Назарбаев бренді
09.10.2018ж.

Назарбаев бренді

Мәдени-лингвистикалық талдау

Елбасы Н.Ә.Назарбаевты бренд ретінде, жарнама құралы ретінде қарастырғанымыз, бір жағынан, орынсыз  сияқты.  «Ол қалайша бренд-жарнама болады? Жарнама деген коммерциялық  секторға тиесілі  емес пе?» деуіңіз әбден мүмкін. Ол солайына солай. Бірақ, сіз білетін Назарбаев пен біз зерттеуге алған Назарбаевтың  ондай да қыры бар.

Нұрсылтан ағамыздың  обрызының, имиджінің, репутациясының «Қазақстан» деп аталатын үлкен "корпорациялық" жүйеге қызмет етіп жатқанын біреулер білсе, біреулер білмейді. Н.Ә.Назарбаев  жалқы есімінің  бренд ретіндегі  функциясы 2 тұрғыдан көрінеді:

1). Сырттан инвестиция  тартудағы  ықпалы,  «стан» тобындағы  елдің  жағымды  бейнесін  қалыптастырудағы рөлі.

2).  Көпдиаспоралы, көпвекторлы, көпдінді Қазақстан жұртшылығының татулығын, бірлігін ұстап тұрушы күш ретіндегі  рөлі.

Бұл не деген сөз? Яғни, біз Н.Назарбаевтың сыртқа (шетелдерге) және  ішке (ел ішіне) қатысты концепттері мен ассоцияциялырын, өзі қайраткерлігі барсында  қалыптастырған  жағымды, жығымсыз  пікірлер жиынтығын,  «Елбасы»  есімінің айналасындағы түсініктер мен ұғымдарды тарқатамыз деген сөз.

Этимологиясы.  Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев

1). «Нұр» арабтың – жарық, сәуле дегенді білдіреді (35,111).  

     «Сұлтан» -  ханнан бір саты кіші билік иесі.

       Титул көне түркі – солтан, султан. Негізінен «сұлтан» деп тек Шыңғыс ұрпақтары ғана аталады.     

       Нұр+сұлтан арабша – әрлі, нұрлы сұлтан.(35,114)

.2)  «Әбіш» Әбдірахман дегеннің қысқартылған формасы.

       Әбдірахман арабша  "рахман" – рахымды, мейірімді, кішіпейіл, мейірімділіктің құлы, қысқартлыпы Әбдірақ, Әбіш деп айтылады

       «ұлы» – қазақтың ер кісі есіміне тіркесіп келетін, кімнің ұлы, кім әкесі екенін анықтайтын  тіркес. (47,66).

 3). Назар арабша «нәзәр» – қарау, көз  алу, ықылас, ілтипат, метафоралық мағынасы жәрдем, көмек, игі ниет, сүйеішілік, жақтаушылық.(35,108).

      «бай» қаз – бай

      «ев» орыс тілінен енген, қазір қазақтарда қабылданған тіркес.

(Т Жанұзақовтың «Есіміңіз кім, ваше имя?» кітабы мен «Қазақ тілінің түсіндірме сөздігі» бойынша).

І. «Ішкі» дегенде аты айтып тұрғандай, Қазақстанның өз ішіндегі ассоциациялыр мен  концепттерді негізге алып  отырмыз.  Елбасының ел ішінде қабылдануының өзін қазақ ұлтыннның қабылдауындағы және өзге ұлттар  көзқарасы тұрғысынан  сипаттап, екіге жіктеуге болады («өзіміз» және «жат» концептерін еске түсіріңіз). Бұл когнитивтік лингвистиканың әлемнің тілдік бейнесі және әлемнің ұлттық бейнесі  дегенге нақты келеді.  Әйтсе де, Қазақ халқы мен оның диаспораларының  мәдени және  этникалық, өркениеттік тектері  әрқилы болғанымен,  яғни  өркениеті жағынан Ислам өркентеті, Православ христиан өркениеті, будизм мәдениеті  тұрғысынан, сондай-ақ, көшпелі және отырықшы  мәдениеттері, этносқа, ұлтқа байланысты лингво-психологиялық, ділдік ерекшеліктерге қарамастан, аздаған ерекшеліктерге ие бір идеалогиялық жүйенің қолтумасы. Атап айтқанда, Еуразия кеңістігінде 70 жыл салтанат құрған  коммунистік ортаның  өсінділері десек те болғандай.  Мұның өзі танымдық, дүниетанымдық ерекшеліктердің соншалық көп болмайтынының алғышарттары іспеттес.

Баршаға мәлім, Н.Назарбаев елі ішінде ең алдымен, «Елбасы, көшбасшы, лидер» ұғымдырының аясында түсініледі.

Сонымен қатар, Нұрағаңның  есіміне қатысты тағы бір екі таным – сын есімдер: «жарық» және «ақ» ұғымдарынан өрбиді.

«Президент Нұрсұлтан Назарбаевтің имиджі» атты зерттеу мақаласында кезіндегі PR өкілі, отандасымыз Р.Д.Кертаев: «Жалпы президент – харизматикалық, ашық, күшті тұлға. Оның дене бітімі  әрқашанда жақсы жағдайда, іс-әрекеттері қуаттылығымен көзге ұрады, халық алдында өзін жақсы ұстай алады, сезімтал және прагматик. Мимикасы өте жетілген. Мысалы, егер идеясы бар болса, көзінен нұр шашылып тұрады» дей келіп, Ж.Блондельдің лонг-лидерлер теориясына сәйкес, Қазақстанның бетке ұстарларымен салыстыра отырып, лидерлерді  әртүрлі  түстерге  жіктеу тәсіліне көшеді.

 «Ақ» лидерге – Н Назарбаевты, Қ.Тоқаевты; «қара» лидерге – бұрынғы премер министр Н.Балғынбаевты; «сұрға» – Алматы қаласының бұрынғы әкімі  әрі қазір сотты болып жатқан В.Хропуновты; «біржақты емес түстердегі лидерге  марқұм З.Нұрқаділовты жатқызады.

Неліктен Н.Назарбаев  имиджі  «ақ» лидер  үлгісіне енгізілді?

