Абайдың қуғын-сүргін көрген ұрпақтары
31.05.2018ж.

Абайдың қуғын-сүргін көрген ұрпақтары

Абайдың қуғын-сүргін көрген ұрпақтары Дереккөз: aikyn.kz

ХХ ғасырдың 20-жылдарынан бастап Кеңес Одағында тоталитарлық режим орнығып, ұзақ жылдар сталинизм зобалаңы дәуірледі. 20-30 жылдары Қазақстанды басқарған Н.Ежов, Ф.Голощекиндер жүргізген саясат рухани дамуға көп зиян келтірді. Ең алдымен, сергелдеңге қазақ халқының оқыған зиялылары түсті. Бас көтерер азаматтардың бәрі қуғын-сүргінге ұшырады. Солардың ішінде Абай ұрпақтары, туыстары да болды.

Тұрағұл Абайұлы (1876 – 1934) – Абайдың Әйгерімнен туған баласы, ақын, аудармашы. Жасында ауыл молдасынан сауат ашқан. Кейіннен өздігінен ізденіп орысша, арабша оқып, білімін жетілдірген. 1904 жылы Кішік-Тобықты еліне болыс болып сайланып, 1905 жылы өз арызы бойынша болыстықтан босатылған. 1916 жылы болыс сайлауында Шыңғыс елінің болысы Біләл Құнанбаевқа кандидат болып сайланған. 1917-1920 жылдары ол Семей өңіріндегі Алаш қозғалысына белсене араласып, әртүрлі қызметтер атқарған.
Тұрағұл бала жасынан әкесінің қолында тәрбиеленген. Сондықтан Абайдың әрбір өлеңі қай кезде қалай жазылғаны және кімге арналғанын жақсы білген. Ол Кәкітай Ысқақұлымен бірге 1909 жылы Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағын Петерборда бастырып шығарған. Сондай-ақ 1927 жылы Қазақ АССР комиссариатына тапсырған толық қолжазба жинақтың ғылыми құндылығы аса жоғары дереккөз екені анық. Тұрағұлдың соңғы аталған еңбегі бүгінде Қазақстан Республикасының мемлекеттік Орталық музейінде сақтаулы.
Тұрағұлдың Абай мұрасын жинастырып бастыруда аса құнды мағлұматтар жазып, ақын шығармашылығының текстологиялық түпнұсқасын қалпына келтіруде абайтану ғылымына қосқан үлесі зор. Ол М.Әуезовке «Әкем Абай туралы» деп, естелік жазып берген. Тұрағұлдың Абай туралы естеліктерінің қысқаша нұсқасы 1933, 1940 жылдары Абай шығармалар жинағында жарияланған.

Тұрағұл ақын болуымен қатар домбыра, скрипкада шебер ойнаған. Оның қызы, әнші Мәкен әкесінен үйренген Абайдың 17 әнін нотаға жаздырған. Төңкеріс орнағаннан кейін Алашорда үкіметінің белсенді мүшесі болып, Әлихан Бөкейхан, Міржақып Дулатұлы, Әлімхан Ермеков сияқты ұлт зиялыларымен қоянқолтық араласады. 1922 жылы Семейде Әлихан Бөкейхан мен Міржақып Дулатов тұтқынға алынады. Сол саяси науқанда Тұрағұл да түрмеге жабылып, төрт айдай қамауда болады. Ақшоқыда жатып, жазумен шұғылданады. Аударма жұмысымен айналысады. Ол М.Горькийдің «Челкаш» әңгімесін тұңғыш рет қазақ тіліне аударып, 1924 жылы «Таң» журналының №3,4 сандарында бастырған. А.Неверовтің «Мен өмірге жерікпін», «Мария – большевичка» (Москва, 1927) туындыларын және «Балалы әйел не білу керек?» (Мәскеу, 1927) деген ғылыми-медициналық кітапшаны аударып, бастырып оқырмандарға ұсынған. Тұрағұлдың келесі аудармалары «Антек» (Б.Прустан), Джек Лондонның «Баланың ерлігі» 1927 жылы «Кеңес Одағындағы елдердің кіндік баспасынан» 4 мың данамен жарық көрген. Тұрағұл Шәкәрім бастаған проза үлгісіндегі аударма жанрын ары қарай дамытқан. Абай шәкірттерінің ішіндегі нағыз аудармашылық биікке көтерілген адам. Тұрағұлдың өз ағасы Әбдірахманға тағы басқа арнаған өлеңдері Абай қорық-мұражайында сақтаулы.
1927 жылы Тұрағұлды қайтадан тұтқынға алып, 1928 жылдың көктеміне дейін түрмеде жатады. Түрмеден шыққан соң кәм­пес­келеніп, Шымкентке жер аударылады.
Тұрағұлдың үлкен баласы Ақыштың (Ақылия) естелігінде «Мұқаң (Мұхтар) мен Тұраш ағамның ақырғы кездесуі 1933 жылы болатын. Сол жолы Мұқаңның үйіне түскен. Алматыға келген соң Исаевқа (Ораз Исаев, Совнарком бастығы) арыз жазып: «Балаларым жоқ, өзіме жұмыс бермейді, рұқсат жоқ. Аудармаларым басылмайды. Қалай күн көрем, не істеуім керек?», – десе, Исаев: «Әзір ештеңе дей алмаймын. Кейін көрерміз», – деп жауап қайтарған» делінеді.
Тұрағұлдың зираты жайында қызы Мәкен: «Тұраш ағам 1934 жылы 6 наурыз күні, 59 жасында қайтыс болды. Шымкент қаласының орталығындағы мұсылман зиратына жерленді. Кейін сол зираттың үстінен химзавод салыныпты. Завод салынар алдында Тұраш ағаның сүйегін алатын жанашыр жақыны болмай, завод астында қалды. Ол кезде біз Шымкенттен ауысып, басқа жаққа кеткен болатынбыз», – деп жазады.

