Басып шығару нұсқасы
25.05.2018, 14:05

ҚАЗТЕСТ тіл білуді қалай бағалап жүр? - Мәншүк Мұқаметқали

Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында ұлт тіліне де баса көңіл бөлгені белгілі. Жалпы мемлекеттік тілді қоғамның барлық саласына кеңінен қолданысқа енгізу мәселесі күн тәртібінен бір сәт түскен емес. Бұл ретте тіл білу деңгейін бағалау жүйесінің де атқарар рөлі ерекше. Төменде Ұлттық тестілеу орталығы ҚАЗТЕСТ жүйесін дамыту жөніндегі басқарма басшысы, педагогика ғылымының кандидаты Мәншүк Мұқаметқалимен болған сұхбат оқырмандар назарына ұсынылып отыр.

– Ұлттық тестілеу орталығы қыз­ме­тінің басым бағыттарының бірі – Қазақстан Республикасындағы аза­мат­тардың қазақ тілін меңгеру дең­гейін бағалаудың отандық жүйесі – ҚАЗТЕСТ бойынша тестілеу жұмыс­тарын ұйымдастыру және өткізу екені белгілі. Енді осы жүйенің маңыздылығына тоқтала кетсеңіз…
– ҚАЗТЕСТ – бұл Қазақстан ­Рес­пуб­ликасы ­азаматтары мен Қа­зақстан Республикасы аумағын­дағы шетел азаматтарының қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі. Жүйе халықаралық тілдік білімді бағалау жүйелерінің, атап айтқанда, TOEFL, IELTS (ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), TÖMER (түрік тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі), ТРКИ (орыс тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі) ұстанымдарына негізделген және тілдік білімді тыңдалым, лексика-грамматикалық құрылым, оқылым, жазылым сияқты сөйлеу әрекеті­нің түрлері бойынша бағалайды. ҚАЗТЕСТ құрылымы жағынан жо­ғарыда аталған тілді меңгеру дең­гейін бағалау жүйелеріне сәйкес келгенімен, өзіндік ерекшеліктері бар ұлттық жүйе. Басты ерекшелігі – тест тапсырушы тұлғаның әлеу­меттік-мәдени құзыретін ай­қындау. Тест тапсырушы қазақ тілін тек қатысым құралы ретінде ғана емес, сол тілді қолданушы қазақ ұлты­ның мәдениетін, салт-дәстүрін, ұлттық дүниетанымын түсіну, білу тұрғысынан да игергенін көрсете алуы тиіс. Біз мұндай талапты тілді білу дәрежесін бағалаудың Кембридж емтихандары базасы бойынша жіктелетін деңгейлердің ішінде CAE (Certificate of Advanced English) емтиханының тапсырмаларынан кездестірдік. Осыған ұқсас талап, атап айтқанда, жекелеген мемлекет бойынша елтанымдық білім мен мерзімді баспасөзбен таныс болуды міндеттейтін талап Оксфорд университетінің емтиханында да (The Oxford Written Examinationin Englishas a Foreign Language) бар.
Қазақстан Республикасында тілдерді дамыту мен қолданудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік тілді меңгерген азаматтардың үлесін кезең-кезеңімен арттыруда ҚАЗТЕСТ жүйесі нысаналы индикатордың тетігі ретінде анықталған.

Осыған орай, мемлекеттік бағдарламаның міндеттерін орындау мақсатында орталық және жергілікті органның, бюджет саласының, медицина саласының қызметкерлері, әскери қызметшілер, ұлттық компаниялардың қызметкерлері қызмет барысында ҚАЗТЕСТ тестілеуінен жыл сайын өтуде.
ҚАЗТЕСТ тестілеуінің бірінші кезеңі – диагности­калық тестілеу, яғни тестіленушінің қазақ тілін қай деңгейде меңгергендігін анықтауға бағытталса, екінші кезеңі белгілі деңгейді меңгергендігін сертификатпен растауға арналған. Сертификатқа ие болған азамат жұмыс орнында бәсекеге қабілетті екенін, құжатайналымын, хат алмасуды және өз бағыты бойынша мемлекеттік тілде қызмет көрсету құзыреттілігін көрсете алады.
