Басып шығару нұсқасы
27.04.2019, 00:45

Бизнес – мінезділерге арналған – Н.Садықов

Бүгінгі «Іскер Talks» қонағы – айтулы филолог, докторант, спортшы, кәсіпкер, «Qazaqstan fighter» жобасының авторы әрі азаматтық пікірі мен позициясына берік азаматтың бірі – Нұраддин Садықов.

Қазіргі таңда аралас жекпе-жек, бокс кештерін ұйымдастырушы, спорт менеджері. Оның осы салада жүріп түйгені не, тұжырымдары қандай, біле отырыңыз.

«Жақсымен өткен жарты сағат, жаманның өтіп кеткен өміріндей» демекші, ой саларлық дүниеге толы аз-кем сұхбатымызды назарларыңызға ұсынамыз.

 Әңгімеміздің әлхиссасын бастайық. Өзіңізді қоғам белгілі бір деңгейде жақсы біледі, тәптіштеп таныстырып жату артық деген ойдамыз. Біздіңше, сіз көпшілікке ең алдымен, «MEIBUKAN» жекпе-жек өнер клубтары желісінің иесі,  «Қаз құс» шаруашылығы негізін қалаушы кәсіпкер ретінде көбірек танымалсыз. Сөзімізді осы іскери қырыңыздан өрбітсек пе дейміз. Тізгін өзіңізде...

– Иә, осы екі бизнестік жобаның негізін қалаушымын. Өкінішке қарай, қазіргі уақытта «Meibukan» жекпе-жек өнер клубы уақытша өз жұмысын тоқтатып тұр. Ал, екінші іс – құс шаруашылығының жетекшілігі менде емес. Бұларды тоқтатып қоюымның негізгі себебі – оларға мүлдем уақыт болмай кетті. Соңғы екі жылдықта аралас жекпе-жек кештерін, бокс ұйымдастырумен, спортшыларымызды шетелге шығару және «Qazaqstan fighter» жобасымен айналысудамын.

 

 

– «Qazaqstan fighter» жобасы қоғам тарапынан қызу қолдау тапты деуге болатындай-ақ. Аталған істің қазіргі жай-күйі, жаңалығымен бөлісе кетсеңіз.

– «Qazaqstan fighter» – реалити шоу. Былтыр  бірінші кезең бойынша жұмыс жасадық. Қазір екінші кезеңі басталғалы жатыр. Яғни әртүрлі спортшылар дайындап, аралас жекпе-жекте өнер көрсетіп, кездесулер ұйымдастырамыз. Асыра айтқаным емес, бұл осы бағыттағы Қазақстандағы ірі жобалардың бірі. Халық әділ бағасын беріпмжатыр. Мұны көріп, көңіліміз көтеріңкі жүр. Еңбегінің еленгенін, кім сүймесін?! Алдағы істерімізге жақсы шабыт сыйлауда десек те, артық емес-ау.  

– Бұл салаға, спортқа қалай келіп жүрсіз?

– Осы уақытқа дейін қаншама бизнес түрімен айналыстым. Оның ішінде көлік тасымалдауды, жаңа айтқанымдай, құс шаруашылығын да біраз айналдырдым. Біріккен Араб Әмірлігінде болып, елге көлік жіберумен де айналыстық. Көп сомада ақша тапқан кездеріміз болды. Жастықтың буымен, көкіректікпен жоғалтқан кездеріміз де болды. Бірақ өзімнің хоббиым – спортпен айналысу болатын. Каратэні студент болып жүрген кезімде қосымша серік ететінмін. Сол үшін де алғашқы болған бизнес түрі – жекпе-жек өнер клубтарын ашу болды. Тренер болып та істедім, көптеген чемпиондарды дайындап та шығардық. Шүкір. Жаман болмадық.

– Қазіргі таңда «Octagon Promotion», «Asia Promotions» жобаларының да қарқынды жүріп жатқанын байқаймыз. Олар туралы да кеңірек тарқата кетсеңіз.

