Басып шығару нұсқасы
19.01.2023, 23:24

«Шымкент» брендіне ребрендинг жасау керек – Абылайхан Қалназаров

Кеше Ұлттық академиялық кітапханада  мәдениеттанушы-философ Абылайхан Қалназаровтың «ШЫМКЕНТТІҢ ЖҰМСАҚ КҮШІ. Шымкент қаласының брендін тиімді басқару мен имидж-идеологиясын ілгерілету бойынша коммуникативтік стратегия (Талдаулар мен ұсыныстар)» атты тұңғыш қазақша саяситехнология кітабының тұсауы кесілді. Автордың айтуынша, аталмыш еңбектің алғашқы нобайы 2021 жылдың 14 шілдесінде бітсе, толыққанды 2022 жылдың ақпанында тәмамдалып баспадан шыққан. Алайда қаржылық және ұйымдастырушылық себептерге байланысты 1 жыл кешігіп, биыл ғана презентацияланып отыр.

Сонымен, біз, оқырмандар тарапынан «Шымкенттіктердің табыс кітабы» атанып үлгерген талдамалық-ұсынымдық туындының қалай жазылып, онда нендей мазмұн қамтылғаны және тағы да басқа сауалдар айналасында сұхбат жүргізген едік.

– Абылайхан Мамырайханұлы, осы кітапқа ұқсас дүниелер Батыс елдерінде бұрыннан бар тәжірибе болғанымен, Қазақстанда бірінші рет қолға алынып отыр. Осы еңбекті жазуға не түрткі болды?

Өзіңіз де білесіз, елімізде Шымкентке, шымкенттіктерге, жалпы Оңтүстікке қатысты ұшқары негатив пікір мен стереотип көп. Одан қалай құтылуға болады?  Осы сауал мені сонау екі мыңыншы жылдары Алматыға студент болып барған кезден мазалайтын-ды. Отандық медиа кеңістікте де әзелден «Бұлардың қай жерінен шоу-рейтинг шығаруға болады? Қайтсек шыңғырған хабар немесе жаға ұстататын сюжет жасаймыз?» деген жанашымас ұстаным сезілетін. Олардың кейбіріне салсақ, Шымкент құдды бір бүкіл қазақ даласының масқарапазы тәрізді қаралым мен рейтинг көзі. Бір жарық сәулесі жоқ, қараңғылық пен қаралық, радиация басқан апатты мекен сияқты «қара құрдым» образы ауада қалқып тұрады: «Жақсылығын көрмейді, жамандығын тергейді». Мысалы, бір жерлесіміз Олимпиадада алтын алса – қазақстандық та, қылмыс жасаса немесе бірнәрсе бүлдірсе, автоматты түрде «шымкенттік» атала қалатынын айтамын. Тура Ресейдегідей – Қап тауы жігіттерінің жақсылығы-игілігі болса, ресейлік, жамандығы болса, кавказдық аталып кететініндей кеп. Кейіннен екі мың оныншы жылдары Астанаға көшкесін, қырық темірдің қылауынан құрылған ел арасында бұл мәселе тіптен актуаль бола түсті. Біреулер қарадан қарап, күнгей перзенті болғаның үшін ғана күстаналап, əзіл-қылжаққа айналдырып, тіптен мансаптық жолыңда биографияң дұрыс болса да географияң дұрыс болмай, лауазым мен тиесілі несібеңнен қағып жатса, қалай ойланбассың?!

Алайда «Момынның ақысын адам жегенімен, Құдай жемейді», заман біздің пайдамызға орай өзгерді. «Өзін қазақпын деп есептейтін әр азамат ұлт тарихындағы өткен заманнан жеткен тарих беттерінен Қазығұрт-Қаратау өңірі, Сыр бойы ел болып қалыптасуымыздың, мемлекет болып іргеміз қаланған кездегі замана сахнасы болғанын білмеуі мүмкін емес» деп халық әртісі Нұрғали Нүсіпжан айтпақшы, бұл атырап және баршаның назарын өзіне тартып, замананың биік сахнасына қайта айналып шыға келді. Шымкент – миллионыншы тұрғынын тудырып үшінші мегаполис, ал қалған жерлестер – түркі-мұсылман әлеміндегі бірден-бір киелі қаламыздың даңқымен Түркістан облысы бренд зонтигінің астында кетті. «Біреуіміз екеу болды» деген осы. Қуанышымызда шек болмады!

