық комиссиясының (NSAC) шешімімен спорттан уақытша шеттетілген еді. Оның бұдан арғы тағдыры аталған комиссияның 10 сәуірде өтетін отырысында белгілі болады. MGM Resorts International компаниясы жанкүйерлер билетке жұмсалған шығынды өтеуді талап еткен жағдайда, оны алғашқы сату нүктесінде толық көлемде қайтаруға дайын екендігін мәлім етті. 

Еске салсақ, наурыз айының басында Сауль Альварестің қанынан тыйым салынған препарат табылды. Оның мүддесін қорғайтын Golden Boy промоутерлік компаниясы бұл ақпаратты растады. Головкин мен Альварестің реваншы ағымдағы жылдың 5 мамырына жоспарланған.

 

Ұқсас сілтемелер