Қазақ пен өзбек – түбіміз бір, түркінің ұрпағымыз – Ш.Пулатов
22.12.2019ж.

Қазақ пен өзбек – түбіміз бір, түркінің ұрпағымыз – Ш.Пулатов

Этносаралық қатынастар, қоғамдық келісім бағытында нендей жұмыстар атқарылуда, қандай өзгерістер орын алды? Осы және басқа да көкейкесті сауалдардың жауабын білу үшін біз бұл жолы «Іскер Talks» жобасы аясында Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшесі һәм осынау конституциялық мәртебесі бар ұйымның басшылығындағы Шерзод Аббозұлы Пулатовты аз-кем әңгімеге тартқан едік.

Шерзод Аббозұлы, сіздің қазіргі таңда Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары қызметін атқарып жатқаныңызды білеміз. ҚХА-ның ағымдағы жағдайы, сандық көрсеткіштері, жалпы биылғы өзгерістері хақында не айта аласыз?

– Бүгінгі таңда елімізде 1025 этномәдени бірлестік жұмыс істейді, оның ішінде 28 ұйым республикалық мәртебеге ие. ЭМБ активі ­­– 408 мың адам. «Қазақстан халқы Ассамблеясы туралы» Заңға енгізілген өзгерістер мен толықтыруларға сәйкес биылғы жылы алғаш рет этномәдени бірлестіктерді қоғамдық тіркеу рәсімі өткізілді. Барлығы 368 ЭМБ аккредиттелген, оның 15-і – республикалық. Этномәдени орталықтардың жанында «Жаңғыру жолы» ҚХА республикалық жастар қозғалысына біріктірілген 138 жастар ұйымы, яғни 6,7 мыңнан астам жастар жұмыс істейді. Ассамблеяның көпфункционалды ресурстық орталығы ретінде 40 Достық үйі жұмыс істейді, ал Алматы қаласында республикалық Достық үйі бар. Осы үйлер жастардың ортақ мекенжайына айналды.

ҚХА-ның биылғы жылы басымдық берілген мына бір бағытын да баса айтқым келеді. Бүгінде барлық өңірде Ассамблеяның қамқорлығындағы 2789 Қоғамдық келісім кеңестері бар. Олар облыстық, қалалық, аудандық және ауылдық деңгейлерде, сондай-ақ ірі кәсіпорындар ұжымы базасында құрылған. Кеңестермен 3485 іс-шара өткізілді, олардың аясында 165 мың адам қамтылды. Сонымен бірге республика көлемінде 1793 Аналар кеңестері құрылды. Ол кеңестер жастарды тәрбиелеу, қайырымдылық, елде жүргізіліп жатқан реформаларды іске асыру мәселелерінің кең ауқымы бойынша 2000-ға жуық іс-шара өткізді. Айталық, қазан айында Қостанай қаласында ҚХА Аналар кеңесінің республикалық форумы өтті. Олар жергілікті жерлерде халықтың өзекті мәселелерін шешуге белсенді қатысады, кез келген қақтығыстың алдын алу саласында жұмыс істеп келеді.

 

 

Биыл «Жастар жылы» деп жарияланғаны белгілі. Соған сәйкес ұйым тарапынан жастарға қандай қолдау көрсетілді?

– Қазақстан халқы Ассамблеясының ең басты мақсаты ол – халқымыздың бірлігін сақтау, сонымен бірге жастарды дұрыс бағытта тәрбиелеу. Биылғы Жастар жылы аясында Ассамблеяда арнайы Жол картасы қабылданды, оны іске асыруға ҚХА «Жаңғыру Жолы» жастар қозғалысы, бірлестіктер жанындағы жастар қанаты тартылды. Жалпы, 5 мыңнан астам адамды қамтитын 29 республикалық іс-шара, өңірлік деңгейде 200 мың адамды қамтитын 2400 түрлі форматты іс-шара өткізілді.

1 мамыр күні Нұр-Сұлтан қаласындағы ботаникалық бақ аумағында 800 түп алма көшеті егілген еді. Айта кетсек, дәл осы игілікті шара туралы әлеуметтік желілерде тұрғындар тарапынан 1 млн - нан астам оң пікір жазылған еді. Қаламызды көркейтуде де жастардың қалыс қалмағандығын атап өткен жөн. Олар кез келген қоғамдық жұмысқа белсене араласты.

