Басып шығару нұсқасы
07.03.2018, 15:32

15 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында: «Алтыншы бекет» шынайы оқиғалы фильм (видео)

Ақтауда 2010 жылы түрмеден қашқан 21 тұтқынның жолына тосқауыл қоя білген жас сарбаз Ербол Отарбаев туралы түсірілген «Алтыншы бекет» кинокартинасы 15 наурыздан бастап еліміздің барлық кинотеатрларында көрсетіле бастайды, деп хабарлайды silteme.kz AA.

Аталған туындыны Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің тапсырысы бойынша қазақстандық «Аю синема» кинокомпаниясы «Хабар» агенттігімен бірлесіп түсірген.

Фильм сюжетінің желісі Ұлттық ұланның жауынгері Ербол Отарбаевтың Ақтау қаласындағы түзеу мекемесін күзету бойынша қарауыл қызметінде тұрған кездегі жанқиярлық ерлігіне құралған. Сол кезде жас жауынгер қатаң тәртіптегі колониядан қашпақ болған 21 жазасын өтеушінің жолына жалғыз өзі тосқауыл болған еді. Кейіннен осы ерлігі үшін Ербол Елбасының Жарлығымен ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды. Бүгінгі таңда ол Ұлттық Ұланның офицері болып қызмет атқаруда.

Фильм режиссері - Серікбол Өтепбергенов. Ал басты рөлдерді Ғани Құлжанов, Саят Исембаев, Санұржан Сүлейменов сынды актерлер сомдаған.

Жобаның басты мақсаты - жанқиярлық ерлікке толы оқиғаларды халыққа экран арқылы көрсету.

Фильм 15 наурыздан бастап көрермен қауымына ұсынылады және ол лаңкестік пен экстремизмнің алдын алуға шақыратын, радикалды дәстүрлі емес діни ағымдарды насихаттауға қарсы құрал болып саналады.

Ұқсас сілтемелер