Басып шығару нұсқасы
28.11.2018, 08:07

Казактар қайдан шыққан – Р.Ахметовтың алтынордалық версиясы (ІІ бөлім)

Казактар қайдан шыққан – Р.Ахметовтың алтынордалық версиясы (ІІ бөлім) Фото: kvzn.zp.ua

Казактардың Алтын Ордадан шыққандығы Ресейдің аса қатаң сақталған (әлі де солай) құпияларының бірі болды. Ақиқатты түсініп, өздерінің түріктерден тарағанын еске түсірмеу үшін  ресей филологтары «хетман» (орысша – гетман) сөзін немістің «хауптман» (капитан), мичман сөзін ағылшынның «мидшифман» сөзінен шығарады. «Булаву» сөзі күлкілі болса да «булла» (лат. «була» - көпіршік, кішкентай шар) – ватикандықтардың кішкентай шар-мөрлерімен бекітілетін грамоталарымен ұқсастырып қойған. Ал «атаман», «кошман», «курень атаманы», «есаул» және түрік, моңғол сөздерінен шыққан басқа да атауларды айналып өтеді.

Казактар дегеніміз кімдер? Халықтық атауларымыздағы ұқсастықтарды немен түсіндіруге болады? Бізбен қандай байланысы бар? Олардың өзін-өзі басқару жүйесі мен тұрмыстық ерекшеліктеріндегі түркі-моңғолдық белгілердің түп-тамыры қайда?

Бұл сауалдарға біз өткен жолы Р.Ахметовтың «Скифтерден татарларға дейін» атты зерттеу кітабы мен өзге де отандық қайнарлар негізінде жауап беруге тырысып көрген болатынбыз. «Бақсақ бақа екен» демекші, олардың пайда болуына түрткі болған саяси себептерді де талдағандай болдық. Енді сол баянымыздың заңды жалғасына назар аударыңыз.

                                     ***

Басы мұнда...

...Осы тұста ғалымның казактар лексиконындағы бірқатар кешендік сөздердің филологиялық талдамасын атап өтпей болмайды. Оның дәлелдеуінше, «Атаман» (қазақша, ноғайша, татарша) сөзін тура мағынасымен де, ауыспалы мағынасымен де «тірі ата» деп аударуға болады. Тағы бір ұқсас нұсқа - «әкесіне ұқсас» (ман – ұқсас, сәйкес – мысалға, мұсылман және т.б.). Гректерде де «мания» (құштарлық, ессіздік, шаттық) сөзінен шыққан «ман» (балетоман-балетомания, т.б.) сөз тудырушы жалғау бар. Бірақ, мұндағы ман (құман тілі) сөзі мағынасы жағынан – қу (аққу) адам, басқару құзіреті бар адам, көшбасшы, «куман –дир» (бұйрық беруші ер адамдарға – «мандир») дегенге келеді. Алғашқы сәтте «ман» сөзі герман-остготтардан келгендей көрінуі мүмкін. Бірақ, ол керісінше ғұндардан германдықтарға сіңген болуы мүмкін. Немесе герман топтарының тіліндегі «ман» (адам) сөзімен  жай ғана сәйкестік болуы да мүмкін».

 

Фото: moiarussia.ru

 

Тағы бір атап өтерлік жайт, ғалымның версиясында «Командир» және басқа да сөздер батыс-еуропа елдерінде ғұндардың шапқыншылығынан кейін пайда болды. Және «маневр» сөзі  француз тіліне ғұн-аварлардан (ман авер, ман аверляну – сөзбе-сөз «командалық түрлендіру», басқа нұсқада – сарбаздардың орын ауыстыруы) келген. Мысалы, «Ман-мандар-мандир» түбірі қытайдың «мандарин» (бастық, басшы) сөзінде де кездеседі.

Дәл осы жерге өзіміздің «бес тиынымызды» қосар болсақ, «Манның» көне еуразиялық бірлік екенін де ескермеуге болмас. Дәл осында түбірі бар түрік және татар сөздері де бар – түркман-түркімен, газман (төменгі командир), қаһарман (батыр), «мич»ман (үлкен,  ортақ «мич» - қазан, үлес бойынша үлкені), шаман («шабаш»ты бастаушы), утман (ойындағы бастаушы), коломан (қала басшысы «кала» - қала), аламан (бәйгедегі дарабоз). Осыған ұқсас мағына беретін сөздер өте көп. Демек, мұның нұсқалары да бірнешеу болуы заңды. Бірақ, мағынасы бойынша бұл әскер басыларының әртүрлі деңгейдегі атағына сәйкес келеді: атаман (ата-әке, аға командир), кошман (кош командирі). Хетман – шекара әскерлерінің басшысы(хет-шекара, шек, қауіпті аймақ). «Хет, хут,хят» түбірлері татарларың басқа сөздерінде де кездеседі. Әсіресе, «хятар» - қатер, қауіп мағынасында жиі қолданыста. Бұл украин сөздеріндегі «хеть» (қуу, шектен асырып қуалау) түбірімен де сәйкеседі.

Жоғарыда атап өтілген деректерді қуаттай отырып, Р.Ахметовтың мына сөздерге берген жорамалдары да назар аударарлық.

«Бұл халықаралық «хутор» («тор»- өмір сүр, тұр, жалпы алғанда қауіп-қатері көп жерде өмір сүру) сөзінде де кездеседі. Дыбысталуындағы айырмашылық қыпшақ-татар тілдерінің диалектісі мен татар және қазақ әріптерінің кейбіреулерінің орыс әліпбиінде кездеспеуімен байланысты. Бір қызығы, «лябя» (құп, бағынамын, бұйрықты орындаймын)  сөзі «любо» (келісемін, ақылға қонымды, «сүйіктім» сияқты қараймын) сөзіне айналып кеткен сияқты» деп топшылайды ол.

«Казактардың Алтын Ордадан шыққандығы Ресейдің аса қатаң сақталған (әлі де солай) құпияларының бірі болды. Ақиқатты түсініп, өздерінің түріктерден тарағанын еске түсірмеу үшін  ресей филологтары «хетман» (орысша – гетман) сөзін немістің «хауптман» (капитан), мичман сөзін ағылшынның «мидшифман» сөзінен шығарады. «Булаву» сөзі күлкілі болса да «булла» (лат. «була» - көпіршік, кішкентай шар) – ватикандықтардың кішкентай шар-мөрлерімен бекітілетін грамоталарымен ұқсастырып қойған . Ал «атаман», «кошман», «курень атаманы», «есаул» және түрік, моңғол сөздерінен шыққан басқа да атауларды айналып өтеді» деп жәнеден кейіс білдіреді ғалым.

Казактардың мұрт және моңғол балалары сияқты айдар қойып жүргені белгілі. Р.Ахметов мұны олардың дәрежесі қатардағы жауынгерлерден төмен болғанымен түсіндіреді. Осы кемшілікті түзеу үшін олар үнемі жаттығып, әскери дайындықта жүрген. Казактар «майдан» сөзінің (татарша – «атаққа жететін жер») сөзінің 1) соғыс орны; 2) соғысқа жаттығу және психологиялық дайындық орны (жаттығу алаңы, алаңқайы, мәртебемен шеру алаңы деген екі ауыспалы мағынасы бар) тура мағынасын  ұмытып қалды.  Бірақ «әскери дайындық» рухы ғасырлар бойы қалыптасты.