Биыл атқарылған істердің қатарында «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасын ілгерілету шеңберінде «Көшбасшы бол», «Новая волна 100+», «BIRLIK-2019» жазғы лагері және «100 жаңа есім: қалай табысты болу керек» жазғы мектебі секілді іс-шараларды да ұмытпай айта кеткен жөн.

Ассамблея шеңберіндегі Жастар жылының биылғы алдын ала қорытындысы 29 қазанда «Social Assembly» республикалық жастар форумында көрсетілді.

 

 

Сарапшылар «Ассамблея жұмысының арқасында біздің елімізде этносаралық және конфессияаралық келісімнің бірегей моделі қалыптасты» дегенді жиі айтады. Бұған ұйымның ғылыми-зияткерлік негізі мықты тірек болуда деп айта аламыз ба?

Еліміздегі қоғамдық келісім мен жалпыұлттық бірлік моделі Елбасының Ассамблея институтын құруымен тікелей байланысты. Бұл модельдің нығаюында әрбір қазақстандықтың үлесі бар және мемлекет тарапынан қолдау да зор болды.

Ассамблея қызметін ғылыми-сараптамалық қамтамасыз ету мақсатында 2009 жылы ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңесі құрылған еді. Қазіргі таңда Кеңестің құрамында 52 ғалым, оның ішінде 31 ғылым докторы, 12 ғылым кандидаты, зерттеу институттарының басшылары мен қоғам қайраткерлері бар. Барлық өңірде ғылыми-сараптамалық топтар құрылды. ҚХА ҒСТ ғылыми базасы аймақтық ЖОО болып табылады. Қызметке барлығы 262 адам тартылды, оның ішінде ғылым докторлары – 57, ғылым кандидаттары – 117, PhD докторлары-5. Осы барлық потенциал, яғни зияткерлеріміз этносаралық келісімді сақтау үшін, қоғамдық негізінде жұмыс істеп өз үлестерін қосуда.

Ескерту керек, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару Академиясы ҚХА ғылыми-әдістемелік және білім беру базасы болып табылады, онда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Этносаралық және конфессияаралық қатынастарды зерттеу орталығы ашылған. Сонымен бірге еліміздің жоғары оқу орындары мен колледждерінде ҚХА 40 кафедрасы-орталығы жұмыс істейді. Бұл жастарды мемлекет жүргізіп отырған этносаясат рухында оқытуды қамтамасыз етеді, оларды біріктіретін Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедраларының қауымдастығы құрылған. Ұлттық академиялық кітапханада ҚХА ғылыми депозитарийі жұмыс істейді. Ол 1400-ден астам дереккөздерді қамтиды, олардың көпшілігі электрондық тасығыштарда. Жоғарыда айтылғанның барлығы ҚХА ғылыми-сараптамалық кеңестің 10 жылдық жұмыстын нәтіжесі.

Біздің моделімізге шетелдіктер қызығушылық туғызуды жалғастыруда. Мәселен ағымдағы жылы тәжірибені зерделеуге Германия, Ресей, Қытай, Румыния, Литва, Молдова, Болгария, Қырғызстан, Өзбекстан делегациялары мен өкілдері келді. Бұл жай ғана емес, бұл біздің моделіміздің шетелде қызығушылық тудырып жатқанын дәлелдейді. Яғни, еліміз қоғамдық келісімді 30 жыл бойы сақтап келеді.

Жуырда «Ұлы даланың ұлтаралық тілі» форумының өткені белгілі. Онда өзге этнос өкілдерінің тіл үйрену тәжірибесімен бөлісіп, қазақ тілін білу арқылы жетістікке жеткендерін айтып, оның аясын кеңейтуге қатысты ұсыныстарын ашық алаңда ортаға салды. Тіптен, «Мемлекетімізде өмір сүріп жатқан барлық ұлттың қазақ тілін – мемлекеттік тіл есебінде, ұлтаралық тіл есебінде қолданатын кезі жетті» деген мығым пікірлер де айтылды. Шынымен, уақыт келді емес пе?

