Басып шығару нұсқасы
11.10.2016, 12:49

Р.Тәжібаева: Қазір біз «Экспо 2017» қарсаңында қаланың туристік картасына ендік

Бұл туралы бүгін ОКҚ-ғы журналистер арасында өткізіліп жатқан Ұлттық «Самғау» байқауының барысы туралы қоғамдық комиссияның брифингінде «Халық маркасы» қазақстандық тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау жүйесі федерациясы» ЗТБ президенті Рима Тәжібаева мәлімдеді, деп хабарлайды silteme.kz.

 «Елорданың Орталық базарындағы «Самғау» сауда орынында жақында ашылған павильон қазақстандық тауармен толығуда. Отандық өнімнің басын қосқан осынау алаңнын артықшылығы – сатушылар орынды жалға алу үшін ақы төлемейді. Тауарын қою тегін. Қазіргі таңда тауар айналым көлемі 20 миллион теңгеден жоғары. Біз бұл қадамдар арқылы отандық төл брендтерімізді кеңінен насихаттауды көздейміз», - деді ол.

Р.Тәжібаеваның айтуынша, желтоқсан айының соңына дейін осы 5 мың шаршы метр толып, әрі қарай 15 мың шаршы толтырылады. Осылай сауда орталығының 3 қабатының барлығында «Қазақстанда жасалған» белгісі аясындағы тауарларды ілгерілету жұмыстары жалғасын таба береді.

«Бүгінге дейін бұл павильонда 100 шақты компания өз орнын алып үлгерді. 10 мыңнан астам отандық тауардың үлгісі бар. Жоспардағы меже – 500 брендті орналастыру. Қазір біз «Экспо 2017» қарсаңында қаланың туристік картасына ендік. Өйткені, келуші қонақтардың бәрі, соның ішінде шетелдік қонақтар арнайы іздеп келуде. Әзірге Астанада ғана жұмысын бастаған тың жобамыз сәтті жүзеге асуда. Бұйыртса, өзге шаһарларда да халық маркасы сауда алаңдары ашылады. Соның ішінде Шекара маңына қатты көңіл бөлудеміз», - деп түйіндеді ЗТБ президенті. 

Айта кетейік, ҚР Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай 25 тамыз бен 10 желтоқсан аралығында журналистер арасында «Самғау» ұлттық байқауы өткізілуде. Аталған байқаудың мақсаты – Халық маркасы сертификатына ие болған қазақстандық өндірушілердің үздік және қолжетімді өнімдері туралы мәлімет беру, сондай-ақ, отандық брендтер жайлы тақырыпты халыққа түсіндіріп таратуға үлес қосатын үздік жұмыстарды анықтау.

Ұқсас сілтемелер