Барлығымыз білетіндей  халқымызда «ақ киізге орап, хан көтерді» деген мыңдаған жылдардан бергі жалғасып келе жатқан  жақсы саяси-тарихи  дәстүр бар. 1991 жылы ата-бабаларымыз  қаншама аңсаған  тәуелсіздкке қолымыз жеткенде, Қазақстан халқы  бірауыздан  Н.Әбішұлын Мемлекет басшысы етуі оған деген сенімнің жоғары екендігін көрсетеді. Осы ретте, әсіресе  қазақ халқы үшін  ақ түстің ерекше мәні барлығын атап өткен абзал.

Ақ түс – тазалықтың, адалдықтың, әділдіктің, парасаттылықтың, даналық пен кеңдіктің, қамқорлықтың символы секілді. «Аққа құдай жақ», «Менің ісім ақ», «Мен ақпын», ақпейіл, ақ ниет, ақ жүрек тірестері жоғарыдағы ойларымызға дәлел бола түседі. Президент Н.Назарбаевтың саясат сахынасындағы қызметі толығымен жариялы болып келуі, халықтың мүддесін барлығынан басым қоюы, аристократтық отбасынан емес, ауылдың ағын ішкен қарапайым  қазақтың жанұясынан шыққандығы  – оны  өзге миллиондаған қарабайыр қазақстандықтардың қатарына қосып, оның ел-жұртқа деген ақтығын, пәктігін, адалдығын паш еткендей.

Қазақстан тәуелсіздігінің көкке самғаған қыраны есептелетін Елбасы имиджінің  соңғы жылдары  алты алаштың «ақ ханы» – Абылайдың бейнесімен үйлестіріліп жүргендігі мәлім. Бұл Н.Назарбаевтың жалпыхалықтық  имиджін  Абылайдың ақ жолын жалғастырушы  ретінде көрсетуге жасалған  талпыныс болса керек. Осылайша, Елбасының «ұлт әкесі» – Ақ лидер  моделдерінен  кереметтей имидждік конструкция  пайда болып шыға келеді екен.  Сонымен бірге, кейінгі кезде оның имиджін қуаттау мақсатында «Нұрағаң бастаған нұрлы жол» немесе «Нұрағаңның нұрлы жолы»(салыстырып қараңыз: Қасым ханнң қасқа жолы, Есім ханның ескі жолы) атты моделдер де кеңінен тарап жүр (38,52).

Осы ретте, Назарбаев жолының нұрмен байланыстырылуы  тек қана ол кісінің қайраткерлігінен емес, яғни «жарықпен» ассоцияциялануы, яки Елбасы есімінің «нұрдан» басталуында жатқанына назар аударған жөн сияқты.

«Нұр» бүгінгі қазақ  және де көне арғықазақ  дүниетанымында айрықша орын алатын категория. Көрнекті мифтанушы марқұм Серікбол Қондыбай өз кітабында бұл жөнінде де: «Мұсылмандық-суниттік  сопылық (суфизм) «Мұхамбеттің нұрын»  барлық жаратылымдағы  ең негізгі имменент-ақиқат, таза  болмыстың  жарығы деп біледі» деп төмендегідей өткен ғасыр ақанының жырын келтіреді:

              Жасаған алла бір еді,

              һәмменің жайы біледі.

              Реушен жарық  көрсткен,

              Аспанда ай мен күн еді,

              Жұмла, ғалам, мақұлық,

               Құдіретпенен жүреді.

               Абзалы артық жыралған,

               Мұхамбеттің нұры еді.

«Бұл тұжырым қазақ философиясының негізі болып табылады» дейді ол.  Ғалым сонымен қатар, «нұр» ұғымын «Абсалют» ұғымымен қатар атайды. Өйткені, нұр да – барлық баршылықтың  мәңгі және  өзгермейтін  ілкі негіздің  түп-тұқияны. Сөйтсе де, «Алла тағала» мен «Нұр» – бірдей  ұғымдар емес. Нұр – Алла тағаланың  жасампаздық қарекеті мен  сол жасампаздық қарекетіне пайдаланатын  ілкі материял ғана. Басқаша айтқанда, Нұр (Ақ немесе Хақ дидары) дегеніміз – Алла тағаланың өзі емес, оның  бұйрығының  немесе әмірінің келбеті (48,64). Қазақ дүниетанымы мен  мәдениетінің қалыптасуына  негіз болған Иассауи хал ілімінде  де: «Хақ дидары» ең түпкі мақсұт-мұрат, яғни, нұрға жетуге талпыну өмірдің мәні деп  насихатталады. Тарихаттың күрделі жолдары  туралы 34 хикметі былай болып келеді:

           Дидар үшін жанды құрбан қылмайынша,

           Ысмағұлдай дидар үшін арман етпен, достар (37).

Көріп отырғанымыздай, «нұр» ұғымы Тәңірлік сипатқа ие танымның көрінісі. Мұнда біз «нұрдың» діни – философиялық және де мәдени – дүниетанымдық қырына тоқталдық.

«Нұр» сөзінің этимологиясы жөнінде сол аталмыш еңбегінде Серікбол Қогдыбай оның парсылық, арабтық негізін мойындамайтынын айтады. Т..Жанұзақов бойынша «нұр» кең талданбаған. Зерттеуші Қондыбай «нұр» сөзінің этимологиясын таңба «оқу» арқылы түсіндіруге тырысқан. Яғни, «абақ» таңбадағы кіндік нүктенің атауы – «ң - р» немесе «нг - р» болса, шеңбердің немесе нүктеден тараған сәуленің (сызықтың) атауы – «р - ң» немесе «рн - г» болып шығады. Шыққан сөздер тек қана екі дауыссыз дыбыстан тұратын болғандықтан, реалды тілде сол күйінде өмір сүре алмайды, сондықтан олар дауысты дыбыстармен қамтамасыз етілуге тиіс. Міне, сондықтан да «ң - р» сөзі «нар», «ңер», «ңур», «ңор», «ңыр», «ңұр» т.б. болып айтылады. «Нұр» сөзі де осы түпкі тұрпаттың өзгеруінен пайда болған (48, 458).