Бұл форум ең бірінші Ассамблеяға жүктелген тапсырмалардың қандай дәрежеде орындалып жатқанын, сонымен бірге түрлі этнос өкілдерінің мемлекеттік тілді іс жүзінде қаншалықты меңгергенін нақты дәлелмен көрсету мақсатымен ұйымдастырылды. Шынын айтқанда, ҚХА аясында мемлекет тілге және қазақ салт-дәстүрлерін өзге этнос өкілдердің арасында насихаттау максатында әртүрлі іс-шаралар өткізілуде. Ұйымның Қазақтану жобасы негізінде ел аймақтарында жыл сайын лекторийлер өткізіледі. Меніңше, осы жұмыстар өз нәтіжесін көрсете бастады. Жоба аясында қазақ халқының тарихын, дүниетанымын, мәдениеті мен дәстүрлерін насихаттау бағытында да біраз шаруалар атқарылды. Рухани жаңғыру, Ұлы даланың жеті қыры, осының бәрі Ассамблея жұмысының негізгі басымдықтары. Мәселен, биыл жастар жылына орай да арнайы жоспар жасалып, өрендерді тәрбиелеу, оларды рухани тұрғыда жетілдіру, тарихи санасын ояту тұрғысында іргелі жұмыстар атқарыла бастады. Оның бірсыпырасын жаңа айттым. «Мұсылман болу әсте-әсте» дегендей, әрбір жұмыстың іргетасы дұрыс қаланып, біртіндеп жүзеге асса, берері мол болады. Осы ретте Ассамблеяның жұмысы өз деңгейінде барынша жүйелі жүріп келеді. Оның нәтижесі қазір айқайлап тұрмағанымен, болашақ өмірімізге ықпал ететін болады.

Қазақ халқының мейірімді мінез-құлқының арқасында өзге этностардың қазақ тіліне ерекше құрмет көрсетіп келе жатқанын көріп отырмыз және де мемлекеттік тіліміз ғана ұлтаралық тіл болу керек деген ұстанымды жүрегім толық қабылдайды. Айтылған мәлімдеме – негізді мәлімдеме!

 

 

Тіл дегеннен шығады, сіздің мемлекеттік тілге жетіктігіңізге куә болып тұрмыз. Сонда да сұрай кеткенді жөн-ау – өз ана тіліңіз – өзбек тілінен басқа араб, ағылшын және орыс тілдерін де жетік біледі екенсіз? Бұл деген керемет қой. Қалай, қашан, қандай жағдайларда үйреніп жүрсіз, құпия болмаса осы туралы кеңірек тарқата кетсеңіз. Бәлки, бізге де тәжірибе болып қалар.

Рұқсат болса алдынғы мәселені толықтырып кетейін. Қазіргі кезде өзге ұлттардың қазақ тілін үйренуге деген ықыласы өте зор. Мен бұған қатты қуанамын. Себебі, қазақ бауырлардың ішінде өз ана тілін толық білмейтіндер де аз емес. Бірақ, қазақ тілін білетін өзге ұлт өкілдері көбейіп келе жатыр. Тілді үйрену оңай емес, бұл деген ең бірінші қазақ халқына деген құрметті білдіреді. Басқа ұлт өкілдері қазақ тілінің маңызын, қажеттілігін түсініп, өздерімен бірге балаларына үйретіп жатыр. Қазақ курстары арқылы қазақтың құндылықтарын өз ұрпақтарының бойына сіңіруде. Олар жарқын болашақтың қазақ тілімен байланысты екендігін ұғынған. Болашақта қазақ тілінсіз өмір сүру мүмкін болмайды. Біздің бәріміздің балаларымыз қазақша сөйлейтін болады. Иншалла, дейік!

Тіл үйренуге алғашқы қадамды басуға анашым себепші болған. Ол кісі мектеп кезінен бастап тілдерге деген махаббаты жүрегімде қалыптастырып және қажеттілігіні түсіндіре білді. Мектеп бітірген соң «Ағылшын және араб тілдерінің мамандығы» бойынша Исламабад қаласындағы Халықаралық ислам университеттің Халықаралық тілдер институтында білім алдым. Бүгінде өзбек, қазақ, араб, ағылшын және орыс тілдерін толығымен меңгергенмін, сонымен қатар урду, парсы және түрік тілдерінде сөйлей аламын.

Тілді үйрену үшін адамға шыдамдылық пен ынта қажет. Әрине, ең алдымен тілге деген махаббат пен ықылас болуы керек. Күн сайын арнайы уақытта сабақты оқып, тоқтатпай жалғастыратын болсаңыз, тілдің серті сол, міндетті түрде үйреніп кетесіз.

 

 

Бұған дейін өзіңізді астаналық жиындардан көруші едік. Қателеспесек, Нұр-Сұлтан қаласының «Өзбек этномәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы, республика бойынша жастар қанатының жетекшісі болдыңыз. Бұл бағытта қалың ортаңыздан қара үзіп қалмадыңыз ба?

2010 жылы елордалық қандастар мені астаналық өзбек этномәдени орталығының төрағалығына лайық көрді, осы кезден қазіргі күнге дейін орталықты басқарып келемін. Сонымен бірге Дустлик қауымдастығынын жастар қанатының жетекшісі лауазымын да атқарудамын.

Жалпы, мұндағы орталық жұмыстарын тікелей өзім басқарып, жинаған тәжірибемді жастарға үйретіп келемін.

Сөз орайында айта кетейін: Жастар жылы аясында елордалық өзбек этномәдени орталығы Кеңесінің шешімі бойынша жастар қатарынан төрт жаңа орынбасарды тағайындадық, олардың ішінде: төрағаның қаржы мәселелері жөніндегі орынбасары Әлішер Нұралиев, экономика магистрі, «Hyla Kazakhstan» ЖШС компаниясының бас директоры, төрағаның жастар мәселелері жөніндегі орынбасары Фарухжон Курбанов, Теміртау қалалық мәслихатының депутаты, «БК Вершина» ЖШС құрылыс компаниясының қаржы директоры, мәдениет және білім беру жөніндегі төрағасының орынбасары Шахноза Пулатова, «Kaz Universal» ЖШС білім беру орталығының директоры және төрағаның әкімшілік мәселелер жөніндегі орынбасары Немат Ахмеджанов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің «Тұрғын үй қоры» КММ директорының орынбасары. Олар барлығы маған қоғамдық жұмыстарда көмектесіп жүр. Мақсатымыз жастарды қоғамдық жұмысқа тарту, этнос мәдениетін және бірлестіктегі жұмыс тәжірибесін беру үшін ынталандыруға барынша атсалысамыз.

Осында келерде ақпарат жиып, дайындалғанымызда, сізді дін маманы ретінде де танығандай болдық. Жаңа өзіңіз айтқан «Дустлик» республикалық өзбек қауымдастығының Дін мәселелері жөніндегі сарапшысы, кәсіби медиатор екенсіз. Әсіресе, медиаторлық қырыңыз қызық болып тұр емес пе?

Ассамблея жұмысының бір бағыты – медиация. Мәселен, әрбір Достық үйінің аясында медиация кабинеттері ашылған. Онда жұртшылық арасында туындаған әртүрлі мәселелер бойынша мәмлелер жасауға шақырады. Шын мәнінде адамдар дауға ашық диологтың, еркін пікір алмасудың болмауынан ұрынады. Оның соңы сот әурешілігне дейін соқтырып жатады. Ассамблея сондай жандардың өзара пікірлесіп, мәселені бітімгерлікпен шешуіне алаң ұсынып отыр. Бұл елдегі қоғамдық істің берекелі болып, келісімнің орнығып, татулықтың, бірліктің нығаюына оң ықпал ететін бірден-бір фактор. Ал бірлік, ынтымақ елдегі әлемуеттік-экономикалық дамудың басты кепілі.

Бәрімізге белгілі, 2015 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының жылы болып жарияланды. Осы жылы Ассамблеяға медиация бағыты жүктелді. Мен болсам, жаңа бағытты үйрену үшін ҚШ-тың Нью-Йорк «Peace» институтында және «Planning Change» дайындау орталығында медиацияны оқытудың бір жылдық курсынан өтіп 2016 жылы Медиация магистрі дәрежесіне ие болып елге оралдым. Сонымен бірге этносаралық және дінаралық медиация бойынша арнайы курстардан өттім. Осыдан бері Қазақстанда медиация саласында өз үлесімді қосып, медиатор-тренер ретінде ізбасарлар тобын баулып келемін.

Қазіргі күнде Ассамблея аясында 1 республикалық, 28 аумақтық медиация кеңестері өз жұмысын атқарып келеді, 503 медиация кабинеттері ашылған. Ассамблеяның қамқорлығымен 4 мыңға жақын қоғамдық медиаторлар дайындалған, олардың ішінде 926 медиатор жұмыс істейді. 2019 жылы олар 23,5 мыңнан астам дауларды шешті, оның ішінде 8 мыңы консультациялар деңгейінде шешілген болатын. Жыл сайын өткізілетін бірыңғай республикалық Медиация күні аясында елімізде шамамен 16 мың адамды қамтитын 625 іс-шара өткізілді.

 

 

БАҚ-қа шыққан сұхбаттарыңызға қарағанда, бауырлас халықтар – қазақ және өзбек халықтары арасындағы мәдени және білім беру саласындағы ынтымақтастықты дамытуға зор үлесін қосып келеді екенсіз. Бұл туралы да біле кетсек?

