Басып шығару нұсқасы
13.02.2020, 10:01

Қаржылық тәуелсіздікке жету үшін қаржыны қайда құю керек? Роберт Кийосакиден кеңес

Роберт Кийосаки бай болатын адамның ақшасын көбейтер активтерді, ал кедейлер мен орта таптың өздері актив деп санайтын пассивтерді сатып алатынын айтады. Осы актив пен пассивтің айырмасы неде? Үлкен бизнес бастауға мүмкіндік болмаса, тіпті миллиондаған байлықты емес, өз-өзіңізді толықтай қамтамасыз етуге жететіндей жағдайға жеткіңіз келсе актив пен пассивтің айырмасын білу шарт.



 
Актив деген сіз жұмыс істемей-ақ, ай сайын тұрақты түрде қалтаңызға қаржы құйып тұратын дүниелер. Мысал үшін жалға берген пәтерлеріңіз, жалға берген көліктеріңіз, сатқан авторлық құқығыңыз (мысал үшін сіздің өтімді кітабыңыз болса сол кітапты шығарған әр баспа сізге ай сайын қаламақы аударып отырады), күндіз-түні сіздің қатысуыңызды қажет етпейтін, сіздің қадағалауыңызбен, қызметкерлердің күшімен басқарылатын бизнес, құнды қағаздардан түсіп тұратын пайыздар, белгілі бір компаниялардағы акцияларыңыздан ай сайын түсіп тұратын табыстар. Егер сіз бір компанияның 20-30 пайыз акциясын сатып алсаңыз сол компанияның бизнесінен ай сайын сізге ақша түсіп тұрады.
 


Ал енді пассив дегеніміз сізге пайдасы бар, бірақ шығыны мол, тым қымбатқа түскен, бір сөзбен айтқанда сіздің қалтаңыздан көп шығын шығаратын немесе кіріс кіргізбейтін дүниелер. Мысал үшін ипотекалық несиеге алынған пәтер, несиеге алынған көлік, тұтынушылық несие, несиеге алынған жиһаз, қымбат тон және т.б. Зейнетақы жарнасы да осыған жатады. Мысал үшін сіз алғашқы жарнасын жинап, 15 жылға банктердің стандартты ипотекасымен пәтер алдыңыз делік. Ай сайын 64 мыңнан төлейсіз. Бірақ сол 15 жылдың алғашқы жылдарында ай сайын төлейтін 64 мыңның 57 мыңы банктің пайызына кетеді. Сіздің негізгі қарызыңызға кететіні 6-7-ақ мың. Ай сайынғы төлем түгелдей дерлік банк иесінің қалтасына кетіп, желге ұшып жатыр деген сөз. Сіз осылайша ипотекаға алған сомаңызды 15 жылда 1,5-2 есе артық қайтарасыз. Несиеге алынған көлік те, кез келген қымбат зат та сондай. Себебі барлық несиеде банктер бірінші өздерінің пайызын қайтарады.


 
Актив кіріс кіргізеді, пассив шығын шығарады. Мәселен, сіздің ай сайынғы кірісіңіз: жалақы, қосымша еңбек етіп тапқан тиын-тебеніңіз, бизнесіңіз болса содан түскен қаражат. Жұмыстан алатын жалақы мен қосымша еңбектен табатын табыс активке жатпайды. Бұлар тек ай сайынғы кіріс. Себебі сіз қол еңбегін тоқтатқан күні бұл кіріс те тоқтайды. Ал актив сіздің жұмыс істеген, істемегеніңізге қарамай, ай сайын тұрақты кіріс кіргізіп отырады. Әдетте көпшілік ай сайын тапқан табысын активтердің санын ұлғайтуға емес, керісінше пассивтерге салады. Ел-жұртқа көрсетуге көлік, тон, алтын алғанды жақсы көреді. Пассивтің саны өскен сайын сізге бүгінгіден де көбірек жұмыс істеу керек болады. Себебі қарыз ұлғаяды. Мұндай адамның қателігі қаншалықты көп жұмыс істесем, соншалықты табыс тауып, байимын дейтінінде. Пассив саны өсіп жатқанда ол адам ешқашан байымайды. Жай ғана аяқ асты үш ай ауырып, ауруханада жатып қалдыңыз делік, жұмыстан жырақтайсыз. Немесе қысқарып, жұмыстан шықтыңыз делік. Екі жағдайда да жалақы, яғни, ай сайынғы кіріс тоқтайды. Жанталасып, басқа жұмыс іздеу керек болады. Ал сізде активтер болса сіз жалақыға тәуелді болмайсыз. Әйтеуір өмір сүретін ақша түсіп тұрады. Қаржылық тәуелсіздікті пассивтер емес, активтер қамтамасыз етеді. Қаржылық еркіндікке жеткісі келетін адам осыны есте ұстаған абзал.


 
P.S.: Суреттерде кіріс пен шығыс, актив пен пассив есебін баған түрінде бердік. Ай сайынғы кірісті пассивтер бағанына емес, активтер бағанына құюға ден қойыңыз.
 

Автор: Ақбота Күнтуғанқызы

Дереккөз: reactor.inform.kz

Ұқсас сілтемелер