 Бірақ көптеген пункттер бойынша мәселе де екі еселенді. Басқасын айтпағанда, енді осы Оңтүстіктің екі баласының PR мен ақпараттық-идеологиялық өрістегі еншісін бөліп беру мәселесі күн тәртібіне шықты. Ал оны тереңінен түсінетін бізде қайбір мемлекетшіл басшы яки маман бар дейсің. Қарин секілді бірегейлер бар болса да үлкен ерік-жігер, ізденісті, қаражатты, уақытты, қала берді азаматтықты қажет ететін бұл тақырыпқа өз еркімен кім кірісе қояды? Жеке «интересі» болмаса саусағын қимылдатпайтын қайсыбір жергілікті бастықтар да мұның маңызын қайдан түсінсін?! Қазақша сөйлемек түгілі жазып берген мемтілдегі баяндаманың өзін ежіктейтін, компьютерінің тіл интерфейсінде  орыс-ағылшын ғана тұратын қайбір елордадағы идеологияға жауаптыларды тіпті айтпай-ақ қойдым.

Әрине, Шымкент пен Түркістанның ортасында туған отырарлық азамат ретінде мен де қалың ойға баттым: Қазақстанның тағы бір халық әртісі Асанәлі Әшімов әйгілеген «Әруақ қолдаған өңірдің» қайсы бұрышындағы қандай қасиет пен белгі, рәміз бен символ қалай әділетті бөлінсе дұрыс? Ол бөліністің де мәнін «Билігі түсіндірмейтін, түсіндірсе де халқы түсінгісі келмейтін» жерде қоғамға қалай «өткізіп» жіберуге болады? Одан қалса басы піспейтін мазасыз ер мен әйелді еске салатын аумақтық қоғамдастықтар мен әкімдіктердің «қырғи-қабақ» қарым-қатынасы... Түйткіл көп-ақ.

Түркістандық ғалым Досай Кенжетайдың «Халық пен билік екі институт. Қазақстанда осы екеуі ешқашан бір-біріне сенген емес. Біздің ең басты дертіміз – сенімсіздік» дегені де есте.

Сондай-ақ, осы маңнан өрістеп, аракідік республиканы дүр сілкіндіріп, әлгі сыңаржақ медиа-БАҚ-дың түймедейін түйедей етіп шығаратын нешеме попкорндық, голливудтық-болливудтық сюжеттегі жемқорлық, тұрмыстық дау-дамай жəне тағысын тағы қызық пен шыжыққа толы жаңалықтар мен ақпараттар легі ше? Бұған жалпақ Қазақстан жұртшылығының «Не шықса да Шымкенттен шығады» деп айдарлап қойғанын қос.

«Мен болмасам, кім?». Парыз бен қарыз жүрегімді сығымдады. Ниетімді айтқанда, Мәди Манатбек, Зейін Әліпбек тәрізді аздаған атымды қамшылаушылар да болды. Ұрыста қандай тұрыс бар? Ең алдымен, әлгі  көкейкесті мәселелерді еңсеріп, біржағынан ақордалық және аймақтық идеологтарға интеллектуальдық-консультативтік көмек ретінде жаңа әдістемелерді ұсыну көзделді. Сөйтіп, бас-аяғы 5 тарау, 432 беттен тұратын, теориялық базасы Ұлыбритания үкіметінің кеңесшісі, Еуропа парламентінің депутаты, ағылшын ғалымы Саймон Анхольт концепциясына негізделген тұңғыш қазақша политтехнологиялық еңбек баспа бетін көрді. Пейнетіңнің зейнеті. Тәубе!

– Түркістан өз алдына облыс болып отау тікті. Әкімшілік басқару бөлек болғаннан кейін олардың арасында бәсекелестік пайда болды деп ойламайсыз ба?

