Интернет кеңістігінде ұлттық ақпараттық қоғам қалыптастыру мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді - Д.Абаев
20.12.2017, 17:43

Интернет кеңістігінде ұлттық ақпараттық қоғам қалыптастыру мәселесі біртіндеп шешімін тауып келеді - Д.Абаев

Бүгін Астанада ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігінің қолдауымен «Қазақстанның үшінші жаңғыруы аясында медиа ресурстар нарығының дамуы» тақырыбымен Қазақ сайттары редакторларының форумы болып өтті, деп хабарлайды silteme.kz.

Шараны ұйымдастырушылар - «Қазақстан» телерадиокорпорациясы, Қазақстандағы АҚШ елшілігі және Қазақстан баспасөз клубы.

Форумның мақсаты – Қазақ тілді сайттарды дамыту, контент сапасын арттыру және өзекті мәселелердің шешімін табу болды.   

Форум барысында  ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев арнайы келіп, қатысушылардың алдында сөз сөйледі.

«Бүгінгі алқалы жиын «Қазақ сайттары редакторларының форумы» деп аталғанымен, оған сайттардың ғана емес, телевизия мен радионың, баспасөздің өкілдері де, сонымен қатар әлеуметтік желі белсенділері де қатысып отыр. Себебі, Интернеттің қарқынды дамуы коммуникация құралдарын бір арнада тоғыстырып, дәстүрлі БАҚ пен жаңа медианың сабақтастығы күшейе түсуде. Сондықтан, баршаңызды осы саладағы ең өзекті мәселелерді бірлесе талқылауға шақырып отырмыз.

Форум барысында ортаға салынған пікірлер мен идеялар отандық ақпарат саласының дамуына үлес қосады деп сенемін», - деп атап өтті министр.

Сондай-ақ, ол Мемлекет қолдауының арқасында Интернет кеңістігінде ұлттық ақпараттық қоғам қалыптастыру мәселесінің біртіндеп шешімін тауып келе жатқанын айтты. Мысалы, біраз жыл бұрын салалық БАҚ құру өзекті мәселе болса, бұл бағыттағы жұмыстар өз нәтижесін бере бастады.

«Атап айтсақ, тарихымызды түгендейтін National Digital History порталы іске қосылды. Әдеби мұраларымызды жинақтайтын Әдебиет порталы жұмыс істеуде. Танымдық El.kz порталы, тек қана қазақ тілінде хабар тарататын Baq.kz ақпарат агенттігінің жұмысы жүйелі жолға қойылды. Қоғамға сөзі өтімді, сан саланы қамтыған интернет-ресурстар жыл өткен сайын көбейіп келеді. Осының барлығы мемлекет қолдауының арқасында жүзеге асуда. Сонымен қатар, осы салада еңбек етіп жүрген мамандардың еңбегі де ескерілуде. Өздеріңізге мәлім, биылғы жылы Ақпарат  және коммуникациялар Министрлігі осы саланың үздіктеріне арналған «Үркер» сыйлығын тағайындады. Бұл шара жалғасын табатын болады», - деп түйіндеді сөзін Д.Абаев.

Айта кетейік, аталмыш шараға «Қазақстан» РТРК АҚ Басқарма төрағасы Ерлан Қарин, Қазақстандағы АҚШ елшісі Джордж Крол, Қазақстан баспасөз клубының атқарушы директоры Сәкен Балбаев, сондай-ақ, журналистер, веб-редакторлар, блоггерлер қатысты.

Форум аясында осы саланың білікті мамандары қазақ тілді сайттарға байланысты өз ойларын ортаға салып, тәжірибелерімен бөлісті. Бұл форум қазақтілді сайттардың ақпарат кеңістігіндегі орны мен ерекшеліктерін айқындап, контент сапасы, оқырман талабы, жарнама мен қаржыландыру, жаңа медиа мен қазіргі трендтер, жаңа технологиялар сияқты тақырыптарды қамтыды.

Шара барысында нақты талқыланған мәселелер мыналар:

1 сессия: «Қазақ сайттары: контент сапасы және оқырман талабы».

2 сессия: «Бәсеке, жарнама, қаржыландыру және монетизация».

3 сессия: «Жаңа медиа және дәстүрлі БАҚ».

4 сессия: «Қазіргі трендтер және жаңа технологиялар».

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер