«Зерде» холдингімен бірігіп жасаған жұмыстар үшін серіктестерімізге алғыс білдіремін. Премьер-Министр Бақытжан Сағынтаевтың АҚШ-қа сапарынан кейін, Қазақстанда Кремний алқабы бұрышын дайындау туралы тікелей тапсырма алдық. Ел экономикасын цифрландыру мәселесі біз үшін өте маңызды. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын қабылдау туралы тапсырма бергендігін білесіздер. Осы тапсырмалар аясында бүгін Кремний алқабы бұрышын таныстырдық», – деді Д. Абаев. «Зерде» холдингінің басқарма төрайымы Әсел Жиенбаеваның айтуынша, бұл – үздік технологияларды зерттеу және Қазақстанның цифрлы экономика мен технологиялық жаңғыртуға бет алысын көрсету алаңы. Қазақстандағы Кремний алқабы бұрышының негізгі міндеті экономиканы цифрландыру бойынша «Зерде» серіктестерінің жаңа шешімдерін және шет мемлекеттерде, экономиканың түрлі салаларында қолданылатын тәжірибелерді таныстыру болады. Тағы бір айта кетерлігі, ЭКСПО көрмесінен кейін де Кремний алқабы бұрышы өз жұмысын жалғастырады және оның алаңында әлемдік ауқымдағы түрлі стартаптар таныстырылады. Айта кетейік, 2017 жылдың сәуірінде ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаев ҚР Президенті Н.Назарбаевтың тапсырмасы бойынша АҚШ-қа жұмыс сапарымен барды. Мұнда әлемдік инновациялық көшбасшылар қатарындағы компания өкілдерімен кездесулер өткізіп, Қазақстан экономикасының үшінші жаңғыртылуы аясында бірлескен ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады және Кремний алқабында Қазақстан Өкілдігін ашу туралы келісімге қол қойды.