– Рухани астана ретінде Түркістанға басымдық беріп, Шымкенттің кейін шегіншектейтін, тағы бір жерлерде бірігетін тұстары бар, бəсекелесетін де тұстары бар. Елдегі үшінші алып қала ретінде енді Шымкентке «өз ағайыны» – Астана мен Алматы да, таяқ тастам жерде тұрған «алыс туыс» – Ташкент те, былай тұрған «құда-жекжат» – Бішкек те қаласын, қаламасын, белгілі бір дәрежеде бəсеке тудыра береді. Бұл заңды да. Осының өзі аумақ бағдарламасын қайта жүктеп, қайтара брендтеу мен идеологиялық ревизияны, аймақтағы ұлттық трансформацияны дереу қолға алу керектігін көрсетеді.

Бұдан әрі Шымқала өзін мәртебесіне сай басқаша ұстауға тиіс және қазақстандық нысандарынан бөлек, шекараға иек артып тұрған өзге ел астаналарына қарсы түрлі бағытта америкалық гурулар Джек Траут пен Эл Райс айта беретін «қорғаныс» және «шабуыл» стратегияларын түзуге міндетті.

Бұл ретте совет кезінен аяусыз соққыланған «Шымкент» брендіне ребрендинг жасау мен оған келген зақымдарды дәрілеп жазу күн тәртібіндегі мәселенің бірі. «Ұлы Тұран боламыз» деген түріктер елдің шетелдік медиа мен ресми жиындарда айтылып, жазылатын «Turkey», яғни  ағылшын тілінде құсты білдіретін атауын ресми «Türkiye» деп өзгерту бағытында кампания бастап, оны ақыры сәтті жүзеге асырды. Қазақтың үшінші қаласының Түркиеден несі кем?

– Өзіңіздің туған жеріңіз әрі жазу объектіңіз Шымкентті ішінен зерттедіңіз бе?

– Біреулер бұл кітапты мені «сыртта жатып жазды» десе, қатты қателеседі. Ары-арасындағы елорда мен Алматыға, шетелге барып тыныстағандарым болмаса, бұл шырағым, негізінен Шымқаладағы Нұрсат-2 мөлтекауданында жергілікті спецификаға малынып отырып қалпағы қайырылған жазба-дүр. Ол үшін құр кітаптар кеміре бермей, ежелгінің əдісшіл сұлтандарындай, инкогнито, ішінен тану үшін Шымкенттей ару шаһарды армансыз аралап, қайшылыққа толы таңғажайып әлеміне тереңдей еніп, базар, кафе-тойхана, көрікті жерлері, өндіріс орындары, кеңселер, көрмелер, ресми-бейресми жиындар, бəрі-бəрін сыни назарымнан өткіздім. Алғашқы этапта күнделікті көптеген іс-шараның ішінде бақылаушы болып отырдым десем де артық емес. Мұның ішінде таксистермен, қарапайым еңбек адамдарымен, зиялылармен, іскерлер-шенеуніктер, өзге диаспоралармен де көп жүздесулер болды. Жергілікті жұрт өздерінің қатаң зерттеу нысанына алынғандарын байқамады, білмеді. Қарапайым ел жандарына отыра кетсең, «аһ» десе жүрегі көрінген ақжарқын жандар – танысып-білісіп алғасын, шаһар туралы, мұндағы үдеріс-үрдістер, оның басшылығы мен бүгіні, кешегісі, ертеңі турасында бір көсілуші еді. Керек десеңіз, мына шақша басым жергілікті спортшы-файтерлердің ережесіз жекпе-жектерін де тамашалап үлгерді ғой. Қайда оқиға-қызық бар, қай жерде мағыналы іс-шара, ойтүйерлік іс, бəрінде қойын кітапшамды қолға алып, қара көзілдірігімді шешпей, қара кепкіні басып киіп, елеусіз ғана бір шетте жүрдім. Өз кезегінде, оңтүстіктің беделді тарихшы-шежірешісі, қазығұрттық Момбек Әбдіәкімұлының «Шымкент қаласының тарихы» кітабының жарық көруі де «Жолы болар баланың алдынан жеңгесі шықтыға» сайып, методологиялық үлкен көмек болып, қаланың өткеніне қатысты дұрыс бағыттан таймауыма мүмкіндік берді. Бұл үшін ізденімпаз ағамызға мың алғыс!

Нәтижесінде французша айтқанда, voila (вуаля) – осындай қызу жазбалар мен тезді анализдер һәм ұсыныстар легі шыр-шыр етіп, іңгалай жарық дүниенің есігін ашып жатты. Әнші Роза апамыздың логикасына салсам, мен де дер кезінде, керек жерінде болып, жолымның болғыштығының арқасында осылай шымитуындының қайнар бұлағына айналдым!