«Нұр» сөзінің қазіргі мағынасы «жарық» (свет). Дәл осындай мағына моңғол тілдерінде де «күн» дегенді білдіретін «нарен», «нар» сөздерінен де табылады. Ол да «ң - р» проформасынан бастау алған. Тіпті қазақтың «жарық», (жалпы түркілік «йарук», орыс тіліндегі «яркий» сөзі түркіден ауысқан) сөзінің «жар» түбірінің проформасы да «ң - р» («ң - р» - «ңар» - «йар» - «жар») сондықтан да «нұр» сөзінің түркі тілінің сөзі екеніне дауласпай – ақ қоюға болады. Серікбол Қондыбай «нұр» сөзін парсы не орта парсы (Пехлеви) тіліне ауысып барса керек деп тұжырымдайды. Кейін ІХ – ХІV ғасырларда түркілер исламды парсылар арқылы қабылдағандықтан, яғни уағыздаушылардың дені парсы болғандықтан, солармен келген «нұр» сөзін парсылардікі деп түсінген. Бұл түсінік кейінгі тілтанушы ғалымдарда әлі жалғасып келеді.

Жалпы, Нұрсұлтан есімінде «нұр» элементінің болуы оның елбасылық қызметіне дөп келеді. Ерте заманнан ел басшыларын императорлар мен хандарды «күн нұрынан жаралған», «нұрдан жаралған» деп түсіну – Шумер, Аккад, Египет, Қытай, керек десеңіз өзіміздің көшпелі халықтарда кең таралған таным. Алма Қыраубайқызының докторлық диссертациясында «Оғыз қаған» жырында Қағанның нұрдан жаралатындығы айтылады. «Әуелі көктен құйылып, бір жарық нұр келіп түсті. Содан кейін шатырдың алды нұрға толып, жап – жарық сәулелі адам пайда болды» (Ескертпе: Шыңғыс хан).

Ал енді ақын – жазушылар Нұрсұлтанның «жарықтық» сипатын қалай жырлайды. Соған аз – маз тоқталайық. («Жыр арқауы – Елбасы» топтамасы бойынша):

Жарығым деп сүйемін сені бүгін,

Туын алдың еліңнің сенімінің.

Көңілденген кезіңде анам айтқан,

Жарығым деп бітірдім бұл жырымды.

(Махаббатына халқыңның айналдың сен. Т. Молдағалиев) (225 б).

Сенім артқан халқыңа

Бақыттың шамын жақтыңыз

(Рақым Балабаев, 229 б).

Жолыңыз – даңғыл, жүзіңіз – жарқын,

(Тұрғанбек Қанаев)

Немесе

«Осындай Елбасы басқарған мемлекеттің ертеңі нұрлы болары күмәнсіз. «Фариза Оңғарсынова». Аман бол нұр жүзді аға,

Сұлтаны жігіттердің,

(Ләззат Тілеуова, 232 б).

Біз әлі алдағы мысалдардан осы «нұр» сөзінің «Нұрсұлтан» образының қандай анықтпауышына болсын, тіркеліп келетіндігіне куә боламыз. Оны зерттеу барысында өзіңіз зерделеп отырады деп сенеміз.

Нұрағаңа қатысты  концепттің тағы біріне үңілелік.

«Абылай хан» концептісі.  Абылай (Әбілмансұр) – қазақ ордасын бір тудың астына топтастырып, байтақ жерімізді жоңғар шапқыншылығынан азат еткен алып мемлекеттер – қытай, ресей патшалығымен мәмілеге келіп, ел тәуелсіздігін сақтаған айбынды да, айбарлы хан, кемеңгер көсем. 1714 жылы туылып, 1781 жылы қайтыс болған, сүйегі Түркістандағы Қожа Ахмет Иассауи кесенесіне қойылған (Әнуар Тарақ «Алаштың ардағы – Абылай хан», 36, 4). Кезінде орыс тарихшылары, зерттеушілері хандық қызметін, саясаттағы беделін қолбасшылық рөліне байланысты мойындаса да, оны кеңестік идеология көп уақытқа дейін тарих тасасында қалдырды. Коммунистік идеология Абылай туралы ғылыми ізденістерге мүлдем тыйым салды, сол жылдары баспадан шыққан зерттеусымақтарда Абылайды құбыжық етіп көрсету міндеті қойылды. Сондықтан бұл концепті «қуаты», «энергетикасы» солғындауға ұшырай жаздаған концепт деуге әбден негіз бар. (Мұхтар Қожа 1 б). Кеңес империясы Абылай ханның есімін қатігез билеуші, бай, феодал ретінде туған халқының жадынан мүлдем шығарып, оны атаусыз қалдыруға тырысқан. Бағымызға орай, егемендік таңы атып, Абылай концепті қайта өркендеп келеді. Тіпті қазақ халқының бірлігі мен біртұтастығының, елдігі мен ерлігінің символы ретінде культтік дәрежеге көтеріліп кедледі. 

«Абылай» – Абылайдың азан шақырып қойған аты емес, атасының ныспысы. Атасының есімінің оған таңылуы жөнінде М.Ж.Көпеев өзінің қолжазбасында былай әңгімелеген: «Қалмақтардың Церен батыры қазақтарды көп қырғынға ұшыратады. Сол кезде қазақ ханы Әбілмәмбет: «Соғысқа шығатын кім бар» дегенде, Сабалақ суырылып шыға келеді. Әбілмәмбеттен бата алып, Абылай деген ұранмен жауға қарсы шабады. Сол жолы қазақтарды жеңіп, Сабалақ көзге түседі». Соғыста «Абылайлап» атасының атын ұрандап шапқаны үшін кейін бұл бала «Абылай» атанады. Сөйтіп, өз есімі «Әбілмәнсүр» бұл есімнің тасасында қалады.

Жалпы, Абылай сөзі құдіретті сөз. Тамырында қазақ қаны бар кез келген жан бұл есімді естігенде, делебесі қозып, аруақтанып кетеді. Бүтін қазаққа ұран болған хандардың әулиесі осы - «Абылай хан». Бүгінгі күн жыршыларының (Тоқтар Серік): «Әруағың қайда, Абылай?» деп, ұлттығын жоғалта бастаған қазақтарға әсер етуге тырысуы, мәдени-этникалық негізі бар әрекет. «Абылай» есімі әрбір қазақтың бұғып жатқан көшпелілік – жауынгерлік рухын оятатын сакральді код. Нұрағаңды Абылай есіміне жақындату оның «Абылайхан» есімімен ассоциациялануы көп нәрседен хабар бергендей. 

Біріншіден, қазақ халқының, үш жүздің  бірлігін, үш жүзге билігін, оның ел тірегі, ел панасы  ретіндегі орынын көрсетеді.

