Басып шығару нұсқасы
11.11.2019, 23:32

Ауыл шаруашылығы өндірісінің мәселелерін шешу жолдары баяндалды

Бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында аграрлық ғылым, білім беру мен ауыл шаруашылығы өндірісінің өзара қарым-қатынасының мәселелерін шешу жолдарына арналған баспасөз конференциясы өтті.

Іс-шараға «Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығы» Коммерциялық емес Акционерлік Қоғамының (КеАҚ) Басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков қатысып, еліміздің аграрлық ғылымын дамыту жолында жасалып жатқан жұмыстармен таныстырып, саланың өзекті мәселелерін сөз етті.

«Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне агроөнеркәсіптік кешенді реттеу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңында ауыл шаруашылығы бейіні маман-түлектерінің тізімін кеңейту бөлігінде «Білім туралы» ҚР Заңына өзгерістер енгізу көзделген. Олар меншік нысанына қарамастан, ауылдық жерлерде орналасқан аграрлық мекемелерде кемінде 3 жыл жұмыс істеуі тиіс және жұмыс істеу өңірін анықтау бойынша шектеулерді жою қарастырылған.

Аталған өзгерістер ауыл шаруашылығы мамандықтары бойынша оқуды тәмәмдаған ауыл тұрғындары қатарындағы азаматтарға квотамен жұмысқа орналасуға және өңірлерді АӨК кәсіби кадрларымен қамтамасыз ету деңгейін арттыруға мүмкіндік береді.

Сондай-ақ, бүгінгі күні ҚР агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасына өзгерістер мен толықтырулар енгізу жобасы әзірленді.

«Бүгін біз, ҰАҒБО, білімді таратудың ұлттық жүйесін қалыптастыру бағытында жұмыс істеп жатырмыз. Біз алдыңғы қатарлы аграрлық технологияларды, ғылыми сүйемелдеуді, консалтингті және технологиялар трансферін көрсетуді жүзеге асыратын 22 білім тарату орталығы базасында жаңа білімге оқытамыз. Бұл орталықтар фермерлердің мәселелерін анықтауды және ҒЗИ міндеттерін айқындауды қамтамасыз етеді.

Extension жүйесі республикалық деңгейдегі оқу-әдістемелік орталықтар ретінде үш аграрлық университетті (ҚазҰАУ, ҚазАТУ, БҚАТУ) қамтиды. Облыстық деңгейде АШБ, тәжірибелік-өндіріс шаруашылығы, сондай-ақ аграрлық колледждер болады. Жүйенің негізін елдің 163 ауылдық ауданындағы агроколледждер құрайды», - деп атап өтті «ҰАҒБО» КеАҚ Басқарма төрағасы Төлеутай Рахымбеков.

Ұқсас сілтемелер