«Казактар тек арнайы тапсырманы орындаған кезде ғана жалақы алды. Бірақ, пайдаланған жерлері мен шаруашылықтары үшін салық төлеген жоқ. Казактарды хан ордаларын күзету үшін пайдаланған жоқ және олар жиі-жиі болып тұратын (ХІV-ғасырдың екінші жартысынан бастап) көтерілістерге мүлдем дерлік қатыспаған. Сондықтан таққа таласқан мұрагерлердің туыстас жауынгерлері өзара қырқысып, майдан даласында қырылып жатқан алтынордалықтардың жанжалдарына қарамастан казактардың саны көбейе берді. Құлаған Алтын Орданың орнында пайда болған хандықтарда да казактардың үлес салмағы өте аз болды. Осы ерекшеліктерін қарап, өз рулары мен тайпаларынан күшпен алыстатылған казактарда мемлекет құруға деген құлшыныстың не үшін аз болғанын түсінуге болады. Бұл жасақтардың ұйымдасуындағы ең маңызды ерекшелік –командирлерді таңдау болды. Осындай ерекшеліктерінің арқасында Мамай мен Идегей (Едіге) төменгі дәрежеден жоғары дәрежеге жетті. Алайда олардың психологиясы мемлекетті сақтап қалу мүддесімен сәйкес келмейтін еді. Екі көшбасшы да Алтын орданың құлауына өз үлестерін қосты. Дәл осы психология әуелі татар, кейіннен Ресей казактарының өз мемлекеттерін құруға мүмкіндік бермеді. Мемлекет құру үшін күш пен кең жеріңнің болуы жеткіліксіз. Ол үшін түп-тұқияныңды ұмыттырмайтын естеліктер керек. Ондай естеліктерден мақұрым қалған казактар ХХ-ғасырда «ақтардың», «қызылдардың» және басқа да саясаткерлердің қолжаулығына айналды» дейді тағы бір тұсында.

 

Фото: art-vernissage.ru      Автор: Ланчак М.В.

 

Ғалымның тағы бір өкініш білдіретін тұсы – «Ресейдегі ұзаққа созылған кезеңде казактардың скиф-бұлғар-татар танымы санадан мүлдем өшіп қалды» дегенге саяды. Оның бұл тұрғыдағы ойы мынадай:

«Бірақ, соған қарамастан казактардың көптеген дәстүрлері мен киім үлгілері алтынордалықтарды еске түсіріп тұратын. Запорожец казактары мен Богдан Хмельницкийдің келісті шалма-бас киімі естеріңізде шығар. Ауызекі тілдегі татар тілі және казактардың еркіндік сүйгіштігі І Петрдің ашуын келтірді. Сондықтан олардың сыртқы бейнесі мен мен тілдері күшпен мәскеуліктерге ұқсатты. Бағынбағандарының көзін жойып отырды. Еркіндікте қалуды жөн санаған хетман Мазепаның Батурин қаласындағы барлық тұрғыны осылай қырылып қалды. Ал Ұлы Екатерина казактарды «тәтті» беріп алдап, өзіне қарай тез тарта алды. Оларды «үйретуде» шіркеудің рөлі зор болды. Казак әскери жасағындағы діни қызметкерлерді мұқият таңдап алды және олар тікелей Синодқа бағынышты болды. Жан-жақты, ұзақ «тәрбиелеудің» нәтижесі таңқаларлық болды. Өздерінің скиф-түріктік тегін мойындамайтын қазіргі кейбір казактар ата-бабаларын Русьті Алтын ордадан қорғағандарын (!) дәлелдеуге тырысуда.

Казактарға бір кездері кавказдықтардың киімін кигізіп, кейін оны ресейдің мундирі мен гинастеркасымен алмастырды. Тек «кубанка» деп аталатын алтынордалықтардың папахасы мен бұлғар-татарлардың ұлттық бас киімі қалды.  Қазіргі ресейлік казактардың (татарлар сияқты) «еуропалық әлпетінің» (солтүстік-шығыс Жеорорта теңізі жағалауындағылардың тән келбет) түп-тамыры бұлғар-хазарларда жатыр. Бірақ, көргісі келмеген адам осы келбеттің славяндықтардан өзгешелігін байқамайды. Теледидардан да 750-жылдық тарихы бар, түрік еркіндігінің қорғаушылары болған, көне атаулардың иесі, жауынгер казактардан алтынордалықтардың сәлдесі мен қылышын, татарлық кескін-келбеттерін, патша мундирі мен регалиясын, христиандық дәстүрлердің бәрін бірден байқауға болады».

