Алматыда Маркетологтар клубының мүшелері нарық мәселелерін талқылад, деп хабарлайды palata.kz.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасы жанындағы Маркетологтар клубының кезекті отырысының тақырыбы: «Интернет маркетинг: бір күннің ішінде клиентті қалай табуға болады?» деп аталды. Бизнес-кеңесшілер жиналғандарға Instagram мен Youtube-те қалай монетизациялауға, «ақшалы клиенттерді» алып келетін маркетингті қалай жасауға және әлеуметтік желілер арқылы бір күн ішінде қалай табыс табуға болады деген сынды мәселелер туралы айтып берді.

Бизнес өкілдерімен кездесуге білікті мамандар тартылған. Олардың арасында бірнеше өндіріс және қызмет көрсету компанияларының серіктесі, «Қазақстандағы тұңғыш бизнес-акселатор» жобасының құрылтайшысы, кәсіпкер Вячеслав Попов, жоба менеджері, «Diis.kz маркетинг & дизайн» маркетинг және дизайн агенттігінің қожайыны, Ummostore.kz кітап дүкенінің иесі, ҰБТ-ға дайындық мектебінің, «Aiplus» ҒЗИ-ның бірлескен иесі  Азамат Адайбеков, YUFRAME жобасының қатысушысы әрі менеджері Расул Абдуллаев, сондай-ақ, Алматы қаласы Кәсіпкерлерді қолдау орталығы тәжірибелі маркетологтары да болды.

Алматы қаласы Кәсіпкерлер палатасының қаржылық емес қолдау бөлімінің жетекшісі Мәриям Хасанованың заманауи бизнес қызметіндегі маркетингтің ролі туралы алғысөзінен кейін, шеберлік сабақтары басталды. Осылайша, Вячеслав Попов IT-саласындағы сатылым мен маркетингтің өзара байланысы туралы өз тәжірибесімен бөлісті. Контекстік жарнама жайлы спикер Азамат Адайбеков әңгімелеп берді. «Клиенттер тобын Google, Yandex іздеу жүйелеріне кілт сөзді теру арқылы қалай әкелуге болады? Сіздер SEO (Search Engine Optimization) жүйесімен таныссыздар. Ол – іздеу жүйесіне өз өніміңді орналастыру болып табылады. SEO-ға әсер ететін факторларға: жарнамалайтын беттің мәтіні, сыртқы сілтемелер, мінез-құлық факторлары, іздеу барысындағы сайт CTR-і, сайттан бас тарту көрсеткіштері, қолданушылардың қайта кіруі, қолданушының сайтта отырған уақыты, қолданушы қараған беттер көлемі, трафик көздері, сайтқа кірушілер мөлшері, сайттың бейімділігі жатады. Сонымен қатар, әлеуметтік желілерде жарнамалау әдістеріне тоқталғанымыз абзал. Оларға: ақылы жарнама, жаппай тіркелу немесе лайк басу, селебрити (жұлдыздар, пікірлер көшбасшысы)», – жатады деп атап өтті ол.

Клубқа қатысушылар маркетологтардың кәсібилігі есебінен қатысушы-компаниялардың бәсекеге қабілеттілік жағдайын жақсарту, көпшілік алдында өз пікіріңді айту, ой-талқы, пікірталас арқылы кәсіби білім ауқымын кеңейту және тәжірибе алмасу секілді өздерінің  мақсаттарына жеттік деп санайды.