 Үш жүздің баласы,

  Ағып жатқан,

  Үш өзен емес пе еді Абылай.

  Үш өзеннің құйған жеріне –

  Сен біткен алтын – Бәйтерек,

  Емес пе едің Абылай...

                                        (Тәттіқара) 

Салыстырыңыз.... 

  (1991 жылы қарашада  Нұрағаң жөнінде  Елбасыға тұңғыш бата берген қария Тұманбай Сәтмағамбетұлы  Сейітмұхаммедов «Елбасына  тұңғыш бата  берген» атты эсседен «Заман-Қазақстан»)

            Үш атаның баласы,

             Уәдемен серт байласып,

             Делбесін берді қолыңа.....

Немесе Кентау қаласының құрметті азаматы Рахым Балабаевтың  өлең-хатын  алайық:

           Шетелдіктер  жағынан,

            Көз тимесін өзіңе.

            Астанадан олардың,

            Бәйтерек түссін көзіне.

                                                  (Сәбит Оразбеков)

Көріп тұрғаныңыздай, халық арасында Астана сиволы – бәйтерек, Назарбаевтың қасиеті, алыптығы, мықтылығы ретінде қабылдана бастаған. Бәйтерек – түбіне сая боларлық, жел-дауылға майыспайтын берік ағаш. Қараңыз....

   «Сенерім де, сүйенерім де—Нұрсылтан»

                                                                         (Сайлау алды сөзінен-Ә Тәжібаев)

Елдің сүйенері, тірегі болу, панасы бейнесіне ену президенттің «Елбасылық» концептісіне – «ел ағасы», «ел ханы»  деген түсініктерді де жақындата түседі.

«Елағасы» деп аталарымыз биліктіегі, ел тізгінін ұстаған адамдарды  айтатын болған. Абылай ханның өз заманында «ел ағасы» екенін ескерсек,  Нұрсұлтанның «Нұраға» атала  бастауын, бұрыннан бар дәстүрдің заңды жалғасы деп санауға итермелейді.

         Алты алашты еліңе,

         Аға болдың, көз болдың,

         Аман жүр, нұр аға, аман жүр.

                                                 (осы таңғы жырау-Сардарбек жырау) (237)

Нұрсұлтанның ағалық сипаты өзге ұлт өкілдерінің  менталитетіне сай, әрі олардың  қамқоршысы ретінде  «Ұлттар әкесі»  концептісі бекіген. Бұл жөнінде  Р.Д.Кертаевтың зерттеуіне  тағы үңілеміз: «Ол Қазақстанда мекендейтін  130-дан астам  халықтардың  бірлігінің нышаны секілді. Қазақстан басшысы қоғамның татулығы жолында тер төгіп жүрген достық пен бейбітшіліктің құсы «іспеттес» десек асыра айтқандық болмас.

Н.Назарбаев имиджі біршама трансформацияға ұшырады. Ол ұлттық, мемлекеттік пен тартымды басшының образынан тәуелсіз, егеменді, тұрақты Қазақстанның данагөй «ұлттар әкесі» бейнесіне өткен еді (145). Расында да «ұлттар әкесі» образының кейбір ерекшеліктері бұрыннғы Ресей президенті Б.Н.Ельциннің бейнесімен жұмыс істей келе имиджмейкерлер ұзақ жылдық тоталитарлық режимді бастан кешірген кеңестік азаматтар үшін біреудің қамқорлығында, қолдауы мен қорғауында болуы секілді факторлардың маңызды екендігін жіті түсіне білді. Өйткені, өтпелі кезеңді басынан өткеріп жатқан транзиттік қоғамдарда халық өзін қорғансыз, жетім-жесір ретінде санайтындығы баяғыдан-ақ белгілі жайт. Соған байланысты имиджмейкерлер Н.Ә.Назарбаев имиджін болсын, Б.Н.Ельциннің образында болсын әлеуметтік мардымсыздық синдромын есепке ала отырып, өз міндеттерін әділ орындайтын әке бейнесін қалыптастыруды көздеді. Өзекті имиджге сай Н.Назарбаев жалпы жұртшылық ықыласына бөленіп, тәуелсіздіктің алғашқы 15 жылында-ақ екі рет «жыл адамы» атануын да жатқызуға болады. Н.Назарбаевтың имидждік бейнесіндегі «өзекті имидж» моделі қисапсыз елге реформаларды батыл, әрі белсенді алға апарушы және сонымен бірге ел азаматтарын араздық пен қақтығыстан сақтай білген Қазақстан басшысының тұлғалық беделі мен тартымдылығы жағымды әсер етті. Бұл да заңды болса керек-ті. Себебі, лидер өз образымен «ұлттық идеалдың» нақышы, белгісі қызметін атқарады. Өз кезегінде халық сол адамның имиджін өмір сүрудің бастауы ретінде қабылдап, оның бейнесінің өз үйінде тұрғанын қалайды (145).

Екіншіден, ең алдымен лидер, көшбасшы Нұрағаңа қазақтардың көшбасшы деп өзге ұлыстардың «біздің лидер» деп қарайтыны жасырын емес. Көшбасшы сөзі бүгінде қазақ тілінде лидер сөзінің баламасы ретінде алынып жүр. Мұнда ұлттық калориттің байқалуынан бөлек, осы ұғымның өзі жетекші дегенге келетінін айта кеткен жөн. Өзін бала сезінетін халық әке-Нұрсұлтанды жетектеуші, жақсылыққа жеткеруші санайды.

Көшбасшы  – қазақ ұғымында ел ағасы, ел басы ұғымдарымен мәндес. Көштің бағыт-бағдарын анықтайтын да сол.

Қараңыздар:

Нұрлы жолың нұрландырып Нұреке,

Бастай берші ереді бар қазағың.

(Шаймерден Әлібекұлы) (234).

Еліңнің ертеңіне жалғап кешін,

Қазақтың заңғарларға самғат көшін.

(Қайша Қошақанов) (224).

Сіз бастаған заманда,

Нұрлы жолмен келеміз.

 

Көш бастаған арысым,

Қайыспай қара нар болғай.

(Дулат Тұрантегі) (226).

Көшбасшымыз өзің боп,

Арманға бірге барайық.

(Рахым Балабаев) (229).

Қиындықтан қаймықпай соңына ерген,

Халқың да саған сеніп, соңыңа ерген.

(Жексенбай Абсалямов).

«Еліңе ие болдың жастайыңнан, киесі болдың және сол еліңнің» деп тағы бірі ел иесі де, киесі де- Нұрсұлтан деген аксиомаға әкеледі. Тағы біреулері тіптен оған қамшы ұстатып:

Ширатылып өріліп,

Мықты болсын қамшыңыз, - дейді. Қамшы-биліктің символы (Әдеби тілдің тарихы).

Байқағанымыздай, Елбасы концептісінің өзі жалқы емес. Елбасы сөзі – хан, ұлт әкесі тәрізді семантикалық өрістерге жайылады.

Елбасы – көшпелілер ұғымында тәңірінің таңдауы түскен, ел тағдырына, болашағына жауапты қасиетті сокральды тұлға. З.Жандарбектің «Киіз үй» концепциясына сүйеніп сөйлесек, Елбасы-хан, басшы дегеннің баламасы, өзара синонимдес сөздер. Киіз үйдің конструкциялық құрылымына негізделген көшпелілер қоғамында: «хан, шаңырақ, қалған би-батырлар, кіші билеушілер – уықтар, халық – кереге» сияқты, яғни «ең биікте» елдің ұшар басында «Елбасы» тұрады. Бас – денедегі ең биік, асыл мүше. Елбасы ұғымының орнын осыдан-ақ түсіне беруге болады.

Үшіншіден, Абылайдың ақ ордасы мен Нұрағаңның ақордасы – Астананың ассоциациялануы. «Үш жүзге ұйытқы болған; Төрінде топ бас қосқан ел ағасы», «Асқар тау, айбынды ел панасы, Әруақ деп аттаған адам бос шықпаған, Абылайдың алтыгды босағасы»

Салыстырайық:

Абылайдың тағы орнап Сарыарқаға,

Салдырдың Еуразия бас қаласын. (Ж. Абсалямов).

Өзің салған сара жол құтты болсын,

Ақ ордаң – Астанамыз нұрға толсын. (сол автор).

Кең байтақ, алтын алқап Сарыарқада,

Тұрғыздың сұлу, әсем сен Астана. (А. Бекболатов).

Жалпы, біз «Абылайхан концептісі» арқылы Нұрсұлтан образына, Қазақстан халқының алдындағы коннотациясына баға беріп көрдік. Сондай тағы бір ұқсастық Абылайдың ту тіккен резеденциясы жер төресі Көкшетауда, ал Нұрағаңгың ақ ордасы да осы Сарыарқада. Бұл жерде географиялық тақаулық көрінеді.

Төртіншіден, Абылай хан қазақ халқын басқыншылардан азат етуші, бытыраған жұрттың басын құраушы, бір сөзбен айтқанда, дербес қазақ хандығын қайта қалпына келтіруші тұлға ретінде мадақталады. Сол сияқты, Н. Назарбаев та қазақтың қайта ел болып, егемендік алу дәуірінде билікке келгендіктен, егемендік, тәуелсіздік ұғымымен оның есімінің ішінара жақындастығы бар. Сәбит қажы Салқанұлы жазғандай, «елдіктің алғашқы жылдарында-ақ, ә дегеннен-ақ тәуелсіздік деген сөз Н.Назарбаевтың атымен қоса атала бастады» (86).

«Сіз Н.Назарбаевтың сонда ішкі жарнамадағы рөлі не, ол нені жарнамалайды?» деп сұрауыңыз бек мүмкін, әрі бұл орынды да. Ол елдің бірлігін, татулығын, бірорталықтанған Қазақстан идеясын насихаттап жарнамалайды. Нұрағаңның көшбасшы лидерлігін Қазақстан халықтарының бәрінің талассыз мойындауы, оның елбасылығының қалтықсыз қабылдану және де барша жұртшылықтың мемлекет ертеңін, ұрпақ болашағын Нұрсұлтан есімімен ассоциациялап, «нұрлы, жарық» деп түсінуі республикамыздың қалыпты дамуына септігін тигізіп отыр. Н.Назарбаев ішкі бренд ретінде ел экономикасы  мен мәдениетінің динамикалық өркендеуінің кепілдігі, халықты әлдебір жақсылыққа жеткізуші сауда маркасы ретінде өзіндік бақыт пен байлыққа жеткізетін миссияны мойнына алған (2030-2050 бағдарламалары, дамыған 50 елдің қатарына кіру) уәде секілді, яғни PR ғылымы талабына сай әрбір марканың миссиясы болуға тиіс деген ұстанымның үдесінен шығып тұр. Ол Нұрағаңда бар. Назарбаев бренд идеясы бәсекеге қабілеттілік позициясы, халықшылдық тұрғысында осы күннің өзінде Қазақстан территориясында Нұрсұлтан есімі мифке айналып барады деуге жетелейді.

Қазақтың «тегін кісі таз болмас» деген логикасы бойынша «Елбасы Нұрсұлтан жай кісі емес». Сондай бір сенім Нұрағаңның Меккеге жасаған қажылығына қатысты. Қасиетті қағбадағы кубқа кіріп, қара тасты көрген 5 әлде 6, әлде 4 адамның бірі осы «біздің Нұрекең» деседі қарапайым халық. Сол барғанында ниеті қабыл болғаны ма, әлде кездейсоқтық, Меккеде төрт күн қатарынан жаңбыр жауыпты-мыс. Шындығы солай да шығар. Әйтсе де, жаңбырды, нөсерді құдайдың нұры жауып жатыр, жаңбыр жауғанда тілеген тілек қабыл болады деп білетін қазекең Нұрағаңды сәл болмаса әулие қатарына қосардай болған-дүр. Себебі қазақ Елбасы хандарының бұл әулие емес делінетіні жоқ. «Ханның бәрі Абылай емес, батырдың бәрі Ағыбай емес» десе де, неге екені белгісіз Абылайды Нұрекеңе қатыстыра немесе Нұрекеңді Абылаймен байланыстыра сөйлейді немесе бұл жақсылықтың белгісі. Қарыштап даму жолында Л.Н.Толстой бойынша айтсақ: «Бір қайықта бір басшы болуға тиіс, әйтпесе қайықтағылар арғы бетке өте алмайды».

Ескертетін нәрсе, ел ішінде президенттің бренді Назарбаев емес, Нұрсұлтан есімі ретінде де кеңінен танымал. НҰР-БАНКІ, Нұрсәт мобильдік байланыс жүйесі мен Шымкент қаласындағы Нұрсәт микроауданы қала берді президенттік – Нұр-Отан партиясы сөзімізге жарқын дәлел бола алады. Бұл мысалдардың бәрінде де  «наз» (Назарбаев) деп емес, «нұр» деп келуі өзі үшін өзі айтып тұр.

II.Біз енді өзіміз білгендей, сыртқы ассоциациялар мен түсініктерге, концептерге тоқталамыз. Ішкіден бастаған себебіміз, Нұрекеңнің ел ішіндегі образы сыртқы шетелдерге қатысты түсініктер мен ұғым-имидждерге негіз болатынын ескергеннен.

Н.Ә.Назарбаевты Батыста да, Шығыста да  білікті саясаткер, әдісқой дипломат деп таниды (Әзімбай Ғали).

Қараңыздар:

-        Маргарет Тэтчер, Ұлыбританияның экс премьер-министрі. (Лондондағы пресс-конференциядан: 29-қазан, 1991 ж):

«Сейчас в мире насчитывается пять-шесть крупных и очень влиятельных политиков среди которых находится и Н. Назарбаев».

-       Ли Куан Ю. Сингапурдың бұрынғы экс-министрі:

«Президент Назарбаев восходящая звезда в советской политике, крупная фигура среди различных республик».

Немесе көшбасшы ретінде арнайы тоқталған танымдарды қарастырайық.

-    «Қазақстан тәуелсіздік жылдарындағы прогресі, қауіпсіздік, экономика және саяси даму мәселелері бойынша маңызды таңдау жасай білген жасай білген президент Н. Назарбаев көшбасшының арқасында мүмкін болды».

(Р. Армитадж, АҚШ мемлекеттік хатшысы, Вашингтон, 2004 ж, 24-сәуір).

Көшбасшы – лидер ұғымы Нұрағаңның саясаткер ұғымымен үнемі бірге қол ұстасып жүреді. Бұл(лидер) Назарбаев дегеннен шетелдіктер санасында жылжып шығады.

Назарбаев есімінің «саясаткер, саясат» концептерімен ассоциациялануы таңқаларлық құбылыс емес.

Н.Ә.Назарбаев 1990 жылдың басында билікке келді. Ал бұл бәрімізге тарихтан мәлім бір заманда қылышынан қан тамған құдіретті ұлы империя кеңестердің күл-паршасы шығып, ыдыраған кезеңі еді. Назарбаев осындай саяси-экономикалық қиын шақта өзі тізгінін ұстаған Қазақстанды көтеруіне, оның бүкіл жүйесіне модернизация жасауына тура келді, әрі екі алып империя, сыры кетсе де, сыны кетпеген Ресей мен алып аждаһа қытайдың ортасындағы жері үлкен болса да, адам ресурсы аз қырық қырау елді тұмсықтыға шоқыттырмай, қанаттыға қақтырмай осы күнге жеткеріп қана қоймай, Орта Азиялық космостық держава деп ауыз толтырып айтарлықтай әлеуметті нығайту кім көрінгеннің қолынан келе бермесі мәлім.

Назарбаев бренд есімінің капитал жинауы, дәлірек айтсақ, таныла бастауы сонау қайта құру кезеңінде басталды. Одақ ыдыраған күндері АҚШ-тың Вашингтон пост газеті: «Бүкіл дүние жүзі КСРО президенті Горбачев пен Ресей президенті Ельцинді екі ұйытқы тұлға ретінде тануға әрекеттенген кезде осы үлкен елдің белгісіз, бейхабар түкпірінен үшінші адам саясат сахнасына шығып, бүкіл дүние жүзі назарын баурап барады» деп жазған еді.

Ассоциация-связь между отдельными представлениями, при которой одно из представлений вызывает другое (46).

Ал шет елдерде болса, жалпы Н.Назарбаевты Батыста да, Шығыста да ең алдымен «экономикалық өркендеу, өсумен» ассоциациялайды, яғни Нұрағаңның есімі экономика ұғымымен астарланған десе де болады және де бұл ұғым жалғыз емес, экономикалық дамумен, дәлірек айтқанда динамикалық түсініктермен «қозғалыс, өсу, өркендеу, қарыштау, жылжу, даму» секілді етістіктермен тіркесе жүреді. Бұл ұғымдардың бастауын сонау 90 жылдардан іздеген жөн секілді. Кеңестік одақтың құлауының сәл-ақ алдында «Известия» газетіне берген сұхбатында Нұрағаң: «Все занимаются политикой, но никто не хочет заниматься экономикой» деп Горбачевтің атына сын айтқан еді. Өз кезегінде, бұл сұхбат әлем баспасөзінде жарияланған-ды.

«Экономика!» осы түсінік Назарбаев есімінің анықтауышына айналды. Кейіннен жүргізілген сәтті реформалардың оның есіміне «дамуды» білдіретін ұғымдарды әкеп қосқаны сөзсіз. «Даму» және «экономика» шетелдердегі Назарбаев есімінің негізгі семантикасы десек қателеспейміз. Аталмыш ұғымның шетелдіктер санасына әбден бекігенін мына мысалдардан көруге болады:

«Мәртебелі сіздің басшылығыңызбен өмір сүріп келе жатқан он жылдың ішінде тәуелсіз Қазақстан мемлекеттік құрылыс пен экономикалық дамуда айтарлықтай табыстарға қол жеткізіп, үдере гүлдену мен тынымсыз ілгері басуды бастан кешіріп отыр».

(Цзян Цземин, ҚХР-дың төрағасы, 2001 ж. 16-желтоқсандағы сөзінен).

«Қазақстан прогресивті қарқынды дамып келе жатқан және демократияға ұмтылып отырған мемлекет ретінде танылды. Президент Н.Назарбаев осы замандағы аса көрнекті көшбасшылардың бірі болып есептеледі».

(Б. Джордж, ЕҚЫҰ парламенттік ассамблеясының президенті. 2003 ж. 8-маусым) (30).

Тағы бір Назарбаевтың бейнесіне айналған нәрсе – Астана қаласы, Астананың символдары.

«Бұл – бүкіл қазақ халқының күш-жігерін жұмылдыра білген, шын мәнінде жаңа қала, жаңа астана салған президент Н.Назарбаевтың баға жетпес еңбегінің жемісі» (В. Садовничный, М. Ломоносов атындағы ММУ-нің ректоры, 2003 ж. 18-ақпан).

«Егемен Қазақстанның орталығын Астанаға көшірген сәттен бергі екі жылдың ішінде президент Н. Назарбаев Астананың әлемдегі ғылымның, мәдениет пен білімнің ордасы болып табылатын мемлекеттің жаңа астанасының қалыптасуы мен құрылысына орасан қажыр-қайрат жұмсады».

(Ф. Майор, ЮНЕСКО-ның бас хатшысы, Астана, 2000ж, 17-ақпан). 

Мұндағы бір айта кететін нәрсе – Астана жаңадан салынып жатқан, жырдағы Алпамыс секілді сағат санап өсіп, өркендеп жатқан қала, яғни Астананың дамуы, өркендеуі, бой көтеруі – жасампаздықты, яғни динамиканы, қозғалыс-дамуды білдіреді. Ал шетелдіктердің Нұрағаңды энергетикалық тұлға ретінде танитынын ескерсек, Астана ассоциациясының да Елбасы бейнесін толықтырушы бір сынық мозаика ретінде орынды деп тануға болады.

Ж.Сааданбеков «Назарбаев есіміне бүгінгі таңда аса қызығушылық туып отыр» дейді. Ол қызығушылық алдымен өздерінен алға кеткен кешегі тағдырластарының қазіргі экономикалық және саяси жетістіктеріне таңқалушылықта отырған поскеңестік елдер екенін атап өтеді: «Этим и объясняется огромный интерес в мире, а также к личности Н.Назарбаева, как политика и человека, ставшего символом преуспевающего нового независимого государства в центральной Азии».

Бұл жерде Назарбаевтың «табыс, жетістік, жеңіс» ұғымдарымен астасуын әңгімелеуге болады.

«Қазақстан табыстарын Н.Назарбаевтың саясатымен байланыстырамын».

(М. Саакошвили, Грузия президенті, 2005 ж. 31-наурыз).

«Егер Назарбаев республика тұтқасын ұстап тұратын болса, Қазақстанның табысқа деген мүмкіндігі бұдан да зор болмақ»

(М. Куан Ю, Сингапур министрі).

«Алда қандай кедергілер кездессе де, осы беттен таймаңыз. Сіз бәрін де жеңетін боласыз».

(М. Тэтчер, Ұлыбритания экс премьер-министр, 2005 ж, 5-тамыз.

Жалпы, «табыс, жетістік» сөздерінің «жеңіс» сөзімен сабақтасып жатқанын ескерсек, Елбасыны жеңімпаз ретінде тану орынды-ақ.

Жалпы, Батыс үшін, сол Батыстың дүниетанымын сіңірген елдер үшін аталған үштік, яғни «табыс, жетістік, жеңіс» басты психологиялық, басты атрибуттар екенін бағаласақ, шетелдіктер үшін Назарбаев есімінің құндылығын шамалай беруге болады.

Бұдан бөлек, Елбасы есіміне қатысты тағы бір мағыналар тізбегі  – «татулық» және «бейбітшілік, тұрақтылық» түсініктері жөнінде айта кетсек. Айтып қана қоймай, бұл ұғымдардың маңыздылығына баға берген де жөн. Өйткені шетелдік инвестицияның нөмірі бірінші осыған, яғни өз капиталының жұмыс істеу ортасының қауіпсіз болуын көздейтіні белгілі жайт. Мемлекеттің саяси тұрақтылығы, халқының татулығы, бейбітсүйгіштігі, доскөңілділігі, әрқашан құшақ жайып, қарсы алуға дайындығы бизнесмендерді Қазақстан экономикасына ақшы салуға мотивациялайтын айтулы факторлардың бірі. Әсіресе, Елбасымыздың шетелге месседж етіп таратып жатқан "халықтар татулығы мен діндердің бейбіт диалогы" өз жемісін беруде.

«Астана қаласында сәулетті ғимарат соғып, дүние жүзіндегі дәстүрлі діндерді бір шаңырақ астына қосу, дінаралық ынтымақ бойынша съезд, алқалы кеңестер өткізіп тұру идеясын батыл жүзеге асырған Н.Назарбаев ғаламдық шеңбердегі осынау игі істері әлемдік қауымдастық тарапынан кең қолдау тапты.

(К.Аннан, БҰҰ бас хатшысы, Астана, 2002 ж, 18-қазан).

«Қазақстан және Н.Назарбаевтың жеке өзі бейбітшілікті нығайтуға айтарлықтай үлес қосты».

(Дж. Стро, Ұлыбритания Сыртқы Істер министирі, Астана, 2004 ж, 5-ақпан).

«Прездидент Н. Назарбаев өзінің тату, көршілік саясатымен республиканы Орталық Азияда тұрақтылықтың факторы болуына елеулі үлес қосты».

(Г. Шредер, ГФР канслері, 2003 ж, 5-желтоқсан).

«Қазақстан басшысының аймақты өзара тату әрекет етуге бағытталған дәйекті, дана саясаты онда қауіпсіздікті сақтауға көптен-көп септігін тигізуде».

(И. Алиев, Азербайжан президенті, 2004 ж, 1-наурыз).

«Тұрақтылық, татулық, бейбітшілік және де олардан өрбитін қауіпсіздік ұғым концептісі-қай өркениет, қай мәдениетте, қай халықтың дәстүрінде болсын, канондық ұғымдар».

Сонымен қатар, зерттеуші Р.Кертай: «Н. Назарбаевтың сыртқы кескін-келбеті әйел адамдарға қатты ұнайды» дей келе, саясатке үшін кескін-келбетінің маңыздылығын атап өтеді. Сол айтпақшы, Нұрағаңның жүріс-тұрысы, сөйлеген сөзі, ұстамдылығы, сабырлылығы, ойлылығы шетел аудиториясына Е.Қ.Ертісбаевтың пікірінше: «Президент Н. Назарбаевтың фигурасы қоғамдық тұрақтылықтың белгісі іспеттес болып көрініп, жағымды әсер етеді». Инвестиция таратушы елдердің негізгі бөлігі христиан мемлекеттерінен екені мәлім. Ал жоғарыда атлған, яғни тұрақтылық, діндер достығы, оның Қазақстан образын аша түсуіне сеп қылады. 2001 жылы Рим папасы Иоанн Павл ІІ-нің елімізге ресми сапары Назарбаев есімінің алтын айшығына айналды. Қазіргідей христиан әлемі мен ислам әлемін қарсы қою заманында бұл ұтымды маркетингтік стратегия еді. Қазір Назарбаев десе әлемде және елде оған қандай анықтамалар беріледі?

