Басып шығару нұсқасы
03.09.2016, 14:08

Ислам Каримов Самарқандтағы Шахи-Зинда зиратында жерленді

Өзбекстан Президенті Ислам Каримов Самарқандтағы Шахи-Зинда зиратында жерленді, деп хабарлайды "Хабар" агенттігі.

Жерлеу рәсімі Регистан алаңында өтті. Мүфти Усманхон Алимов жаназа намазын оқып, мыңдаған ер адамдар жерлеу рәсіміне қатысты.

Артынша Президенттің оралған денесін 2 км қашықтықта орналасқан Шахи-Зинда зиратына адамдар қолдарымен көтеріп апарып, жер қойнауына тапсырды.

Осы зиратта Ислам Каримовтың ата-анасы жерленген.

Естеріңізге сала кетейік, жұма күні кешке Өзбекстан билігі Ислам Каримовтің қайтыс болғаны туралы хабарлады. Хабар барлық телеарналардың эфирінде айтылды. 

Сондай-ақ ресми хабарламада медициналық комиссия биологиялық өлім уақытын 2 қыркүйек күні сағат 20:55-те тіркегені айтылған. 

Өзбекстанда үш күндік аза тұту жарияланды.

ҚР Президенті Өзбекстан басшысы Ислам Каримовтің қайтыс болуына байланысты көңіл айту жеделхатын жолдап, бауырлас Өзбекстан халқына қатты қайғырып көңіл айтты. 

Ал Премьер-министр Кәрім Мәсімов бастаған делегация Елбасының тапсырмасы бойынша Самарқандтағы жерлеу рәсіміне қатысты.