Басып шығару нұсқасы
29.03.2018, 11:14

Жамандықты амандық жеңеді

Жамандықты амандық жеңеді Фото: EmoSurf.com

Өрт те, тасқын да, апат та аяқастынан болады. 

Кемероводағы қайғылы жағдай, Шы­ғыс Қазақстандағы су тасқыны, Ұзынағаштағы қанды оқиға, Қызылор­дадағы атыс – бәрі жамандық.

Күн сайынғы ақпараттық нөпір кілең нега­тивке толы. Мұның бәрі белгілі мөл­шерде адамдардың жүйкесіне теріс әсер етеді. Ал теледидар мен әлеуметтік желі алдында телміріп жастар отыратынын ескерсек, олардың көңіл-күйі қандай болып жатқанын бағамдай беруге болады. Елімізде суицид көрсеткіштері кемімей отыруы­ның бір себебі осында жатқан жоқ па?!. Сірә, еліміздегі БАҚ-та тарайтын күнделікті ақпараттағы келеңсіз оқи­ғалар тізбегін заңмен шек­теудің уақыты келгендей.

«Өгізге туған күн бұзауға да туады» дегенді елеп-ескерді ме, Қазақстан Үкіметі Ресейдегі қайғылы оқиғадан кейін бірден селт етті. Үкіметтің селекторлық режимдегі отырысында Премьер-министр Бақытжан Сағынтаев еліміздің Ішкі істер министрлігіне барлық сауда орталықтарындағы өрт қауіпсіздігі мәселесін тексеруді тапсырды. «Назар аударатын тағы бір мәселе, Ресейдің Кемерово қаласында орын алған қайғылы жағдай барлық­тарыңызға мәлім. Сауда орталығында өрт болып, 60-тан аса адам қаза тапты. Оның 35-і балалар. Елбасы ресми түрде Ресей президентіне көңіл айтты. Біз де бұл төтенше оқиғадан сабақ алуымыз қажет» деп нығыздады Б.Сағынтаев.
Ішкі істер министрлігі мен өртке қарсы қызметтер әкімдіктермен бір­лесіп, сауда орталықтарында тексеруді бастап та кетті. Үкімет отырысынан кейін ІІМ Төтенше жағдайлар коми­тетінің төрағасы Владимир Беккер:
– Есіктерін жауып қоятын сауда, ойын-сауық орталықтарына 50 айлық есептік көрсеткіш көлемінде әкімшілік айып­пұл салынады. Бұл 120 250 теңгені құ­райды. Әрбір есікке айыппұл салмай­мыз, әкімшілік хаттама толтырамыз. Бұзушылық анықталғанда әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Ұйғарым беріледі. Егер қайта тексерілген кезде бұзушылық жойылмаса, онда материал сотқа беріліп, 100 АЕК немесе нысан қызметін тоқтату туралы шара қарасты­рылады. Бізде барлығы 1151 ірі сауда орталығы бар. Олардың барлығын да 2018 жылы тексеру жоспарланған. Бар­лығы да тексерілетін болады. Кемерово қаласындағы бірнеше адамның өмірін жалмаған сауда үйіндегі өрттің салдарын ескере отырып, кеше аумақтық орган­дарға арналған нұсқаулыққа қол қойыл­ды. Онда өртті анықтау жүйесінің жай-күйіне, қауіпсіздікті кешенді қамта­масыз ету мәселесіне баса назар аудару көзделген, – деді.
Дұрыс. «Сақтансаң – сақтаймын» деген. Азаматтардың амандығына ештеңе жетпейді. Әсіресе, бала-шаға атаулы қауіп-қатерден аман болғаны абзал. Кеше көрші елдегі қасіретке жаны күйзелген ақын Серікбол Хасан:
Шыңғырған бөбектің зары,
Шымырлап бойға жайылды…
Күнәсіз төгіліп қаны,
Ананы баладан айырды…
Ей, біздің опасыз қоғам,
Не «сыйлар» екенсің тағы?
Байлығың бар ма артық содан,
Баласыз бар ма өмір бағы?
Олар да жақсының көзі еді,
Құлпырған қанша гүл солды…
Өртеніп әкенің өзегі,
Ананың етегі толды…
Жүрекке батады қара сыз,
Көктемде әкелген күзді…
Үлкендер қашанда санасыз,
Балалар, кешіңдер бізді!.. – деген өлең жазды. Әлеуметтік желіде «Неге сен қайдағы орыстың жоғын жоқтап қалдың?» деген мазмұнда пікір өрістет­кендер де бар.
Қайғы мен қасірет ұлт таңдамайды. Адамзат баласына бәрі ортақ.
Баяғының шалдары: «Жамандықты амандық жеңеді» деп отыратын. Лайым, қазақтың басына қайғы бұлты үйіріл­месін! Амандықтың есігі ашық тұрғай!

Нұртөре ЖҮСІП

Дереккөз: aikyn.kz

Ұқсас сілтемелер