– Бұлар біздің ең табысты, ең жақсы нәтиже көрсеткен жобаларымыз. Осы уақытқа дейін қаншама сомада кездесулер ұйымдастырылып, жастардың қызығушылығы артты. Соған орай табыстың басым көпшілігін спортқа қайта салдық. Әр «бой-ды» ұйымдастырудың өзі қаншама ерік-жігер, қаржыны талап етеді. Бірақ біздің мақсатымыз – спортқа қызығушылығы бар жастар шоғырын дайындап шығару. Кейін бір жерде төбелесіп немесе ұрлық жасап жүрмей, ең болмаса, тренер, балалар жаттықтырушысы болып, қоғамға кірпіш болып қаланып, өз орнын тауып кетсе де, біз үшін зор абырой. Рас, бәрі Гена болмайды, бірақ сол бағытта, сол салада жүрсе, оның өзі бір ғанибет.

 

 

– Осы әңгімеге келерде сіз туралы біраз дерек жидық. Дайындалдық дегендей. Сондағы қоғамдық пікірдің ауанына қарағанда, «Ортақ өгізден оңаша бұзау артық» деген ұстаныммен жүреді екенсіз. Әлде белгілі бір жағдайдан кейін, осындай ұстаныммен жүру керек болды ма? Көбісі, сіздің дербесшілдігіңізді баса айтады. Не сыр бар?

– Бұл адамның табиғатына байланысты деп ойлаймын. Біреудің айтқанымен жүре алатын адам болады және біреудің айтқанымен жүре алмайтын адам болады. Ал мен солардың ішінде екіншісімін. Белгілі бір дәрежеде шығармашылықты, еркіндікті талап етемін. Мүмкін, сол үшін де болар, көп қателік жібердім, тіпті мінезімнің ауырлығынан да біраз түсініспеушіліктер болды.

– Мамандығыңыз – филолог. Тіпті докторантураны бітіріп, Германияда оқып келіпсіз. Ғылымнан бастап, журналистика саласында да біраз тәжірибе алып, кейін бизнеске кетіп қалуыңызға не себеп болды? Әлде қаржылық себептер болды ма? Немесе әуелден «бизнес» жан қалауыңыз ба?

– Ешқандай мәселе жоқ. Бұның барлығы жеке бастың табиғатына байланысты. Болмысым солай бағдарлады. Түйсігім солай қарай бұрды.

– Көптеген тілдік жобалардың басы-қасында жүріпсіз. Жаңа латын жобасына да өзіндік ұсынысы бар топ өкілі екенсіз. Жалпы, филологтығыңызға обал емес пе? Сізді білетіндер сіздің таңдауыңызбен бірге үлкен тіл маманын жоғалттық деп қынжылыс білдіреді.

– Негізі, бұл жерде мамандыққа байланысты емес. Иә, докторантурада оқыдым, университетте де сабақ бердім. Уақыт еркіндігі деген болады. Ал мен университеттегі білім жүйесі бойынша қағазбастылықпен жұмыс жасап, уақытымды босқа жоғалтқым келмеді. Сол үшін де мен бұл саладын кеттім. Егер біздің білім жүйеміз кішкене реттелсе, ғалымдарға шығармашылық еркіндік берілсе, қағазбастылықтан арылсақ, онда мен міндетті түрде ғылымға қайта ораламын. Ешқандай мәселе жоқ.

– Қазақстанның білім жүйесі қай уақытта бір жүйеге келеді деп ойлайсыз?

– Қай кезде батыстық басқару жүйесі толық – қағаз жүзінде ғана емес, іс жүзінде айналымға енген кезде ғана нақты бір тиімді жүйе пайда болады деп білемін. Сол шақта мен де еш мәселесіз ғылымға ораламын. Тек шығармашылық, адам еркіндігі керек.

 

 

– Бүгінде жастарымыздың басым көпшілгі «кәсіпкер болсам, бай-қуатты болсам» дейді. Университетті басқа мамандықпен бітіріп, кейін бизнеске кетіп жатады. Мысалы, бірі – инженер, бірі – электрик мамандығын бітірсе де, басқа іспен, дәлірегі, бизнес айналасында жүр. Осы тенденция еліміздегі кадрлық жүйеге бір жағынан кері әсерін тигізуі мүмкін бе? Сонда кім – инженер, мұғалім, электрик болады?

– Бизнес деген бөлек әлем емес. Біздің өмірімізбен біте қайнасып жатқан дүние. Біздің көзқарасымыз бойынша, бизнес деген ең әуелі коммерциялық жұмыспен суреттеледі. Ал негізінде олай емес. Мысалы, ол бір қытайдан тауар әкеліп, соны базарға апарып, сонда тұрып сату емес. Бұл жолда білімді де бизнеске айналдыруға болады. Мықты математик болсаңыз, мектепке дайындайтын жеке орталық ашып, қаржылық бостаңдықта болуға болады. Сол үшінде бір жақты қарауға болмайды. Ал кадр мәселесіне келсек, шыңдамаса, шығын қылмаса керек.

– Сізбен әңгімеміз абстракцияға, пәлсафаға көбірек ойысқан тәрізді. Өткен кеткенді тұжырып, үлкен ой үстінде жүрген секілдісіз. Кейінгілер анықтамасын дәл білсін: бизнес дегеніміз не өзі? Біреулер «соғыс» дейді, енді біреулер «бұл – өмірлік бәсеке» дейді. Не деріңіз бар?

– Бизнес мінезділерге арналған. Кім шыдас беріп, соңына дейін барып, мықтылық таныта алады, сол жеңіске жетеді. Ал егер оған шыдамдылық бере алмасаңыз, мінезіңіз болмаса, онда  үкіметтің қарауында бір жерде, тұрақты айлық алып, маман болып отырғаныңыз жөн. Себебі, бизнес – көкжалдардың мекені. Яғни өз күшіңіз бен қарым-қабілетіңізді дұрыс парықтамай, не құрбандық, не жем болып кетуіңіз ғажап емес. Сондықтан да, әркімге белгілі бір «тақырыпқа» кірмес бұрын, қайда, қандай ортаға кіріп бара жатқанын, ол жердің жазылмаған ережесі қандай, бір ойлап, пайымдап қойған жөн.

 

 

– «Бизнес – көкжалдардың мекені» деп айтып қалдыңыз. Осы бәсеке ортасында жүргеніңізге он жылдан асқан екен. Ендеше, талапты жастарға, кәсіпкер боламын, бизнес бастаймын деген талапкерлерге өз тәжірибеңізден қандай ақыл-кеңес айтар едіңіз?

– Біріншіден, адалдық. Адамгершіліктен аттамау. Кезінде он теңге артық пайда табамын деп он мың теңгеге дейін шығынға ұшырағанбыз. Сол үшін де адалдық, адамгершілік. Осыны ұштастыра білсеңіз, құдайдың өзі сізге кез келген жердің есігін ашып беретін болады.

Екіншіден, өз сүйген ісіңізбен айналысу. Айталық, мен қай кезде табысқа жете бастадым. Өз ісімді тауып, содан ләззат ала бастаған кезде ғана. Бизнесім жүрсін десеңіз, қолыңыздан не келеді және не нәрсені сүйіп істейсіз, сонымен ғана айналысыңыз. Міне, сол кезде ғана жетістіктің ауылына жақындайсыз.

Үшіншіден, еңбек. Сапаға жұмыс жасау. 24  сағаттың кемінде 14 сағатын өзің айналысатын салаға арнамайынша, жақсы нәтиже күтпей-ақ қойсаңыз болады.

– Сонымен сізді «спортшы-кәсіпкер» дейік пе, жоқ әлде «кәсіпкер-спортшы»  дейік пе? Өзіңізді кімірек сезінесіз?

– «Кәсіпкер-спортшы» деген дұрыс-ау!

– Әр сөзіңіз аз да болса, саз. Қысқа да болса нұсқа екен. Сұхбатқа келісіп, уақыт бөлгеніңіз үшін көп рақмет. Ісіңізге сәттілік!

 

Сұхбаттасқан Ардақ Серік

Ұқсас сілтемелер