Жебрайыл Тұрағұлұлы (1903 – 1930) – Абайдың немересі. Ол Семейдегі орысша мектепті бітірген, қазақша-орысша сауатты болған. Домбыра тартып, ән салған. Ел арасына Абайдың, Шәкәрімнің көптеген өлеңдерін таратқан. 1917 жылы М.Әуезовтің «Еңлік-Кебек» пьесасы бірінші рет қойылғанда Жебрайыл Жапал болып ойнаған.
Мәкен Тұрағұлқызының естелігінде: «Тұрағұлдың Сақыпжамал деген әйелінен туған Жебрайыл (Жебеш) ең жақсы көретін баласы Семейде орысша орта мектепті бітіріп, Томскі институтында оқып жүрген шағында, Тобықтының шолақ белсенділерінің бірі 1928 жылы «Тұрашы кеткен соң, Жебеші де қалмасын» деген атпен газетке мақала жазып, институттан қуғызады. Содан соң Жебеш әкесінің артынан Шымкентке келіп, одан Ташкентке барып оқып жүргенде, 1930 жылы ауыр науқасқа ұшырап, ауруханаға түседі. Жебештің нашарлығын естіп, Тұрағұл Ташкентке барып, Мұхтардың (Әуезовтің) үйіне тоқтайды. Ол кезде Даниял Кәкітайұлы Ысқақов та Ташкентте тұратын. Жебештің жазылмасына көздері жеткен соң, Мұхтар мен Даниял оны ауруханадан алып шығып, бір оңаша үйге орналастырады. Дәл сол күні Мұхтар мен Даниял тұтқынға алынып, түрмеге жабылады. Бірнеше күннен кейін Жебеш қайтыс болады. Сөйтіп, Жебештен өлі айырылып, Мұхтардан тірі айырылған Тұрағұл қалың қайғыға батып, қан жылап құлазып қалады», – деп жазылған.

Бірінші қатарда: Мекайыл, Көкбай, Тұрағұл Екінші қатарда: Үсербай Қуандықов, Ахметкали Көкбайұлы

Бірінші қатарда: Мекайыл, Көкбай, Тұрағұл
Екінші қатарда: Үсербай Қуандықов, Ахметкали Көкбайұлы

Құзайыр Мекайылұлы (1912 – 1945) – Абайдың немересі. Шешесі – Дәмежан. Құзайыр бай тұқымы ретінде жер аударылып, елден қуылған. Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласына барып, қара жұмыс істеген. Сол жерден әскерге алынып, майданда қаза болған.

Қалышер Мекайылұлы (1921 – 1942) – Абайдың немересі. Шешесі – Дәмежан. Құзайырға бай тұқымы деп айып тағылып, жер аударылған. Фрунзе (Бішкек) қаласынан әскерге алынып, Отан соғысында қайтыс болған.