– Бүгінде осы жүйені дамытуға, жетілдіруге байланысты қандай жұмыстар атқарылып жатыр?
– Біздің биылғы басты жаңалығымыз – ҚАЗТЕСТ жүйесінің жаңа форматқа көшуі. Яғни тестілеудің құрылымына, мазмұнына өзгерістер енгіздік, тапсырмаларды ықшамдадық. Объективті тестілеу нәтижесіне қол жеткізу үшін сертификаттық тестілеу құрылымына қолданыстағы Тыңдалым, Оқылым, Жазылым және Лексикалық-грамматикалық бөліктерден бөлек сөйлеу әрекетінің өнімді түрі Айтылым бөлігі енгізілді, яғни тестілеу барысында енді сөйлеу құзыреттілігіне аса мән берілетін болады. Себебі осы уақытқа дейін тестіленушінің мемлекеттік тілде қаншалықты сөйлей алатыны, өз ойын еркін жеткізе алатындығы бағаланбайтын. Мысалы, тестілеуден үміткер қазақ тілінен емтихан тапсырғаннан кейін, тағы да өзге де сынақтардан өтіп, тәуелсіз сараптамалық комиссия отырысына барады делік. Онда үміткерге сарапшылар тарапынан әртүрлі сұрақтармен қатар қазақ тілінде де сауалдар қойылады. Орыстілді үміткер қойылған сұрақтарға қазақ тілінде жауап беріп, өз ойын жеткізе алмайды. Осы жерде «үміткер қалайша мемлекеттік тілдегі тестілеулен өтіп келді» деген сұрақтар пайда болады. Бұл жердегі мәселе көп жағдайда өзге тілді мектептердегі қазақ тілі тек грамматикалық тұрғыда оқытылатындығында, яғни коммуникативтік құзыреттілікке бағытталмауында болып отыр. Қазақ тілінде сауатты оқып, жазып, жалпы ойды түсіне алатын мектеп түлегі сөйлеуге келгенде қатты қиналады, қазақ тілінде сөйлей алмайды. Міне, қазіргі ҚАЗТЕСТ-тің жаңа форматы бойынша тестілеу барысында тестіленушінің сөйлеу құзыреттілігіне баса назар аударатын боламыз. Яғни емтихан барысында тест алушы маман тестіленушінің қаншалықты мемлекеттік тілде сауатты сөйлегенін, белгілі бір тақырып бойынша пікірін тыңдап бағалайды.
Жаңа форматқа көшу барысында халықаралық TOEFL, IELTS, TOMER, ТРКИ секілді тілдік білімді бағалау жүйелеріне салыстырмалы талдау және қосымша зерттеулер жасалды. Бұл халықаралық тіл білімін бағалау жүйелерінің талаптарына сәйкес келеді. Бес деңгей бойынша тапсырмалар және ауызша жұмыстарды бағалау межелері әзірленді. ҚАЗТЕСТ жүйесіндегі тапсырмалар саны ықшамдалып, 150 тапсырмадан 100-ге қысқартылды. Қайталанатын тапсырмалар, қазақ тілі құрылымының грамматикалық категорияларын бағалайтын кейбір тапсырмалар алынып тасталды.
Тест тапсырмаларының түрлері анағұрлым тиімді, мазмұны жағынан қызықты, құрылымы бойынша нақты және оқуға ыңғайлылық тұрғысынан ауыстырылды. Тест тапсырмаларындағы диалогтер мен мәтіндерді іріктеу тәсілі өзгертілді, мұнда тестіленушілердің әлеуметтік тобына сәйкес тест сұрақтарын бейімдеу талабы басшылыққа алынды.
Қазіргі уақытта ҚАЗТЕСТ жүйесінің жаңа форматын пилоттық режимде әртүрлі әлеуметтік топтарда байқау сынағынан өткізіп жатырмыз. Байқау сынағы оң нәтиже көрсеткен жағдайда осы жылдың II жартыжылдығынан бастап жаңа форматты енгізетін боламыз.
– Тест барысында тестіленушілерді сөйлету арқылы қазақ тілін қаншалықты меңгергендігін анықтайтындарыңыз өте құптарлық. Жалпы тілді білу, меңгеру деңгейін бағалауда қолданылатын тестілеу әдісінің тілдік құзыреттілікті айқындаудағы рөлі туралы не айтасыз?
– Тілді білу деңгейін бағалау арқылы мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту ісінде тілдің әлеуетін барынша пайдалану өте маңызды. Қазақтың біртуар жазушысы Ж.Аймауытұлы «Ана тілін үйрену – сөздерді жаттау, олардың жүйесін, өзгеру заңдарын білу ғана емес, тіл үйренумен бірге тілдің сансыз көп ұғымдарын, ойларын, сезімдерін, сұлу үлгілерін, ойлау жүйесін, ой пәлсапасын да меңгеру» деп, оның практикалық, өмірлік мәніне ерекше назар аударған болатын. Бүгінде ғалымның бұл айтқан тұжырымдары өзінің өміршеңдігін дәлелдеп отыр. Тілді тіл үшін емес, тілді қолданыстық, практикалық тұрғыдан мақсатты түрде оқыту – бүгінгі күннің басты талабы. Осы ретте еліміздегі білім беру жүйесінің құрамдас бөлігіне айналған алынған білім деңгейін бағалаудың ҚАЗТЕСТ жүйесі де респуб­лика азаматтарының тілдік құзыреттілігін арттыру ісіне өзіндік үлесін қосып келеді.
Білім алушының шығармашылық әлеуетін, білімінің тереңдігін жан-жақты көрсете алу мүмкіндігінің жоқтығы, білім алушының психологиялық, физикалық (дене) кемшіліктеріне/артықшылықтарына байланысты баға шынайы­лығының өзгеруі сияқты кемшіліктеріне қарамастан, тестілеу әлемнің көптеген елінде білім деңгейін бағалаудың бірден-бір жүйесі болып отыр.
Тестілеу арқылы тілді білу деңгейін бағалау – жалпы білім дәрежесін бағалаудың ортақ межелеріне сәйкес келгенімен, өзіндік ерекшеліктері бар жүйе. Тілді меңгеру дәрежесіне баға беру деңгейлік бағалау, жалпы бағалау және тұлғаның кәсіби құзыретіне байланысты қойылатын талаптарына сәйкес тілді қарым-қатынас құралы ретінде меңгеруді бағалау сияқты бөліктерден құралады.
Тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйелерін құру кез келген мемлекет үшін қажетті іс деп санаймыз, себебі тілдік білімді игеру сол тіл мемлекеттік тілі болып саналатын елдің мемлекеттік құндылықтарын құрметтеу, қоғамдық құндылықтарын ұстану және тұлғалық құндылықтарды иемдену тұрғысынан өте маңызды.
– Жалпы қазіргі уақытқа дейін қанша адам осы жүйе бойынша тестілеуден өтіп, бағаланды?
– 2006 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша 323 849 адам тестілеуден өтіпті. Соңғы 3 жылдағы статистикаға тоқталсақ: 2015 жылы – 47647 адам; 2016 жылы – 73732 адам; 2017 жылы – 94 579 адам өткен. Оның ішінде: мемлекеттік қызметшілер – 22 684 адам; бюджеттік сала қызметкері – 29 458; ұлттық компаниялардың қызметкері – 849; «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадр резервіне үміткерлер – 73; «Болашақ» стипендиясына үміткерлер – 545 адам; әскери сала мамандары – 12 484; ­«Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚҚ мұғалімдері мен басқару персоналы – 2 403; басқа сала қызметкерлері – 26 083 адам.
Бұл мәліметтерден жыл сайын ҚАЗТЕСТ жүйесі арқылы тестілеуден өту қажеттілігінің жоғарылап, тестіленушілер санының артып отырғандығын көруімізге болады.
Қазіргі уақытта ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша тестілеу «А» корпусының мемлекеттік әкімшілік қызметінің кадрлық резервіне үміткерлер, «Болашақ» стипендиясына үміткерлер, ­«Назарбаев зияткерлік мектептері» АҚҚ мұғалімдері үшін міндеттелген тест болып отыр. Бір қуантарлығы, соңғы жылдары ҚР Ұлттық Банкі және «ҚазАтомӨнеркәсіп», «KEGOK», «KazTransOil» сияқты ірі компания басшылары қызметкерлерінің мем­лекеттік тілді меңгеруіне ерекше назар аударып, осы жүйе бойынша қызметкерлерін тестілеуден өткізуде.
– Азаматтардың қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалауда тест тапсырмаларының сапалы болуы әзірлеушілер мен оған сараптама жасайтын мамандардың біліктілігіне, кәсіби ше­бер­лігіне байланысты болады десек қате­леспейміз. Тест тапсырмаларын әзірлейтін, оларға сараптама жасайтын мамандарды іріктеуге, білікті әдіскерлерді тартуға қанша­лықты мән бересіздер? 
– Дұрыс айтасыз, тест тапсырмаларының сапасы, негізінен, тест әзірлеушілердің біліктілі­гіне, тестология ғылымын қаншалықты меңгергендігіне тікелей байланысты екені рас. Тест тапсырмаларын әзірлеуші мамандар мен сарапшыларға қойылатын талаптарды күшейту және тест тапсырмаларын әзірлеушілер мен сарапшыларды кон­курстық негізде іріктеудің нақты тетігін әзірлеу мақсатында 2017 жылы «Тест тапсырмаларын әзірлеушілер мен сарапшыларды конкурстық негізде іріктеу қағидасы» бекітілді. Осыған сәйкес биылғы жылдан бастап еліміздегі жетекші жоғары оқу орындарының, атап айтқанда, Назарбаев университеті, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, С.Демирель атындағы университеттің, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің тілші ғалымдарынан, А.Байтұрсынұлы атындағы Тіл білімі институтының, М.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының мамандарын тест тапсырмаларын әзірлеушілер мен сарапшы­лары ретінде 5 кезеңнен тұратын конкурстың негізінде іріктеп алдық. Бұл мамандардың ішінде халықаралық тілдік білімді бағалау емтихандарын өздері тапсырған, сол тілдік емтихандардың тапсырмаларымен жете таныс мамандар да бар. Яғни ҚАЗТЕСТ тапсырмаларын әзірлеу барысында олардың алған білімдері, тәжірибелері бізге сөзсіз қажет.
Жалпы білім беру сапасын, оның ішінде тілдік білімді бағалау педагогикалық өлшемдерге негізделетіндіктен, бүгінгі күнде тестіленушілердің тілдік білімін бағалау-өлшем құралдарының белгілі бір қоры қалыптастырылған. Қазіргі уақытта тілші-ғалымдардың, әдіскерлердің тестология саласының мамандарымен ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша 100 мыңнан астам тест тапсырмаларының қоры әзірленіп, қолданысқа енгізілді.
Жалпы тест тапсырмаларын жетілдіру, сапалы әзірлеу, қажетті мамандарды дұрыс іріктей білу қоғамда сол тілге деген қажеттіліктің, сұраныстың болуына да байланысты екенін ұмытуға болмайды.
– Сіздер тест жұмысын ұйымдастырып, өткізіп, тестіленушінің қаншалықты деңгейде мемлекеттік тілді меңгергендігін бағалап бересіздер. Ал тест тап­сырушылар үшін емтиханға арнайы дайындық құрал­дарын әзірлеу жұмыстарымен айналысасыздар ма?
– Сұрағыңыз өте орынды. Соңғы жылдары қазақ тілін оқыту сапалық жағынан жоғары деңгейге көтеріліп, қоғам мүшелерінің қазақ тілін меңгеруге деген сұранысы артып келеді.
Осыған орай, 2011 жылдан бастап ҚАЗТЕСТ қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі бойынша тест тапсырушылардың алдын ала емтиханға дайындалуы үшін арнайы деңгейлік оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді әзірлеу жұмыстары қолға алынған.
2012 жылы Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің тапсырысымен қазақ тілін оқытуға арналған деңгейлік оқу құралдары жарыққа шықты. Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің, Назарбаев университетінің оқытушылары мен ғалымдары, халықаралық «Haileybury» мектебінің тәжірибелі тіл мамандары аталған оқулықтарды әзірлеу ісіне тартылды.
Кешен қазақ тілінің бес деңгейлік (қарапайым, базалық, орта, ортадан жоғары, жоғары деңгей) оқулықтарынан тұрады. Оқулықтар қазақ тілін меңгерудің коммуникативтік тілдік құзыреттіліктерін анықтайтын Қазақстан Республикасының ұлттық стандарттарының, Қазақ тілін оқытуға арналған бірүлгі бағдарламаның негізінде әзірленді. Оқулық мазмұны белгілі бір тілді екінші тіл ретінде оқытудың халықаралық тәжірибелеріне сәйкес сөйлеу әрекетінің тыңдалым, оқылым, жазылым, айтылым сияқты түрлерін қамтиды. Оқулықта берілген әр сабақ бойынша жаңа лексикалық, грамматикалық тақырыптар ұсынылып, алғашқы меңгерген ақпарат пен кейінгі меңгерген лексикалық бірліктер бірін-бірі толықтырып отырады. Жазылым әрекетін дамыту мақсатында шағын көлемдегі ісқағаздарының бірқатар үлгілерін бекітілген типтік формалары бойын­ша сөздіктің көмегімен ішінара толтыру тапсырмалары берілді. Ұсынылатын тақырыптық суреттер мен түрлі үлгідегі сызбалар, елтанымдық деректер тіл үйренушілерінің айтылым әрекетін дамытуға негізделді. Тіл үйренушінің тыңдалым бөлігін дамыту мақсатында деңгейге сәйкес тыңдалым мәтіндері аудиотаспалар арқылы жеке ұсынылды.
Бүгінде өңірлердегі барлық тілдерді оқыту орталықтары тіл үйренушілерді аталған оқу құралдарымен оқытуда. Аталған оқу құралдарын қайта толықтырып, жетілдіріп, 2016 жылы «Қазақ тілі» оқулығының қарапайым (А1), базалық (А2) деңгейлері, 2017 жылы орта (В1), ортадан жоғары (В2) деңгейлерінің 2-басылымы жарыққа шықты. Биыл «Қазақ тілі» оқулығының жоғары деңгейін (С1), лексикалық минимумдардың орта (В1), ортадан жоғары (В2) және жоғары (С1) деңгейлерін әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен бірге оқу-әдістемелік кешеннің келесі құрамдас негізгі бөлігі ретінде «Тіл – құрал» оқу құралы, әр деңгей бойынша үш тілдегі тақырыптық лексикалық минимумдар, тіл қолданушыларға әрбір деңгейдің жағдаяттарына сәйкес сөйлей білуге, жаза білуді үйретуге арналған тілдің грамматикалық құрылымын қамтитын «Грамматикалық анық­та­ғыш», ҚАЗТЕСТ бойынша тест тапсыруға дайындық барысында тіл үйренушілердің ҚАЗТЕСТ тапсырмалары арқылы машықтануына бағытталған «Жаттығулар жинағы» жарыққа шықты. Осы ретте Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тілдерді дамыту және қоғамдық-саяси жұмыс комитетіне, Ш.Шаяхметов атындағы Тілдерді дамытудың республикалық үйлестіру-әдістемелік орталығына қазақ тілін меңгеру деңгейін бағалаудың тестілеу әдісімен өтетін емтиханына дайындалуға арналған оқу-әдістемелік құралдарын әзірлеуге, аталған еңбектердің жарыққа шығуына және оны барлық өңірлердегі тілдерді оқыту орталықтарына таратылуына қолдау көрсетіп отырғанына өз алғысымызды білдіреміз. Жалпы бүгінгі күнге дейін ҚАЗТЕСТ жүйесі негізінде 26 аталым бойынша оқу құралы жарыққа шықты.
– Жүйенің бүгінгі күн талаптары мен сұраныс­тарына сай насихатталу жағы қалай?
