Басып шығару нұсқасы
08.11.2019, 21:10

Т.Әбуов: Салт-дәстүрлер тәрбиеге ғана емес, тәртіпке де негізделген

Салт-дәстүрлер тек қана тәлім-тәрбие ғана емес, бұлжымас тәртіпке де негізделген – дейді «Kazislam» ақпараттық-ағартушылық порталының редакторы Тұрар Әбуов Дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша журналистерге арналған тренингте.  Бұл туралы kazislam.kz порталында жарияланды, деп хабарлайды silteme.kz АА.

«Мәселен, әруақты сыйлау туралы бір ғана сөзбен тоқталсақ, бұл жерде мәселе марқұмның жетісі, қырқы, жылын атап, мал союда ғана емес, мәселе – ағайын туыс, құда-жегжатқа көңіл айтып, қайғысына ортақтасуда. Ойлап көріңізші, кісісі өліп қаралы болған туысына, досына Атыраудан – Алтайға, Қызылжардан – Қызылордаға келетін кім? Ол – қазақ. Топырақ салысуға үлгерейік немесе жетісінде бет көрісейік, қырқына барамыз деп, бет көрмесе мынау тірлікте өзін кінәлі сезінетін халық кім? Сол біздің – қазақ. Өлімнің артын күтудің өзі – қазақ үшін бірлік пен берекенің, ұят пен ардың нышаны. Ендеше арыдан ойлар болсақ, осылардан қол үзсек халқымыздың тұтастығына сызат түспей ме!» — дейді дінтанушы Тұрар Түгелұлы.

«Әдет» сөзі адамдар арасында көп қайталанатындықтан дағдыға айналған істер. «Ғұрып» деген – адамдарға үйреншікті болған іс-әрекет. Әдет және ғұрып сөздерінің мағынасы бір десе болады. Ал «Дәстүр» ереже, заң дегенді білдіреді» — дейді Тұрар Әбуов.

Дәріскер Тұрар Түгелұлы: «Ұлыстың ұлы күнін тойлау да, жеті атаға дейін қыз алыспау да, тәбәрік тарату секілді ғұрыптар әрине, мұсылман дінінде нақтылап айтсақ араб халқында жоқ. Сонда бұлар арабтарда жоқ екен деп біз бас тартуымыз керек пе? Әлде, жеті атадан бері қыз алысып – беріспейтін дәстүрімізді тәрк етуміз керек пе? Ендеше біздің дәстүр-салтымыздың бәрі мұсылман дінінен ауытқушылық немесе қарсылық емес, ежелден қалыптасқан әдет-ғұрып. Сол әдет-ғұрыптың бәрі де мұсылман дінімен ымыраласа жүріп жатқанын байқаймыз» – деді.

Дін саласындағы мәселелерді жариялау бойынша журналистерге арналған тренингте Тұрар Әбуов «Дін мен дәстүрдің сабақтастығы» тақырыбында дәріс оқыды. 

Ұқсас сілтемелер