Басып шығару нұсқасы
07.08.2016, 02:13

Сақалды апа немере келін түсіріпті

С.Кенжалиева С.Кенжалиева zamana.kz

Оңтүстік Қазақстан облысының Қазығұрт ауданындағы Тұрбат ауылында тұратын Мухтабар Тораева «Замананың» тұрақты оқырмандарына «Сақалды апа» деген атпен етене таныс деген ойдамыз. Таяуда ол кісі немересі Абдулатифті үйлендіріп, үлкен қуанышқа кенелді, деп жазады zamana.kz.

«Осы күнге жеткеніме, немере келіннің қолынан шай ішу бақытын Құдайдың бұйыртқанына мың шүкір! Осыдан біраз уақыт бұрын оң көзім қатты ауырып, жанарымнан айырылып қаламын ба деп қауіптеніп едім. Қалай болар екен, шалымның артынан баратын уақыт жеткені ме деп іштей қинал­ғанмын. Бірақ көретін жарығым бар екен, балаларым Ташкентке апарып, үш миллион сум төлеп, көзіме ота жасатты. Содан бастап көзім шайдай ашылып қалды. Бүгінде, міне, немере келінім Зулфизар берген тәп-тәтті шайды ішіп, мәз-мейрам болып отырмын. Бұйыртса, таяу уақытта, бір-екі айдың көлемінде немере қызымызды ұзатпақшымыз. Оған да осы ауылда тұратын, өзіміз бұрыннан танитын кісілер құда түсіп қойды. Сақалды апаларыңның өмірі осылай өтіп жатыр», - дейтін көрінеді қал сұрай барған тілшіге ол кісінің өзі.

"Биыл 68 жасқа толыпты. «Құдай бұйыртса, 70 жылдық мерейтойыма «Замана» ұжымын арнайы шақырып, қонақ етсем деген ниетім бар», – дейді ол кісі. Ал апамыздың сақалы сол күйінде. Жас келген­діктен бе, аздап сиреген, ағарған. Бірақ ұзындығы сол қалпында, 13 сантиметрден аспапты. «Есіме түссе тараймын, әйтпесе оның бар-жоғы  да білін­бейді. Тек бес уақыт намазымның алдында сумен жуып қоямын, болды», – дейді Мухтабар апа, деп толықтырған zamana.kz.

Айта кетейік, аталған басылым редакциясы 2009-жылы «Мухтабар апа сақалымен мақтанады» деген тақырыпта мақала жазған. Содан бері сақалды апаны бүкіл Қазақстан тани бастаған. «Қазақстан», «Еуразия», «КТК», «Ел арна», «31» телеарналары Мухтабар Тораева туралы арнайы репортаждар түсіріп, оны өздерінің арнайы бағдарламаларына шақырған екен.

 

С.Кенжалиева zamana.kz

Ұқсас сілтемелер