         - Көп векторлы саясат приципінің авторы

          - Н. Назарбаев основатель казахстанской модели межэтнического и межконфессионального согласия (жинақтан)

          - человек с интернациональными убеждениями (законы лидерства)

Н. Ә. Назарбаевтың тәуелсіздік алғандағы басты жетістіктерінің бірі ретінде Сааданбеков миграция динамикасын сындыруын және де оны өз пайдамызға шешуін атайды: «Если люди раньше уезжали из страны в основном по экономическим и т.е. причинам, то теперь тысячи семей эмигрантов возвращаются в Казахстан, признавая его своей единственной родиной, прочным и комфортным домом» дей келе: «в этом еще раз проявляется взвещенная политика нашего президента, краеугольным камнем, которой является дружба народов» деп аяқтайды.

«Ұлыбритания премьер-министрі мен британдық компаниялар өзінің Қазақстандағы инвестицияларын қадірлейтінін және инвестициялаудың жаңа мүмкіндіктерін іздейтіндіктерін білемін» деп Елбасының айтуының өзі Назарбаев есімінің, образының бренд ретінде жеңіске жеткенінің айғағы. Генерал Ш. де Голль өз заманында сол Саданбековтің өз тілімен айтсақ, басқыншылармен күресуші Францияның бейнесіне айналса, яғни «из всего отечественного генералитета нашелся он, ставший олицетворением, сражающейся Франций» болса, тап солайша, Назарбаев есімі де екі мыңыншы жылдары әлемдік экономикада 4,5 пайызға өсумен келе жатқанда 9 пайыздық өсу коофициентін көрсетіп отырған саяси тұрақты, халқы бейбітсүйгіш, ұлттық және діни айырмаларға шыдамды, қарыштап дамушы, егемен, динамикалық Қазақстанның образына айналып отыр.

Осы ретте, «Қазақстан» концептісін Назарбаев есімінің жеке меншігі деп атаса болғандай. Бұл жағынан ол шетелдерге танымалдығы тұрғысынан барымыз да, нарымыз – ұлы Абайдан да озып тұр. Сәбит қажы Салқанұлы дәл осы жөнінде былай жазған: «Есіңізде ме, 90 жылдың басында әлем жұртшылығы Қазақстан деген ел барын онша елеп-ескеріп жатпайтын. Расы білмейтін. Осы атауға Назарбаев есімі қосылып айтылғанда ғана «е,» десіп, елеңдесер еді». Расында да, Кеңес Одағы атау-шатыры астында қалған 15 тіреудің бірі – Қазақстан шетелге аса танымал емес еді, танылса да кеше ғана танылды. Және де қажы мырзаның айтса айтқандай, Назарбаев атымен, дәлірегі, Назарбаев есімімен бірге танылды. Сондықтан да "Қазақстан" десе әлем жұртшылығының Назарбаевты, «Назарбаев» десе Қазақстанды елестететініне таңғалуға болмайды. Жай ғана елестетпей, оң бағада елестетуі «оң имидждің» бекігенінің көрінісі.

Шетелдіктер "Қазақстан" десе, сонымен қатар, фонтан болып атқылап жатқан мұнайды көз алдарына әкелетіні де бар. Мұнай коннатациясының Назарбаев есіміне, мұнай фонтанының да "Қазақстан" концептісі тұрғысынан жақындығы барын да атап өткен жөн. Мұнай теңізіне шомылып жүрген араб әмірлері секілді Н.Назарбаевтың да шетел басылымдарында мұнай фонтанының үстінде сөйлеп тұрған суретімен берілуі сөзімізге дәлел болады (New Time 2002 ж. 16 қазан). 

Ортақ тұжырым.

Елбасы Н.Ә.Назарбаев шетелдерге (сыртқы) «Назарбаев» фамилиясында көбірек танымал. Өйткені, мемлекет қайраткерлері, билік иелері өз аттарынан бұрын фамиляларымен танылады. Мәселен, Путин, Буш, Обама, Трамп т.б. 

Белгілі ғалым А.Р.Лурия  жазғанындай, адамдар егер ол тілді түсінбейтін болса , семантикасына бойлай алмайтыны себепті тек дыбыстық жығына назар аударады. Олар үшін Назарбаев есімі кезекті дыбыс шоғыры ғана, сонан кейін барып осы есімді иеленуші адамның өмірі, қайраткерлігі, сол арқылы қалыптасқан образы.

Шетелдерге бренд ретінде Нұрсұлтан Назарбаев есімінің  басты қызметі деп оның «стан» тобындағы (Ауғаныстан, Қырғыстан) «Қазақстанның» жағымсыз ассоцияциясын залалсыздандыруын, бір сөзбен айтқанда профилактикасын атауға болады.

Н.Назарбаев есімінің  эканомикалық маңызы зор. Назарбаев есімі шетелдік әлеуеттің біздің арнамызға құйылуының  стимуылы десек қызына сөйлегендік емес. Қазақстанның бет-бейнесі болса, ол – Назарбаев. Және де бұл бет-бейне (лицо) әлем үшін сондай жағымды, сүйкімді  бет-бейне. Ендеше, Н.Назарбаев есімін иеленген әуежай, оқу ордасы, яки даңғыл, жаңа гүл атауы болмасын, ол да болса танымал кәсіқой боксшымыз Г.Головкиннің «GGG» бренді секілді ұлттық қапиталымыздың өркендеуіне жұмыс жасайды. Замандар жылжыр, уақыт өтер, әйтсе де Қазақстан мемлекеттілігінің негізі ретінде «Назарбаев моделі» ең алдымен осы бренд аясында танылатын болады.

 

 

«Жалқы есімдердің жарнамалық қызметі» атты жарияланбаған зерттеу еңбегінен үзінді (Бүкіл пайдаланылған әдебиеттер тізімі аталған туындыда).

Мәдениеттанушы-лингвист Абылайхан Қалназаров

 

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер