Басып шығару нұсқасы
23.12.2017, 22:01

Пайдасыз тренингтерге сеніп баратындар ай сайын артып барады

Пайдасыз тренингтерге сеніп баратындар ай сайын артып барады Фото: alashinform.kz

«Qazaqstan» арнасындағы «Мәселе» бағдарламасында журналист Нартай Аралбай шынайы көмектесуді емес, ақша табуды ғана көздейтін пайдасыз тренингтер мәселесін көтерді, деп хабарлайды silteme.kz.

«Қазір не керек түрлі тренинг деген толып кетті. «Бай қыламын» дейді, «ақшасын төлесең ақшаны уыстап ұстайтын кәсіпкер жасап шығарамын» деп жарнамасы жер жарған талайды көрдік. «Бақытты болуды үйретемін, тұрмысқа шығудың, жақсы келін болудың, баланы ақылды қылып тәрбиелеудің жолын көрсетемін», деп жүргендер көп. Бір қызығы, соларға сеніп баратындар ай сайын артып барады. Қазір тәрбиеші көп, бұл алты алашта алты ауыз сөзге арқау болар сөз айтатын ақсақал таусылды дегенді білдірмейді. Тек әлгі үйреткіштер ата-әженің тәрбиесін тықсырып жылтыр жарнама жасап, кітап басып сананы улап жатыр», - деп атап өтті журналист.

«Отбасын қалай сақтап қалуға болады?» деген атақты кітаптың авторы Дерек Медина Америкада өз әйелін атып тастап суретін әлеуметтік желіге салды. «Қалай бақытты болуға болады?» деген бестселлердің авторы Чхве Юн Хи Кореяда  асылып өлді. «Достарды қалай табуға болады?» деп туынды жазған әйгілі Дейл Карнеги қартайғанда жападан жалғыз қалып көз жұмды. Баланы жақсы тәрбиелеудің жолдары туралы бірнеше кітап жазған Бенджамин Спокты өз балалары қарттар үйіне апарып тастады», - деп тақырыптың екінші жағын ашты Н.Аралбай. 

Айта кетейік, аталған жобаның мақсаты - ел аумағы мен дүниежүзінде болатын оқиғаларға сараптама жасап, елеулі оқиғаларды қортындылап, кеңінен талдап, талқылайтын, өткір де өзекті мәселелер бойынша ақпараттық сараптамалық зерттеу жасау және оны көпшілік көрерменге кең көлемде жеткізу. Сондай-ақ, халықтың көкейіндегі мәселелердің күрмеуін шешіп, елді шынайы ақпаратпен қамтамасыз ету, ресми сауаттандыру басты міндеттерінің бірі.

Ұқсас сілтемелер