Басып шығару нұсқасы
22.08.2016, 09:48

Өскеменде жаңадан салынып жатқан 325 пәтердің құны нарықтағы бағадан төмен болады

Өскемен қаласында 7 көпқабатты үйден тұратын жаңа шағын аудан ашылмақ. «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында «Самрұқ Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ қолдауымен бой көтеретін үйлердің іргетасы қаланды, деп хабарлайды altai.kz.

Жібек жолы даңғылының бойына салынатын жаңа ауданда жалпы саны 325 пәтер болады деп жоспарланған. Алғашқы кезекте тоғыз қабатты 3 үй бой көтереді. Ал тұрғындарға қолайлылық туғызу мақсатында үйлердің бірінің бірінші қабатында 75 балаға арналған шағын орталық ашылады.

Сонымен қатар, құрылысшылардың айтуы бойынша, ауданның жобасын құру барысында ШҚО әкімі Даниал Ахметовтың ұсынысы ескеріліп, әрбір үйдің жертөлесінде іші кең автотұрақ болмақ. Аудан құрылысының бірінші бөлігі 2018 жылы аяқталады. 

"Салынып жатқан үйлердің бағасы нарықтағы пәтер бағасынан төмен болады. Бұл жерде тек пәтерлер емес, коммерциялық мекемелер де ашылады. Алаңды толықтай абаттандырып, пәтер иелеріне қолайлы жағдай жасау да жоспарға кіргізілген", – деді «Самрұқ-Қазына» жылжымайтын мүлік қоры» АҚ басшысы Бауыржан Мамыталиев.

Мамандардың айтуынша, құрылысқа заманауи құрылғылар мен жабдықтар қолданылатындықтан, құрылыстың сапасы артып, электр қуаты 20%-ға дейін үнемделетін көрінеді.

Ұқсас сілтемелер