Өзбекстаннан Қазақстан тарихына қатысы бар мағлұматтар сақталған көне қолжазбалар мен кітаптардың көшірмелерін беруге келісімді алуға атсалысқан едік. Орта Азия халықтарының мол мұрасы сақталған ежелгі өзбек мұрағаттарында қазақ елінің шежіресіне қатысты, әлі отандық ғылыми айналымға түсе қоймаған құнды мәліметтердің барлығы белгілі. Іс-сапар брысында Мәдениет және спорт министрлігінің Ұлттық сирек кітаптар және қолжазбалар орталығы мен Әбу Райхан Беруни атындағы шығыстану институты және Өзбекстанның Халықаралық ислам академиясы арасында өзара ынтымақтастық пен тәжірибе алмасу жөнінде меморандумға қол қойылды. Нәтижесінде 400-ден астам сирек кітаптар мен қолжазбалардың электрондық көшірмелері елімізге жеткізілді. Бұл Ассамблея аясында ынтымақтастықты дамытуға бағытталған жұмыстың ілкімділігін нышаналап тұр.

Жалпы, қазақ және өзбек халқының тамыры бір дегенді біз қолдаймыз. Дегенмен, нақты тарихи деректермен келгенде, көргені, білгені мол азамат ретінде бұған қатысты сіздің пікіріңіз қандай?

Қазақ пен өзбек – түбіміз бір, түркінің ұрпағымыз ғой. Жақында тарихшы-ғалым Бүркіт Аяғанның осы мәселеге қатысты еңбегі жарыққа шықты. Бұл дүниесінде ағамыз қазақ пен өзбектің бауырлас халық екенін, олардың Әбілхайыр, Керей, Жәнібек хандар заманында ғана бөлініп, жекеленгенін тарихи деректер негізінде жан-жақты дәйектеп беріпті.

Расында, біздің дәстүрлеріміз де, құндылықтарымыз да ортақ. Тілімізде ғана аздаған өзгешелік бар. Бірақ мұның еш кедергі емес екенін, сөздіксіз де түсінісуге болатынын көріп жүрміз. Айталық, елімізде қазақ пен өзбек ұлты өкілдерінің көптеп некелесіп, отбасы құрып жатқанынан аңғаруға болады. Алысқа бармай-ақ, біздің орталығымызда ері өзбек, әйелі қазақ немесе әйелі өзбек, ері қазақ отбасылар өте көп. Өз басым бұған қатты қуанамын. Орталыққа көбіне осындай отбасыларды тартып, өзгелерге үлгі етіп көрсетемін. Жалпы, орталық мүшелері қашанда өзбек пен қазақ бір халық деп санаймыз, осы өсіп-өніп отырған Отанымызды қорғап, өркендетіп, дамытуды қасиетті парызымыз деп білеміз. Қазақстанның ұстанып отырған саясаты да елдегі барша халықтың ұлы мұраттар жолында әрқашан бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығаруға үндейді.

 

 

Біздің silteme.kz порталының дәстүрлі сұрағы: тұлға һәм кәсіби адам ретінде дамуға, өрлеуге, жетілуге мотивацияны қайдан аласыз? Осы жұрт соның мәніне бойлай алмай, шабыт іздеп, кітаптар ақтарып, тренинг жағалап жүр. Оқырмандарға өз жетістіктеріңіз бен табысқа жетуіңіздің сыр-сипаты туралы айта аласыз ба? Бізге сіз нағыз кемелдік биігіне көтеріліп келе жатқан азамат ретінде көріндіңіз.

Кез-келген жұмысты мен шын жүректен атқаруға және жауапты болуға тырысамын. Өмірімді жоспарлап қойғанмын. Алдыма қойылған мақсаттарға жету үшін қателіктерімді жөндеп, әрі қарай тоқтамай ілгерілей беремін. Ең жақсы қасиеттер мен мінездерге ие болуға тырысып келемін. Әрбір адам шынайылықты сезеді, сондықтан өзіңізбен адал болып және басқалармен тек сөзбен ғана емес, әр іс-әрекетте де әділ қатынас ұстану керек.

Өмірлік ұстанымыңыз бір ауыз сөзбен...

Ықылас, шынайылық және адалдық.

Уақыт бөліп, сұхбат бергеніңіз үшін алғысымызды білдіреміз!

 

Silteme.kz порталы редакциясы

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер