Басып шығару нұсқасы
13.12.2019, 16:51

Әйелдер бұрысын пайымдаса да, теріс дінді ерлерінің ырқынан шыға алмайды – Т.Мұстафина

Толғанай МҰСТАФИНА: АЛМАТЫ ҚАЛАСЫ МЕН ОБЛЫСЫНДАҒЫ ДІНИ АХУАЛДЫҢ ДАМУЫНДА БЕЛГІЛІ БІР КҮРДЕЛІЛІКТЕР БОЛУЫ ЗАҢДЫ

 

Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының сүйемелдеуімен «Мониторинг және талдау орталығы» қаланың мешіттерінде, мемлекеттік және бюджеттік ұйымдарда және өндіріс кәсіпорындарында биылғы 2019 жылы дін саласындағы мемлекет саясаты туралы 600-дан астам ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын ұйымдастырды. Себебі діни сенім адамның ең нәзік тұсы болса, бұл әйел арқылы отбасындағы тәрбиеге, болашақ ұрпаққа да өз ықпалын беруі заңдылық. Қазір елімізде қыз-келіншектерге арнайы діни білім беретін 6 білім шаңырағы, яғни Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университеті және Қазақстан мұсылмандары діни басқармасына қарасты 5 орта арнаулы оқу орындары (медресе-колледж, медресе) жұмыс істейді. Одан өзге 900-ден астам мешітте арнайы тегін білім беру курстары болса, оның барлығында да әйелдер жамағатына алғашқы сауат ашу дәрістері қамтылған.

 

Соған қарамастан әйелдер қауымының дінге бет бұруында жат ағымға кетуден сақтандыру шарасы мемлекеттік дін саясатының бір тармағына айналды. Осы орайда «Іскер Talks» жобасы аясында әйел жамағаттарына арналған Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының жұмысын үйлестіруші «Қоғамдық процесстерді зерттеу және талдау орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, дінтанушы Толғанай Мұстафинамен сұхбаттасудың сәті түскен еді.

 

- Қазір түрлі деңгейде ақпараттық-түсіндіру топтары елімізде жан-жақты дерадикализацияға қатысты жұмыстар атқаруда. Сіз жүйелеп отырған РАТТ жұмысының ерекшелігі неде?

- Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстары елімізде 2013 жылдан бері жүзеге асырылып келеді. Бұл алдын алу жұмыстарында қоғамымыздың әр түрлі топтары қамтылды. Өткен 2018 жылдан бері Дін істері комитетінің бастамасымен еліміздің 8 өңірінде (Алматы облысы мен Алматы қаласа, Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Маңғыстау, Қарағанды облыстары мен Шымкент қаласы) арнайы түрде әйелдер арасында дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жүргізуге ерекше көңіл аударылуда. Өз кезегінде, бұл аталған өңірлердің діни ахуалындағы белгілі бір күрделіліктердің орын алуымен байланысты десек болады. Діни радикалдану үдерістері еліміздегі қыз-келіншектерді жетегіне алып кету үдерістері мемлекетімізді алаңдатуы осындай іс-шараларды күн тәртібіне қоюға себеп болып отыр.

 

- РАТТ жұмысын Алматы қаласы мен облысындағы сапарларыңыз тамамдады. Еліміздегі ең үлкен мегаполис әрі мәдени орталық Алматыдағы әйел жамағаттарына тән ерекшеліктерге тоқтала аласыз ба?

- Негізінен, өңірде дін саласына жауапты мемлекеттік мекемелер мен азаматтық институттардың жұмысы өңірдегі діни ахуалды бағамдап отыруда айтарлықтай үлес қосады. Дін істері комитеті жанындағы Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобы жылына бір-екі рет өңірге іс-сапарын жоспарлап, нысаналы топтармен бірқатар іс-шаралар кешенін өткізеді. Алматы қаласы еліміздегі ең үлкен мегаполис болғандықтан, қала мен облыс аумағында ішкі миграция процестері қарқынды жүретіні де көпшілігімізге мәлім. Сонымен қоса, бұл қалаға өңір-өңірлерден жастар буыны білім алуға, жұмыс істеуге ағылып келетіні де анық жайт. Осындай аталған және басқа да себеп-салдар Алматы қаласы мен облысындағы діни ахуалдың дамуында белгілі бір күрделіліктердің орын алуына себеп болатыны айқын. Атап айтқанда, үлкен қаладағы жұмыссыздық мәселелерін шешу, қалалық өмірге бейімделу шарттары кейбір адамдар үшін психологиялық дағдарыс туғызып отыратыны да болады. Осы мәселелерден қашып, өздері үшін шешім ретінде табылатын жолы «дінге бет бұру» қарқыны да орын алады. Міне, осы тұста дәстүрімізге жат діни ағымдардың жетегіне түсу қаупі басым.

Осындай әлеуметтік қиындықтар аталмыш санаттағы қыз-келіншектерді жалпы қоғам өмірінен алшақтатып, өздері секілді «діни жолдағы» адамдар қатарынан құралған шағын топтар болып ұйымдасуды жөн көреді. Өз кезегінде, қыз-келіншектер өмірлік серіктерінің сол ортадан болғанын қалайтындай... Осындай бір-бірімен сабақтасатын шарттар мегаполистегі әйел жамағаттарының діни радикализациялану үдерістерін арттыруға себеп болатынын да сөз ете аламыз.

 

- Әйел жамағаттарын қандай негіздерге қарап таңдайсыздар?

- Дін мәселелері жөніндегі ақпараттық-түсіндіру жұмысы белгілі бір өңірге жоспарлану барысында жергілікті дін саласындағы жауапты мекемелермен міндетті түрде кеңесіледі. Бір өңірге 3-5 күнге созылатын іс-сапар барысында РАТТ мүшелері әйел қауымдастығының түрлі топтарымен кездеседі. Айталық, ол дінге енді қызығушылық білдіріп жүрген жас қыздар мен келіншектер, мешіттердегі діни сауат ашу курстарына келетін шәкірттер. Арнайы нүктелік кездесулер діни радикализмге бейім тұлғалармен өтеді. Түзету мекемелерінде діни радикализм бойынша жазасын өтеудегі әйелдермен де профилактикалық кездесулерде боламыз. Сондай-ақ биыл «Жусан» арнайы операциясымен елге оралған әйелдермен жұмысқа ерекше назар аударылуда.

 

- Діни радикализацияға негізі мешіттен тыс орталарда дін үйренетін әйелдер ұшырайтынын күнділікті тіршілікте көріп жүрміз. Ал түсіндіру жұмыстарын өткізетін тізім қатарында мешіт жамағаттары да бар,яғни мешіт жамағаттарынан да қауіп бар ма деген сауал туындайды?

- Әлбетте, мешіт жамағаттарының өзінде ешбір қауіп болуы мүмкін емес. Бірақ әйел адамдарға келетін болсақ, әдетте жас қыз-келіншектер діни білімге, діни талаптарға сәйкес өмір сүруге қызығушылық білдіре отырып, өздерінің болашақтарын діндегі азаматтармен байланыстыруға тырысады. Ол ізденіс әдетте мешіттен тыс ортада, көп жағдайда ғаламтор кеңістігінде жүзеге асады. Міне, осы кезде діни білімін енді алып жатқан жас қыз немесе келіншек оң мен солды ажырата алмау қаупі бар. Мәселе жас қыз-келіншектердің дәрменсіздігінде емес, деструктивті идеологияның әр түрлі формада келіп ықпал етуінде. Сондықтан біз мешіттен діни сауаттылығын арттыруға келетін қыз-келіншектермен психологтарды тарту арқылы түрлі тренингтер, зайырлы мемлекеттегі мемлекет пен діннің ара-қатынасы реттелуінің ерекшеліктерін түсіндіруге бағытталған профилактикалық сұхбаттар өткіземіз.

 

- РАТТ жүргізетін профилактикалық орта тізіміне «Жусан» операциясымен елге оралғандар да қосылды. Олармен жұмыс істеуде қандайда бір ерекшелік байқалды ма?

- Бұл арада Республикалық ақпараттық-түсіндіру тобына негізінен білікті әрі дін саласындағы бірнеше жылғы жұмыс өтілі бар дінтанушы, исламтанушы, психолог, теолог мамандар, белсенді қоғам қайраткерлері енетінін ескеруіміз керек. Биыл «Жусан» арнайы операциясымен елге оралғандардың бірін профилактикалық жұмысқа тартып, өзге өңірге апару тәжірибесін жасадық. Бұның өзінде ол әйелдің бұрынғы діни көзқарастарынан барынша оңалды дегеннен кейін ғана бұл бастама жүзеге асты. Бұл қадамның мақсаты дінге енді қызығушылық білдіріп отырған немесе бастапқы кезде діни көзқарастары радикалды бағытта қалыптасқан нысаналы топтармен кездесуде деструктивті идеология құрбанының өз аузымен оның нәтижесі қайда апарып соғатынын түсіндіру.

 

- Көзқарасынан қайтпаған әйелдер назарларыңызға ілікті ме?

- Әлбетте, бастапқы кезде діни сауаттылығын радикалды ағымнан алған соң, діни көзқарастары сол сарында қалыптасып, қатып қалған да фактілер орын алады. Оған қоса, әдетте, әйелдер радикалды идеологиядағы азаматқа тұрмысқа шықса, сәйкесінше, оның алдағы көзқарастары осы бағытта беки береді. Мүмкін, кей кезде кейбіреуі түсініп жатқанның өзінде, күйеулерінің қалауларынан шыға алмай жатады. Бұл біржақты мәселе емес екендігін ескеруіміз абзал.

 

- Бұл нәтижесін уақыт көрсететін сала, дегенмен атқарылып жатқан жұмыстарға сай қандай нәтижелерге тоқтала аласыз?

- Дін істері комитетінің бастамасымен РАТТ және өңірлердегі дін саласындағы жауапты мекемелердің қолдауымен жан-жақты өткізіліп жүрген алдын алу жұмыстары нәтижесінде қоғамымыздың көпшілігі елеміздің дін саласындағы саясаты жайында хабардар екенін аңғарамыз. Десек те, дәстүрімізге сәйкес діни ұстаным мен радикалды діни ағымдардың айырмашылығын көбісі түсіне бермейді.

Бастапқы кезде діни білімдерін радикалды ағымдардан алғандардың ішінде дәстүрлі діни ұстанымға бейімделу ниеттері байқалады. Бірақ діни сезім деген өзі нәзік құбылыс болғандықтан, бұған бірталай уақыт пен күш жұмсау қажет, жұмыс жасау керек.

- Уақытыңыздың тығыздығына қарамастан сұхбат бергеніңізге орасан алғыс білдіреміз!

 

Silteme.kz порталы редакциясы

Ұқсас сілтемелер