 

Фото: kramola.info

 

Айтса айтқандай, нағыз казактардың байырғы орыстардан психологиялық айырмашылығын олардың жылқыға деген қарым-қатынасынан байқауға болады. Ғалымның осы аргументіне 100 пайыз қосылуға болады-ақ. Мысалы, нағыз казак үшін жылқы – жорықтағы жолдасы, тіршілігінің ажырамас бір бөлшегі. Жылқыға табынбаса да, оған ерекше қарап, абырой тұтқан. Ал қарапайым мұжықтарға яғни, диханшылар үшін жылқы – үйретілген жегін мал, жалдамалы жұмыс күші, табын.

 

Фото: youtube.com

Фото: press.lv

 

Сонымен қатар, мәскеулік орталық биліктің казактарды соңына дейін өздеріне бағынышты ету үшін оларды орталық губерниялық обылыстардың шаруалармен араластыруға тырысқаны да факт. Бұл тіпті дәлелдеуді қажет етпейді. Заманында ақ патшамен жаңа шығыс шекараларды ең әуелі көшіп келген шаруаларды казактардың қатарына жазылумен бекіту туралы бұйрық шығарылғанын білеміз. Бірақ психо-тектік айырмашылықтар мұндай қадамның іске асуына үлкен кедергі болғанын да кейінгі тарих бұралаңы талай дәлелдеді.

Тұжыра айтар болсақ, Ресейде казактарды аямаған, «жаңа жерлерді ашу экспедицияларына» әуелі соларды жіберген. Казактардың мыңдаған жыл бойы қанына сіңіп, қалыптасып кеткен жауынгерлік рухының арқасында Мәскеу жаңа халықтар мен жерлерді жаулап алды. Бодан елдер, оның ішінде қазаққа ең жақын халықтың бірі –ноғайлар казактардың өздерінің басына келтірген қиындығын ешқашан ұмытпайды. Ал Р.Ахметовтың бұған қатысты жауабы дайын. Өздерінің скиф-бұлғар-алтынордалық тегін ұмытқан Қазақстанда тұратын казактардың да қыпшақ казактарымен, яғни, бізбенен кей-кейде түсінісе алмай жатуы – сол жүздеген жылға созылған жадсыздану үрдісінің көрінісі. «Біздің елімізде ұлтаралық татулық және тұрақтылық» дегенменен, отандық тарихшылардың алдында халықтар арасындағы осынау қандық туыстықты ашып көрсету міндеті тұр. Бұл үшін қазақ және казак оқығандарының тізе қосып, тарихи-мәдени ағартушылық бағытта жұмыстанған ләзім.

 

Фото: мпа.онлайн

 

Кавказ аймағына, оның ішінде Шешенстанға қатысты БАҚ-тағы жаңалықтарда «юрт» сөзімен байланысқан елді мекендер жиі айтылады. Кездейсоқ шығар, бірақ Ресейде республика басшылығына «Кошман» немесе «Коломанов» сынды тегі бар азаматтардың тағайындалып немесе сайланып жататыны да қызық. Анда-санда теледидардан көрініп қалатын РФ генералдарының бойынан алтынордалықтарға тән келбетті немесе «татар-казактарынан» шыққаны анық көрініп тұратын айбарлы бейнелерді байқап қалуға болады. Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары казактардың шешендердің қарсылығын басу үшін көптеп тартылғаны да белгілі. Тіпті осының өзінде Ресейдің Алтын Ордаға еліктегені анық. Ал казактар әлеуметі мен этногенезін анықтауға бағдарланған «алтынордалық версия» сондай заманалық қайталамалардың тарихи түсіндірмесін беруімен құнды.

 

Абылайхан Қалназаров

Мәдениеттанушы-лингвист

Ұқсас сілтемелер