– Қазіргі уақытта қазақ тілін үйренушілер үшін ҚАЗТЕСТ жүйесі туралы ақпараттың қолжетімділігін қамтамасыз ету мақсатында жүйе жұмысы Facebook,Instagram сияқты әлеуметтік желілерде кеңінен насихатталуда. 2009 жылдан бері kazakhtest.kz ресми веб-сайты жұмыс істейді. Сайтта осы жүйе туралы 3 тілде (қазақ, орыс және ағылшын) толық ақпарат берілген. Биылдан бастап сайттың латын графикасындағы парақшасы ашылды. Тест тапсырушылар емтиханға алдын ала дайындалуы үшін сайтқа оқу құралдарының электронды нұсқасы орналастырылған.
Сайт арқылы әрбір тіл үйренуші өзінің қазақ тілін білу деңгейін анықтау үшін тегін онлайн байқау тестілеуінен өте алады. Сайтта алдын ала тіркеліп, өтетін байқау сынақтары, жалпы тест құрылымы, мазмұны, тестіленушілер туралы ақпарат алуға мүмкіндік бар. Сондай-ақ өзінің қазақ тілін меңгеру дәрежесін көтергісі келетін тіл үйренуші жеке компьютеріне орнату арқылы кез келген уақытта тестілеуден өте алатын компьютерлік тестілеу бағдарламасы да әзірленген.
2017 жылы Орталықта қоғам қайраткерлері, белгілі ғалымдар мен үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерінен құрылған ҚАЗТЕСТ жүйесін жетілдіру және дамыту жөніндегі ғылыми-әдістемелік кеңес құрылды. Отандық тестілеу жүйесінің беделін арттыру, қоғамда ҚАЗТЕСТ туралы оң пікір қалыптастыру, Орталықтың ҚАЗТЕСТ жүйесі бойынша қызметін көпшілікке насихаттау кеңес жұмысының басты бағыттары болып отыр.
– ҚАЗТЕСТ жүйесін жетілдіру, тәжірибе алмасу мақсатында жоғарыда атап өткен әлемдік тілдік білімді бағалау жүйелерімен байланыстарыңыз бар ма?
– ҚАЗТЕСТ жүйесін әлемдік тілдік білімді бағалау жүйелері деңгейіне көтеру мақсатында Ұлттық тестілеу орталығы ағылшын тілін меңгеру деңгейін бағалау жүйесі TOEFL-ды әзірлейтін ETS Global ұйымымен, Түркия Республикасы Гази университеті құрамындағы Түрік тілін оқыту, зерттеу және қолдану орталығымен (TOMER), М.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университеті жанындағы ТРКИ (Тест по русскому языку как иностранному) орталығымен ынтымақтастық орнатты. Жыл сайын ҚАЗТЕСТ жүйесінің тест тапсырмаларын әзірлеушілері мен сарапшылары халықаралық сарапшылардың қатысуымен өткізілетін әртүрлі семинарлар мен авторлық курстарға қатысып келеді. Биылғы жылы да қараша айында ҚАЗТЕСТ жүйесінің тест тапсырмаларын әзірлеушілері мен сарапшылары, оқулық авторларының қатысуымен іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Мұндай серіктестік отандық жүйені жетілдіруге оң ықпал ететіні сөзсіз.
– Алдағы жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– Алдағы уақытта да ҚАЗТЕСТ-ті дамыту, жетілдіру жұмыстары, жоғарыда айтқанымыздай, Мем­лекеттік бағдарлама аясында жүйелі түрде жүзеге асырылатын болады.
Биылғы жылғы басты міндетіміз – ҚАЗТЕСТ-тің жаңа форматын қолданысқа енгізу. Жұмыс ба­рысында жақсы ой, жаңа идеялар туындаса немесе мамандар, әріптестер тарапынан ұтымды ұсы­ныс­тар айтылса, оларды да ескеруге дайын­быз. Осы жылдың соңына дейін жоғарыда атап өткен оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз.
– Әңгімеңізге рақмет!

Әңгімелескен
Нұрперзент ДОМБАЙ

Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz

Ұқсас сілтемелер