–  Кітапта қазір саясат сахнасында жүрген адамдардың аты-жөнін аталған ба? Ертең дау-жанжал туып кетпей ме? Олардың тарапынан өкпе-реніш туындауы мүмкін деп санамайсыз ба?

– Бірден айтайын, мен ешкімді жамандамадым, ешкімді кінəламадым. Сенсация да шығармадым. Бар болғаны қаладағы яки елдегі жағымсыз мəдени, əлеуметтік-ақпараттық процестер, проблемалар нейтральды түрде қандай да бір əрлеусіз өз атымен аталды жəне олардың шешілу жолдары баяндалды. Жетістіктерді де ұмыт қалдырмадым.

–  Сонымен, басты тұжырымдарыңыз қандай?

– Асан қайғы атамыз Жерұйықты іздеп, Желмаясымен желіп жүріп жер қарағандағы: «Базар-мазар» деп ұнатпай кеткен жерінің бірі осы емес пе, шымкенттіктер ішкі айтыс-тартыстар мен дүрдараздықтарды сыртқа трансляциялап қоя беретіндей тұзы жеңіл ме дедім. Әйтпесе мұндай айғай-шу қайда жоқ?! Мұнан басқа өңірлердің бір артықшылығы, яки ақылы жеткені, оларда «Бас жарылса – бөрік ішінде, қол сынса – жең ішінде».

Бұл ретте еңбек барысында курстасым Әділбек Нәби көрігін қыздырып, жерсіндіріп жүрген экзистенциялизм теорияларын да біраз тұтқанымды айта кеткен жөн: «От болмаса түтін болмайды» демекші, Шымкент ұғымына қатысты «өзімізден де бар екен ғой» дейтін тұстар да, кей-кейде сырттағылардың тым əділетсіз жапсырмалаған клищелері мен ярлыктары да көп көрінеді. Яғни шымкенттіктер кейбір керауыздар айтып жүргендей соншалықты жаман да емес, сондай-ақ шымкенттіктердің өздері өзі туралы асқақ ойлағанындай соншалықты керемет те еместігі айдай əйгіленді. Енді періште көкте ғана емес пе?! Бұл жерде қалалықтар бірінші кезекте қонақтарына абай болу керектігі айқындалды. Кей адамдар бар: «Шаңсорғыш» секілді, жолай қалсаң, кіріңді іздеп жүреді. Ал кей адамдар бар: «Кіржуғыш» секілді, жолай қалсаң, тазарғың келеді. Ең өкініштісі, мұнда келетіндердің бірінші тобының екіншісінен басымырақ болып тұрғаны үлкен проблема екен. Яғни негізінен елдегі Шымжатырқаудың (Шымкентофобия) басты кінәлілері жергіліктілердің төрінде шәлжиіп жатып асын ішіп, былай шыға бере аяғын теуіп, «терезесіне тас атып шағып кеткендер» легі деуге болады.

Проблема – «Шымкентке бәрі жарасады. Қонақжайлық та, пысықтық та, тентектік те. Тек соның тонын айналдырып әкеп, құбыжық етіп көрсететіндер бар». Қолынан келсе, қонақжай, пысық, кәсіпкер бол! Шымкенттіктер де екі аяқты, жұмыр басты пенде ғой. Алдымен өзінің айнадағы бейнесіне бір қарап алып, бұл жақтан қолына құмған, басына сәлде ораған әулие іздеуді қоятын кез келді. Мораль деңгейі жағынан батысың мен шығысың, орталығың, солтүстігің де, оңтүстігің де бәрі бірдей. Пері тартып тұрғандары шамалы. Оның дəлелетіне кітапты індетіп оқығандар толық көз жеткізетін болады.

– Кітапты жазу барысында өзіңіз бұрын білмеген, байқамаған нәрселерге көз жеткізген кезіңіз болды ма?

Әлбетте. Жаңағы тұжырым дегеннен шығып тұр: Кей-кейде ел ішіне кең таралған «Бір ісіне қарасаң, жолында өлгің келеді. Енді бір ісіне қарасаң, қолында өлгің келеді» деген сөз біржағынан Шымға қаратылып айтылған ба дейсің. Мəселе бар ма? Бар!

