Инновация: Қазақта өнертапқыштар жоқ емес, бар. Тек...
05.07.2018ж.

Инновация: Қазақта өнертапқыштар жоқ емес, бар. Тек...

Қазақта өнертапқыштар жоқ емес бар, тіптен артығырақ десе де болады. Алайда, басты мәселе – сол ойлап табылған жаңалықты жүзеге асыруға келіп тіреледі. Елімізде инновациялық қаншама дүниелер байқаулары, мемлекет тарапынан қолдаулар жүріп жатыр десек те, көптік етпейтіні анық. Айналып келгенде, мұның қоғамдағы инновациялық үрдіспен байланысты екендігі белгілі.

Өз кезегінде, осы тақырыпты академиялық жағынан терең зерттеп жүрген философия ғылымдарының докторы Тұрсын Ғабитовтың айтуынша, өндірістік құрал-жабдықтар әрбір екі жыл сайын өзгеріп отырады. Бұған, яғни, өзгеріске күш беретін — өндірістің және қоғамның барлық іс-әрекеттерінде ақпараттың кең көлемділігі. Ал өндірістің жаңаруы мен тиімділігінің жоғарылауына адам баласы, оның білімі, тәжірибесі, қабілеті, шығармашылық мүмкіндіктері өз ықпалын тигізеді.

Сонымен, инновациялық мәдениеттің негізгі мақсаты — ескі (өткен шақ, «классика»), қазіргі (осы шақ, «модерн») және жаңа (болашақ, «футур») арасындағы тепе-теңдікті қалыптастыру және оны сақтау болмақ. 

Инновациялық қабылдау ескі, қазіргі және жаңадан алатыны тең көлемді болмағандықтан, кей кездері, ескінің бөлінуіне, қазіргінің мобильденуіне және жаңаның экспансиясына түрткі болады. Әрбір ұлт, халық, қоғам, жеке адам мәдениеті өзгешелігін осы үштіктің өзара тәуелділігі қамтамасыз етеді. 

Әрине, бірді айтып бірге кетпес үшін біз сондай инновациялық мәдениет өкілдерінің бірі, жас ғалым, ҚазҰУ оқытушысы Еркебұлан Нәлібаевтың еңбегін мысалға келтіргіміз келеді.

Оның бірқатар жолдастарымен бірге жасап жатқан мобильді электростанция құрылғысы турасында айтпас бұрын осыдан 4 жыл бұрын С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Радиотехника, электроника және телекоммуникациялар» мамандығы бойынша «Бейсызық глобалды байланысқан осцилляторлар ансамбліне сыртқы күш әсер еткендегі синхронизацияны зерттеу» тақырыбында философия PhD докторы ғылыми дәрежесіне ізденушілікке докторлық диссертацияны қорғағанын атап өткен жөн.

Ғылыми жетекшілері де осал емес.

Олар:

Жанабаев З.Ж. – физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті.

Michael Rosenblum – ғылым докторы, профессор, Потсдам университетi, Потсдам қ., Германия.

Ал енді жүзеге асыру үшін қаражат талап етіп отырған құрылғының артықшылықтары келесідей:

- мобильділік
- компактілік
- эксплуатация қарапайымдылығы

- қызмет көрсету мен ремонт оңайлығы. 
- төмен бағалылығы.

Ғалымның өзі идея ұрлануынан қашатындығын ескере отырып, қалған жалпылама сипаттамаларды жобалық бейнебаяннан тамашалауды ұсынамыз.

Не де болса, еш ішіндегі меценаттардың құлағына алтын сырға! Өндірісшілер де шет қалмасын! Өнертапқыштарға тек қолдау білдірсек болғаны. Атам қазақтың айтқанын аздап түрлендірер болсақ, «Қыз дайын болса, олар да бірлесіп жұмыс жасауға дайын».

 

Абылайхан Калназаров

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер