Басып шығару нұсқасы
13.12.2018, 18:25

«Дала академиясының түлектері» атты республикалық конференция болып өтті

Бүгін ҚР Тәуелсіздік күні, Астана қаласының 20 жылдығына орай «United Citizens Fund» қоғамдық қорының қолдауымен ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институты және «Bilim-orkeniety» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығы бірлесіп ұйымдастырған «Дала академиясының түлектері» атты республикалық конференция болып өтті, деп хабарлайды silteme.kz AA.

Шараның басты мақсаты – Елбасы Н.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында айтылған «Ұлы даланың ұлы есімдері» бастамаларына атсалысып, қазақтың символдық капиталы саналатын әрі халықаралық аренада мемлекетіміздің тиімді ілгерілеуіне септігін тигізу әлеуетіне ие, әлемге білім мен білігі арқылы танылған ұлы тұлғалар шоғырын паш ету.

Аталған мақалада: «Көпшіліктің санасында тарихи үдерістер, негізінен, тұлғаландыру сипатына ие болатыны белгілі. Көптеген халықтар өз елінің ерекше елшісі сынды ұлы бабаларының есімдерін мақтан тұтады» делінгені белгілі. Өз кезегінде, бұл шара да сол «тарихи үдерістерді» дара тұлғалар арқылы білім салтанаты тұрғысынан саралауға деген талпыныстың көрінісі.

Осыны баса айтқан конференция модераторы, ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институтының бөлім жетекшісі, т.ғ.д. Ғани Қарасаев ата- бабаларымыздың бүгінгі озық деген елдер әлі «қалың ұйқыда» жатқанда, әлемге өзгеріс әкелген талай формациялық-техникалық жаңалықтар ойлап тауып, өркениеттің дамуына зор үлес қосқанын атап өтті.

«Ұлы даладан шыққан кей құрал-жабдықтар мен өнертапқыштықтарды, ұғымдарды адамзат баласы әлі күнге дейін пайдаланып келеді. Мемлекет басшысы айтқандай, көне жылнамалар бүгінгі қазақтардың арғы бабалары ұлан-ғайыр Еуразия құрлығындағы саяси және экономикалық тарихтың беталысын талай рет түбегейлі өзгерткені туралы сыр шертеді. Әрине, мұның барлығының да «Дала академиясынан» білімі мен білігін шыңдап шыққан ұлы тұлғалар арқылы жасалғаны анық. Алысқа бармай-ақ, «Екінші ұстаз» атанған Әл-Фарабидің біздің өлкеден түлеп ұшқанының өзі-ақ көп жайдан хабар береді», - деді ол.

Бұл орайда «United Citizens Fund» ҚҚ төрағасы, мәдениеттанушы-лингвист Абылайхан Қалназаров баяндама оқып, онда Ұлы Дала тұлғаларының әлемге негізінен жиһангерлерімен танылғанын және олардың тек әскери жағынан қолбасылар ретінде біржақты қарастырылатынын айтты.

«Еділ қаған, Күлтегін мен Тоныкөк, Шыңғыс пен Темірлер, одан бергіде қаншама хандар мен бектер ғылым-білімнен кенде болмаған. Аталарымыздың басқалардан алапасының артқаны, ең алдымен, білімі мен білігінің, ойлауының артықтығы, дала жұртының сол замандардағы озық технологияларды меңгергендігінің арқасы. Үстімізден «Жібек жолы» өтті деп жатамыз. Осындай мықты транзиттің жанында отырып, ордалы елдің мәдениеттен кенде қалуы мүмкін емес. Біз өркениеттердің диалог алаңы едік. Ал бұл алып қана қоймай, өзіңнің түрлі ноу-хауларыңды нарыққа шығаратын табысты орын еді», - дей келе, ол ендігіде тарихымыз бен мəдениетіміз, өркениетімізге келесідей 5 ұстаныммен қарау керектігін айрықша атады.

Біріншіден, біз қорғанушы ғана емес, шабуылдаушы халық болғанбыз.

Екіншіден, біз қиратушы ғана емес, салушы халық болғанбыз.

Үшіншіден, біз тұтынушы ғана емес, өндіруші халық болғанбыз.

Төртіншіден, біз өркениеттен алып қана қоймай, дамуына үлес қосқан халық болғанбыз.

Бесіншіден, біз геосаяси əлемде көрермен ғана емес, негізгі ойыншы халық болғанбыз.

Бұдан бөлек, жиын барысында Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың оқытушысы, тарих ғылымдарының докторы Мақсат Алпысбес, елімізге танымал журналист, «Ерекше көзқарас» бағдарламасының жүргізушісі Зейін Әліпбек сөз алып, қазақ тарихына еуроцентристік, көшпенділерді білім-ғылымнан, жаңашылдықтан мақұрым жұрт ретінде қарастыратын әдістемеден бас тартуымыз керектігін бірауыздан айтты.

«Дала академиясы» түсінігі тұтас алынып, заманауи ғылым тұрғысынан қарағанда түсінікті бола түседі. Технологиялық, қоғамдық секірістерге негіз болған зор мәдени-инновациялық жетістіктер даламызға сырттан енген жоқ. Олардың басым бөлігі осы дала ареалында пайда болып, дала түлектері тарапынан ілгерілетіліп, батыс пен шығысқа, әлемнің түкпір-түкпіріне таралды. Соңғы жылдары табылып жатқан құнды жәдігерлер ата-бабаларымыздың өз дәуірлеріндегі ең алдыңғы қатарлы жаңалықтарға тікелей қатысы барлығын айғақтайды. Не де болса, Ұлы Даланың жаһандық тарихтағы орнына ұлттық көзқараспен қарайтын уақыт келді», - деп түйіндеді З.Әліпбек.

Шара соңында еліміздегі білім мекемелері арасында ұйымдастырылған «Жылдың үздік ұстазы – 2018» атты республикалық байқауының «Еңбек жолым және білім берудегі жаңашыл тәсілім» тақырыбына жазылған үздік эсселер жинағы таратылып, аталған байқау жеңімпаздары марапатталды.

Бір айта кетерлік жайт, аталған марапат қағаздарындағы мәтін әдеттегіше кириллицада емес, жаңа латын әліпбиімен жазылып берілді жәнеден мұның Елбасының 2025 жылдан бастап латын қарпіне көшу тапсырмасына орай жасалып жатқаны айтылды.

Сондай-ақ, қатысушылар тарапынан осы шараның жоғарғы деңгейде өтуіне үлес қосқан «Bilim-orkeniety» ұлттық инновациялық ғылыми зерттеу орталығының жетекшісі Әзірет Сатылғановқа зор алғыс білдірілді.

Ескерте кетейік, іс-шараға ҚР БҒМ Ғылым комитеті Мемлекет тарихы институты қызметкерлері, Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ ғалымдары, докторанттар, білім беру ұйымдарының оқытушылары, мұғалімдер қатысты.

Ұқсас сілтемелер