Сонымен қатар Шымкент – брендинг пен имиджиология, география-демография, жұлдыздар капиталы, мəдениет, экономикалық-саяси тұрғыларда еліміздегі қалалар ішіндегі ең көзірі көп қала екеніне көз жетті. Шымкенттіктердің өз аузымен айтқанда, тек Ақтаудағыдай теңіз айдыны жетіспей тұр демесең, бәрі Tik-Tok. Қас қылғанда Шардараның да алысырақ орналасқанын көрмейсің бе? Мұнда жасанды көл жасайын десе, Шымшаһардың жері де ойлы-қырлы, таулы-қыратты, бір жерге мол су жинайтындай емес, аса қауіпті.

Сосын, шымкенттіктер де өздерінің кім екенін білмей жүргендей əсерде қалдым. Білсе, қазақ мəдениетінің, тілі мен ділінің байрағын жоғары көтеріп, солтүстікке көшің не, бүкіл Қазақстанды барлық салалар бойынша сөздің тура және ауыспалы мағынасында мемлекетшілдікпен жаулап алар еді. Өйткені құдайдың ең бақты да, бапты да аямай берген жұрты осында ма дедім. Өзбектің аздаған әсері бар демесең, кеңестен қалған мақтабастық-мәңгүрт мәдениетінің ұлтсыздандырып, іштен ірітуші теріс ықпалынан аман қалған бірегей арал іспетті. Ақын Фариза Оңғарсынова «Біздің бірқатар аймақтарымыз саясат сарынының әсерінен өзінің табиғи болмысынан айрылып қала жаздағаны, тіпті қазақ болып туғанына қорсынғаны, анасының тілін білмейтінін мақтаныш еткені – менің жылдастарыма белгілі жайт. Қаны мен жанына, денесіне дақ түсірмеген, табиғи болмысын талантындай қастерлей білген біздің Оңтүстіктің қазақтары» дегенді де текке айтты ма? Байқағаным сол, шымкенттіктерге тап қазір ата-баба əруақтары, Алаш өркениеті тарапынан зор миссия жүктеліп отыр және бұл көтере алмайтын жүк емес. Алла тағала тіпті жауған қардың мөлшерін де тау шыдай алатындай көлемде бермейді ме? Десе де шымкенттіктер бүгінде оңтүстік жұртшылығының ең озық урбанизацияланған қалалық бөлігі ретінде қазақылық иммунитеттің резервтегі потенциалы, оқтаулы мылтығы, шабатын саяси-экономикалық-мәдени əскері, қала берді Қазақ идеясының жобасын орындауға әлеуетті бірден-бір қауым. Тек күмбезі күнге шағылысқан Ақордадағы ағалардан тапсырыс болмай тұр. Техспеці түзіліп, жеткізушіге деген қатаң талап болса, мұндағылар оны таптай ғып атқарар еді.

– Билікті жазып, басқаларын қамтымай кетіп, оқырманның өкпе-ренішіне қаламын деп қорықпайсыз ба?

– Жергілікті билікті де, қоғамды да теңдей, баланспен жазуға тырыстым. Себебі Шымкент брендінің, Шымкент идеясының тартымдылығы мен есен-саулығы, маркасының жоғары болуы – осы екі тараптың қарым-қатынасына тікелей тəуелді.

«Колбасаның неден, қалай жасалатынын көріп, колбаса жегім келмей кеткендей, Шымкенттің де неден, қалай жасалғанын көріп, бұл жақ тартпай қалды» деген бұрын қалада тұрып кеткен қарағандылықты да көрдік. Бірақ осында тұрып, кәсіп ашып, отбасы құрып, маңдайы жарқыраған семейліктің де әуелі Құдайға, сосын Оңтүстікке алғыс жаудырғанын өз құлағымызбен естідік. Осында жүріп елге танылып, бағы жанған қандас Құрмет Талапқазы да сол санаттан. Қалай десе де, таразы басы еш жаққа түбегейлі басып тұрған жоқ. Оңдаушылардың да, терістеушілердің де қалың армиялары баршылық. Мұнда да бәрінің шартты екендігіне көз жетті. Әркімнің аймаққа келердегі ниет-пиғылына да көп нәрсе байланысты секілді. Топырақ та келушіні сонысына қарап не көкке көтереді, не бұрқ еткізіп жерге ұрады.

