Басып шығару нұсқасы
05.06.2018, 13:13

Денсаулық және дабыл

Нұрсұлтан Назарбаев аурудың алдын алу маңызды екенін және ұлттың дені сау болуы үшін азаматтардың маңызды рөл атқаратынын айтқан болатын. «Денсаулықты жақсартуға адамдардың өзін тарту қажет. Адамның денсаулығы тек 10-15% медицинаға тәуелді. Одан басқасы түгелдей адамның өзіне байланысты» деген еді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы тұрғындар арасында саламатты өмір сүру салтын насихаттау мәселесіне баса басымдық беріп, қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа жеткізу міндетінің маңызды екенін атап көрсеткен еді.

Алматыда 24 мамырда жоғары оқу орнының бірінші курс студенті менингококк жұқпасынан қайтыс болды. Дәрігерлердің айтуынша, науқас студентке қауіпті инфекцияның жылдам тара­ла­т­ын түрі жұққан. Алматыда соңғы бірнеше күннің ішін­де осымен төрт адам менингиттен қайтыс бол­ған. Олардың екеуі ересек адам болса, екеуі – балабақшаға барып жүрген бүлдіршін. Таяуда 5 жасар бала қайтыс болғандар тізімін толық­тыр­ды. Қалалық Қоғамдық денсаулық қорғау де­пар­таментінің деректері бойынша Алматы ауру­ха­наларына менингококк инфекциясын жұқтыр­ған болуы мүмкін деген күдікпен дәрігерлік көмекке жүгінген 50-ден астам адамның 29-ының осы дерт­ке шалдыққаны анықталды.
Дәрігерлер биыл Алматыда менингит ауруы қат­ты қозып кеткенін мәлімдеп отыр. «Қауіпті бак­терияны күн сәулесі жоятын болғандықтан, ауа райы жылынғаннан кейін дерт бәсеңдейді» де­ген болжам бар.
Биыл көктем кеш шықты. Ауа райының сал­қын­­дығы қатты білінеді. Менингиттің қозуына сол себеп пе?
Дәрігерлер менингококк инфекциясын Neisseria meningitidis бактериялары қоздырады, ауру түрлі клиникалық белгілермен пайда болады – ин­фекцияны таратушыда оның белгілері білін­беуі де мүмкін немесе мұрын-жұтқыншақ қ­а­бынуы, ми қабығының қабынуы және менин­го­кок­ктық сепсис түрінде өрбитінін еске салуда.
Дәл осындай жағдай 2004 жылы орын алған еді. Сол жылы Алматы қаласында мамыр айынан бас­тап, менингитпен ауырған 772 адам тіркелген. Ма­мандардың айтуынша, олардың 87 пайызы – 14 жасқа дейінгі балалар. Барлық тіркелген­дер­дің 6 пайызы – Қазақстанның түрлі аймағынан кел­гендер. Еліміз бойынша 911 адам ауырған, оның 772-сі – Алматыда. Шығыс Қазақстан об­лы­сын­да – 52 адам. Қарағандыда – 23, Павлодарда – 17 адам. Алматы облысында – 14 адам. Рес­пуб­ли­калық санэпидемиялогиялық стансаның зерт­ханасына қаладағы су қоймаларындағы су тек­серу­ге алынып, оның бірінен «Коксаки В» эне­теровирусы табылған.
Мамандардың айтуынша, елде менингит ау­руының кең таралуы 80-жылдардан кейін қай­та­ланған. 2004 жылы инфекция басталған кезде 20 баладан қан нұсқасы алынып, Американың зерт­теу орталығына жіберілген. Соған байла­ныс­ты осы вирусқа қарсы алдын алу шаралары жа­са­лады делінген. Содан бері ештеңе істелмегені ме?
Дәрігерлердің айтуынша, менингиттің ең ал­ғаш­қы белгілері желке тұста бастың қатты ауы­руы, адамның басы айналып құсқысы келуінен ай­қындалады. Ауру жедел басталады, дене қызуы 38-40°С-қа дейін көтеріледі. Мұрынның бітуі, та­мақтың ауырсынуы мен жыбырлауы байқалады. Адам­ның басы қатты ауырады. Кенеттен бас­талатын түрінде денеде, үстінен басқан кезде жо­ғал­майтын гемморагиялық жұлдызша тәрізді бөрт­пелер пайда болады. Бөртпе көбіне бөкседе, аяқ-қолда, денеде байқалады, ауыр жағдайда – қа­бақ пен бетке де шығады.
Қазақстан медицинасы осынау дертке қарсы тұра ала ма? Дереу дабыл қағылып, менингиттің таралуына шектеу қойылмаса және емдеу шара­лары жасалмаса, қиын болатын түрі бар.
Адамның денсаулығы – ұлттың, мемлекеттің бай­лығы. Ашық күнде сол байлықтан айырылып қал­майық!

 

Нұртөре ЖҮСІП

Дереккөз: aikyn.kz

Ұқсас сілтемелер