Бірінші қатарда: үшінші – Т.Құнанбаев, төртінші – Ә.Бөкейхан, екінші қатарда үшінші – К.Жанатаев Семей, 1918 жыл

Бірінші қатарда: үшінші – Т.Құнанбаев, төртінші – Ә.Бөкейхан,
екінші қатарда үшінші – К.Жанатаев
Семей, 1918 жыл

Бірінші қатарда: Жебрайыл (сол жақта), оң жақта: Кәмила Мағауияқызы, Мұғамила Мұхтарқызы, Мұхтар Әуезов

Бірінші қатарда: Жебрайыл (сол жақта), оң жақта: Кәмила Мағауияқызы, Мұғамила Мұхтарқызы, Мұхтар Әуезов

Зұбайыр Тұрағұлұлы ( 1907 – 1933) – Абайдың немересі, әйелі Қанағат (Кәкен) Жуантаяқ Тобықты Азубайдың қызы. Одан Кенесары (1928-1933) туған.
Зұбайыр балалық жастық шағын Абайдың көзі көрген ет жақын адамдардың арасында өткізген. 1928 жылы «бай-феодалдың тұқымы, Алашордашының баласы» деген айып тағылып, әулетімен бірге жер аударылған. Ол 4-5 жылдай қырғыз елінде, Мерке (Жамбыл облысы) маңында, Шымкентте, Ташкентте тұрған. 1933 жылы күзде Бішкекте қайтыс болған.

Абай өз отбасы ортасында. Бірінші қатардағылар: Бәкизат, Тұрағұл, Әубәкір; екінші қатардағылар: Абай, Еркежан, Кәмәлия; үшінші қатардағы – Мағауияи 1903 жыл

Абай өз отбасы ортасында. Бірінші қатардағылар: Бәкизат, Тұрағұл, Әубәкір; екінші қатардағылар: Абай, Еркежан, Кәмәлия; үшінші қатардағы – Мағауияи 1903 жыл

Әрхам Кәкітайұлы (1885 – 1963) – Абайдың туған інісі 
Ысқақтың немересі.
Төрт жасынан бастап Абайдың алғашқы немересіндей болып, маңайында өсіп, жүйрік шешен, дүлдүл әнші-күйшілерді тыңдап өседі. Атасы Ысқақтың баулуымен жас шағынан шаруаға мығым болып, ауыл молдасынан сауатын ашады. Орысша жазуды да, сөйлеуді де Абай ауылында үйренеді.
20 жылдарда Семейде әртүрлі шаруашылық жұмыстар істеп жүрген Әрхамды Мұхтар мен Даниял 1924 жылы Бақанас, Байқошқар өзені бойынан жер алып, арық қазып, егін салып еңбектенетін кооператив құруға жібереді. Алпыс үй кедейді жинап қала тәртібімен үй, мектеп, емхана, монша салып, су диірмені, май зауытын салып, аз жылда ол ырысты үлкен елдімекенге айналдырады.
Күншілердің жаласымен қамалып шығып, 1927 жылы Әрхам Көкпектінің Үшкөмей деген жеріне гортоправ болып барып, одан 1929-1930 жылдары Ташкентте «Қызыл партизан» колхозында жасырынып жүреді.
Осы жылдары Ташкентте тұрған кезінде, туған жерін, өскен елін сағынған сезімі «Бақанас» пен «Бақанаста туған-туыстарыма» деген өлеңдерінде баяндалады.
1939 жылы М.Әуезовтің шақыруымен Семейге келіп, Кәкітайдың досы Бекбай Байысовтың үйінде ашылған Абай музейінің қызметкері болып, іргетасын қаласқан.
1953 жылы Қарауыл ауылында тұрған Әрхам Кәкітайұлы ұлы Абайдың сүйегін алып кетпек болған әрекетке қарсы қол ұйымдастырып, Жидебайдағы Қызыл отау меңгерушісі есебінде қарашаңырақтың шырақшысы болды. «Абайдың өмір жолы» естелігі мен Шыңғыстау елі жөнінде құнды деректерді жазып қалдырды.
1961 жылы ғалым Әбіш Жиреншиннің көмегімен оның «Зағипа» поэмасы жеке кітап болып жарық көрді.
Әрхам адамгершілігі мол, мәдениетті, сабырлы, еліне абыройлы азамат болған.

