Басып шығару нұсқасы
26.08.2016, 22:32

«Қамалған» көлік үшін айыппұл салу заңды ма?

Кей жағдайларда автокөлік иелерінің көліктері «қамаққа» алынатыны белгілі. Дегенмен көп адамдар оның заңды емесін білмейді. Сондықтан бұл жөнінде де айта кетуді ұйғардық.

Көлік «қамаққа» оның иесі жол ережелерін бұзса (көлікті мас күйде жүргізсе, өзінде тиісті құжаттар жоқ болса, көліктің нөмірі болмаса) қойылады. Бір айта кетер жайт, егер жүргізушінің жанында көлік жүргізуге құқы бар адам болып, ол рульге отырар болса, онда көлік «қамаққа» алынбайды.

Ал егер жүргізуші «қызылға» өтіп кетсе, ремень тақпаса, жылдамдықты арттырса, «двойной» жолақты басса және тағы басқадай жағдайларда көлік «қамаққа» алынбайды.

Егер жүргізуші тұрақ ережелерін бұзған болса, бірақ полицейлер оның өзін таба алмаса, онда көлікті «қамаққа» әкетуі әбден мүмкін. Яғни көлігін жолға қоя салып бір шаруасымен кеткен немесе «тұруға тиым салынған» деген жерге қойып кеткен болса, онда жүргізуші көлігінің «штраф­стоянкадан» шығуына «мүмкіндік» туады. Бірақ тәртіп сақшылары оны «қамаққа» иесін таяу маңнан (дүкен, шаштараз, т.б.) іздеп таба алмаған жағдайда ғана қояды. Бас салып артып әкету деген дұрыс емес.

Көлік жол-көлік оқиғасын жасаған жағдайда, егер оны жасаушылар кінәсін мойындап, өзара келіспесе, онда «кінәлі» көлікті полицейлер «қамаққа» алуына болады.

Жалпы, жоғарыда көрсетілгендей жағдайларда «қамаққа» алынған көліктердің онда тұрған күндері үшін айыппұл алынбауы керек. Өйткені Әкімшілік құқық бұзушылық туралы  кодекстің 630-бабында көрсетілгендей ондай «айыптұрақтың» бәрі коммуналдық меншікке жатады, мемлекет есебінен қаржыландырылады. Дегенмен де бізде «штрафстоянка» үшін ақы алу заңда көрсетілмеген болса да бар. Сондықтан айыппұл төлемей көлікті «қамақтан» босатпайды. Мұндайда не істеу керегін білген жөн. Төменде сол жөнінде айтылады:

Бірінші кезекте жол полициясынан көлікті босатуға рұқсат алу керек. Соған қарамастан ақысын төле деп тұрып алса, онда былай етесіз: Бірінші кезекте көлікті босатудан бас тартқан адамның аты-жөнін, қызметін, тағы басқа «данныйын» жазып аласыз. Жаныңызда қажет кезде ақша бопсалау туралы жазбаша куәлік беретін куәлер болсын немесе әлгімен болған әңгіменің бәрін диктофонға басып алыңыз. Сосын прокуратура мен жол полициясына шағым түсіріңіз. Оған өзіңіздегі барлық дәлел-құжаттарды қосыңыз. Арыз сауатты жазылғаны дұрыс. Мұндайда негізінен сізге көлігіңізді көп ұзамай тегін қайтарады.

© zamana.kz

Ұқсас сілтемелер