Жалпылай айтқанда, кітапта Шымкент қаласының аумақтық брендингі, жергілікті ерекшелігі мен имиджін, тарихнамалық мәнін, дәстүрлері мен бірегейлігін, рөлдік моделдерін анықтау мәселелері көтерілді. Сондай-ақ «жаңа Қазақстан мен мегаполис» жағдайында креативті экономика, жаңа ақпараттық-медиалық түйін-түйткілдермен жұмыстану, нақты стратегемалар мен идеологемаларды басшылыққа алу бағыттары тұңғыш рет заманауи концепциялармен қарастырылып отыр. Мемлекетшілдік-қалашылдық құндылық пен әдіснама тұрғысынан таразыланған барлық ақыл-кеңестер мен ұсынымдар дереу қолданып, іске асыруға арналған. «Еститін құлақ болса» дегендейін, осыны басшылыққа алып, жүзеге асыратын Хакимият болса...

Қала мен әкім рейтингісі мәселесі де осында қамтылды. Бірақ рейтингтің де рейтингісі барлығын, тіптен, әкімдер рейтингін жасаудың басшыларды бопсалаудың жаңа бір түрі болып бара жатқаны да айтылмай қалмады.

Ұмытып барады екенмін, тəуелсіздік алғалы бері Шымкент қаласында 17 рет əкім ауысып, орынтақта 15 əкім отырыпты. Ерінбей осыған дейін санап, Шымда жалпағынан басқан дәурендерінде «не керемет болды» деп, әрқайсысының басқарған кезеңдерін бір-бірлеп талдап, ең бір табыстыларын ақ параққа алып шықтық.

Ендігі кезек оқырманда. Алдын ала айтып қойып жатқаным: Артық-кем кеткен жері болса ғафу өтінемін. Менікі шиеленген түйіндер шешіліп, елге, қазаққа, Оңтүстікке, Шымкентке, шымқалалықтарға титімдей болса да пайдалы болсын деген ғана бір ниет еді. Ыңғайсыз шындық болса да айтылып қалған тұстар бар. Оқушы да соған дайын болуы керек.

– Сонымен, бұ кітапты бірінші кезекте кімдерге ұсынар едіңіз?

– Кітап – ең бірінші, «менмін» деген шымкенттік басшылар мен идеологтардың, PR мамандарының столында жатуға тиіс, ақпарат саласына тән жергілікті таза кəсіби ортаның сұранысы мен талғамына лайықталып дайындалған. Қала берді «Шымкентім» деген шымкентжанды шымипатриоттарға бағдарланған дүние дерлік. Былай, сәл ресми айтқанда, ішкі қолданысқа арналған десек те, жалпы елдің қай аумағындағы болмасын мемлекетшіл азаматтардың ойына ой қосуға жарап та қалса керек-ті. Бұл жағынан өзім кітаптың екінші атауын «Шымкент қаласы мысалында Қазақстан қалалары мен өңірлерінің брендін тиімді басқару мен имидж-идеологиясын тұжырымдап, ілгерілету бойынша үлгілік ұсынымдар мен талдаулар» деп те жалпылаған болар едім.

Түркістанның ортақ мерейі де кеңінен тарқатылған тұстар көп. Яғни біз – бұрынғы оңтүстікқазақстандықтар өзімізді не ұлы етеміз, не бишара етеміз. Екеуіне де бірдей күш-жігер кетеді. Ал оны жасайтындар өзге емес, бірінші жағдайда – шымқалалықтар, екінші жағдайда – түркістандықтар. Ешкім біз үшін жүгіріп бермейді. Бірақ шымкенттіктердің де еш жадынан шығаруға болмайтын бір жайт бар. Мұны де шегелеп айту керек: Шымкент – өз атақ-дақпыртымен Меккені көлегейлеген «əдепсіз» Дубайдың сүреңсіз жолын құшып, кебін кимеуі керек. Бəрібір бірінші планда Қожа Ахмет Яссауи жəне тағы қаншама ұлыларымыздың сүйегі жай тапқан, қазақ ұлысының ұлы пантеоны орналасқан қасиетті де əзіреті Түркістан!

– Болашақта басқа да өңірлер туралы осындай дүние әзірлеу жоспарыңызда жоқ па?

– Иә, Алла қуат берсе, тап осы стильмен «Түркістан-Месседж, Астана, Алматы, Ақтау, Қарағанды, қысқасы, қалған 19 өлкенің төл месседж-сипаттамаларын жазып, кітаптар сериясын тудыру жоспарымда бар. Айталық, «Астананың ақылды күші» деген кітап жазылып жатса, жаман ба? Әсіресе, жаңадан құрылған Абай, Жетісу, Жезқазған облыстарының құлақтарына алтын сырға! Себебі əр қала-өңірдің өзіндік ерекшелігіне сай жергілікті мозайкалық идеологиясы болуы керек. Ал олардың жиынынан жалпы елдің ортақ идеологиясы сомдалып шығады. Назарбаев дәуірінің бір кемшін тұсы – бұған дейін жаһандық-глобальды әлемді біріктіретіндері болғанымен, өкінішке қарай елді біріктіретін ішкі идеология жасалмады.

Біле білгенге, бұл ұлттық қауіпсіздіктің де қажеттілігі. Бірақ мұны ұғатын Өзбекәлі Жәнібековтей көреген тұлғалар қайда?! Технологиялар дамыған бүгінгідей шалқар заманда нағыз соғыс гибридтік сипат алып, адамдардың санасы мен жүрегі үшін ұлы күрес жүруде. Кімде-кімдер халықтың миындағы қажетті кнопкаларды дәл тауып басып, баптауларын келтіріп, тиісті бағдарламаларды қондыра алса, жеңіске сол жетпек. Қысқасы, Шымкент саған айтам, Қазақстаным сен тыңда!

Бүгінгі Үкімет таза визуальдық тұрғыда, алыстан көз тастап тұрсаң, бұл – өрт сөндірушілердің түкке үлгере алмай сүрлігіп жүрген шалағай бригадасын көзге елестетеді. Біресе анда, енді біресе мұнда өрт шығып, адам жетіспей, көлік жетіспей, екеуі де жетіссе, су жалғайтын жер таппай жанталасып жатқан бей-берекет те жүйесіз қозғалыс. Бұл да атқарушы биліктің бренд-образымен де, қырық істі бірден тындырам деп, шақша басы шарадай болған ішкі менеджіментімен де жалпы елдік ауқымда білікті де білімді кәсібилердің жұмыс істеу керектігін көрсетеді.

Бүгінде «Жаңа Қазақстанның» идеологиялық негізі – даму стратегиясы мен концепциясы Бүкілхалықтық референдумда айқындалып, Президенттің сайлауалды бағдарламасымен тұжырымдалып, құндылықтық жағынан бекітілу этапында. Жаңа Қазақстанның өмірге келуі де аңыздағы Қорқыттай «Қара аспанды су алған, Қара жерді құм алған. Ол туғанда ел қорқып, Туғаннан соң қуанған» дегенге келеді. Ендігісі – ел тізгінін ұстағандарға интеллектуальды элитаның көмегі ауадай қажет. «Ешкімнің ақыл-кеңесіне мұқтаж емен» дейтіндей кең заман емес. Әлем тынышсыз, сындарлы уақыт. Олардың өздері біліп әралуан бағытта терең зерттеулер мен талдауларға тапсырыс түсіруге тиіс. Саяси-экономикалық, әлеуметтік реформалар іске асуы үшін алдымен, саяси оқу-ағарту жұмыстары терең, бүге-шүгесіне дейін жүргізілуі керек. Ел азаматтарын дерлік саяси сауаттылыққа тәрбиелеу – міндетті. Ал саяси сауаттылық белгілі бір деңгейде бренд-имидж ұғымын да қамтып өтеді. Мамандар айтқандай, бренд дегеніміз таза идеологиялық өріс және практикалық кеңістік. Бұл еңбек болса, сондай бір бостықтың орнын толтыруға жасалған қадам. Ең бастысы мұндағы ой-тұжырымдар кітап бетінде «эскиз-экспонат» ретінде ғана қалмаса деген үшбу тілек бар.

– Сұхбатыңызға рақмет!

 

Сұхбаттасқан Дәулет Жәнібеков

Сілтемесі: adyrna.kz

Ұқсас сілтемелер