Әубәкір Ақылбайұлы (1881 – 1934) – ақын, әнші-композитор. Абайдың немересі әрі шәкірті. Атасының шығармаларын халық арасына көп таратуға еңбек сіңірген. Әубәкірді Абайдың інісі Оспан балалары болмаған соң, бауырына басып, тәрбиелеген. Әубәкір өлеңді суырып салып та, жазып та шығарған. Немересінің ақындыққа бой ұрғанын байқаған Абай Әубәкірді ерекше жақсы көріп, бағыт-бағдар, ақыл-кеңесін беріп отырған. Әубәкір жас кезінен өлең-жырға құмар болып, шығыс қиссалары мен батырлар жырын жатқа айтып, домбырада күй тартып, ән салған. Абай тапсырмасымен әзіл, мысқыл, әжуа, сықақ өлең шығарып, ХIХ ғасырдың басындағы қазақ әдебиетіндегі сатираға өзіндік үлесін қосқан. Ол сол кездегі келеңсіз құбылыстарды аяусыз сынап:
– О, ішінде қымың да бар, жымың да бар,
Өмірде би болмаған сұмың да бар.
Анық әділ тартылса таразыға,
Балтаменен шабатұғын мінің де бар, – деп ащы мысқылға толы өлеңдер шығарып, халықтың көпшілігінің қараңғылығы мен надандығына жаны күйген. Әубәкір сатиралық өлеңдер мен бірге тарихи шығармаларға бет бұрып, «Мамай батыр», «Әнет бабаң», «Ақтабан шұбырынды», «Оралбай мен Керімбала», «Әреке мен Береке» деген әлеуметтік дастандар да жазған.
Кеңес үкіметі дәуірінде жазған өлеңдерінің көбі ел қазынасын жымқырған жемқор, пысықтарды әшкерелеуге арналады.
Кеңес үкіметі келгеннен кейін Әубәкірдің тұрмыс-халі нашарлап, жаз жайлауға көшуден қалады. Туған жер, өскен елінен де күдер үзе бастайды.
1928 жылы ағасы Тұрағұл кәмпескеленіп, жер аударылады.
Әубәкірдің басына қайғының қара бұлты төнеді. Құнанбай тұқымы түгел қуғын-сүргінге ұшырайды.
Ел аштықтан өле бастайды. 1931 жылы Шәкәрім атылады, оның баласы Ғафур түрмеде бауыздалып, өледі, Тұрағұлдың інісі Мекайыл да атылады.
Бүлініп жатқан өз елінде тұра алмайтын күйге жеткен ол 1931 жылы бас сауғалап, Үржар ауданына кетеді. Онда жүріп көңілі жай таппай, тұрақ таба алмай, Тұрағұл тұрған өңірге – Шымкент қаласында қоныстанады.
Әубәкір Ақылбайұлы – 1934 жылы, 53 жасында Шымкент қаласында қайтыс болады. Әйелі Кәмәлия Әубәкірден кейін ұзақ өмір сүріп, 90 жасында қайтыс болған. Ғабдысәлам, Әлихан деген екі ұлы Ұлы Отан соғысы майданында қаза тапқан.

Мекайыл Абайұлы (1884 – 1931) – Абайдың Әйгерімнен туған баласы. Арабша, орысша сауатты болған. Абай өлеңдерін түгелдей жатқа білген. Домбыра тартып, ән салып, әкесі жайлы білгендерін ел ішінде әңгіме етіп таратқан. М.Әуезов жас шағында Мекайылдың аузынан Абай туралы естеліктерін көп естіген. Ағасы Тұрағұл ауылымен бірге Ақшоқы маңайын, Тышқан деген жерді мекендеген. 1931 жылы бай баласы ретінде ұсталған. Сол жылы Семейде Түйемойнақ аралында атылған.

Бағыфұр Әлімқұлұлы  (1910 – 1981) – Абайдың шөбересі, мал дәрігері. Қ.Мыңбаев атындағы Қазақ мал шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының бас маманы болып, 25 жыл қызмет етті. Ол М.Әуезовтің ағасы Разақ Омарханұлының қызы Ғафураға үйленген. Одан Эрнест (1935-1982), Бауэр (1937-1979), Айдар (1949 жылы туған) үш ұл сүйген.
М.Әуезовпен сырлас іні, сыйлы күйеу бала ретінде етене араласып тұрған. Құнанбайдың, Абайдың, Мұхтардың пайдаланған заттарын тиянақтап, ұлы ақынның Семейдегі мұражайына тапсырған. Соның ішінде Құнанбайдың Меккеден киіп келген тақиясы да бар.
Б.Ерсәлімовтің «Құнанбайдың қуғын-сүргін көрген ұрпақтары» кітабында Бағыфұр Ақылбаевтың 1933 жылы Жарма жақта қамалғандығы туралы айтылады.

Даниял Кәкітайұлы (1897 – 1945) – Абайдың інісі Ысқақтың немересі, жазушы, аудармашы, сыншы, Қоғам қайраткері.
Шыңғыстауда туған. Ауылда сауатын ашып, ауыз әдебиеті мұраларын тыңдап, Абай, Шәкәрім шығармаларын жаттап өскен. 1907-1912 жылдары Даниял Семейдегі орыс-қазақ мектебінде оқып білім алған. Мұхтар Әуезовпен достығы да сол мектепте басталады.
1920 жылы қоғамдық істерге араласа бастаған ол губерниялық атқару комитетінің бөлім меңгерушісі қызметін атқарады. Ташкенттегі Орта Азия университеті (САГУ) Қаржы-экономика факультетінде оқып жүргенде Мұхтармен тағдыры тоғысады. 1925 жылы Даниял мен Мұхтар бірігіп, «Наш ауыл» деген әліппе құрастырады. Кейін Даниял қазақ тілінде «Өзбекстандағы қазақ балаларына арналған жаңа әлипби» деген көлемді еңбек жазған. Бұл әліппе 1926 жылы Ташкентте жарық көрген. Ташкентте Халел Досмұхмедовтың мұрындық болуымен шығып тұрған «Сана» журналының алқа мүшесі болады. «Сана» – Түркістан АССР-і Ұлт істері комиссариатының жанындағы қазақ-қырғыз білім комиссиясының журналы. Екі айда бір рет шығып тұрған. Онда әдеби, ғылыми, экономикалық мәселелер көрініс тапты. Алғашқы саны 1923 жылы жарық көрді. 1924 жылғы қарашада соңғы саны шығарылды.
Даниял Ысқақов негізінен, қаржы-экономика салаларында көп еңбек еткен. Жазықсыз жаламен М.Әуезов екеуі бірге ұсталып, 1930-1932 жылдары қызыл қырғынның құрбаны болды. Б.Ерсәлімовтің «Құнанбайдың қуғын көрген ұрпақтары» деген кітабында: «Жан досы Мұхаңмен қатар түрмеге жабылып, сан босаған Даниял 1937 жылы Наркомпроста Темірбек Жүргеновтің қаржы жөніндегі орынбасары болып қызмет атқарып жүргенде қайта жабылып, сол жылғы НКВД-ның қараша айындағы үкімімен алдында ату жазасы белгіленіп, артынан каторгаға айдалады», – деген жолдар бар. 1945 жылы айдауда жүріп, асқазан ауруының асқынуынан қайтыс болған.

Ортада отырғандар: Әбіш Жиреншин, Әбілхан Қастеев, Әрхам Ысқақов Абай ауданы. 1947 жыл

Ортада отырғандар:
Әбіш Жиреншин, Әбілхан Қастеев, Әрхам Ысқақов
Абай ауданы. 1947 жыл

Мүбәрәк Ахметбекұлы – Абайдың інісі Ысқақтың немересі. 
Семейдегі мұғалімдер гимназиясында оқыған. Семей­дегі мұғалімдер инсти­тутында оқып жүрген кезінде 1937 жылы қуғын-сүргінге ұшыраған.

Медіғат Ахметбекұлы – Абайдың інісі Ысқақтың немересі. 1937 жылы 24 қаңтарында ұсталып, он жылға айдалған.

Ахметбек Ысқақұлы (1875 – 1937) – Кәкітайдың туған інісі.
Ахметбекті көрген­дер көзі ашық, көңілі ояу, мәдениетті адам болған деседі. Ахмет­бек­тің Мүбәрәк, Меді­ғат, Талғат, Жәудат деген ұлдары, Ғалия, Қапиза, Үбісән және Кәсира атты қыздары болған.
Ағасы Кәкітайдың үлгі-өнегесімен Ахметбек те балаларын жас кезінен оқытып, жақсы тәрбиелеп, өсіреді. Ауыл молдасынан сауатын ашқан соң, ұлдарының бәрін де қаладағы орыс мектебінде оқытқан. Үлкен баласы Мүбәрәк Семей гимназиясында оқыған.
Ахметбек 1931 жылы тұтқындалып, түрмеге жабылып, хабар-ошарсыз кеткен. М.Ысқақованың «Ұлы Абайға адалдық» кітабының (Семей, 2002 жыл) 191-бетінде Ахметбектің қайтыс болған жылы – 1937 жыл деп көрсетіледі.

Қазан төңкерісінен кейінгі жылдар – қазақ халқының тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі. Абайдың қуғын-сүргінге ұшыраған ұрпақтары мен туыстарының тағдыры сол зұлмат жылдардың жаңғырығы іспетті.

 

Майкен ЖҮНІСОВА, 
Абай музейінің ардагер қызметкері

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер