“Өткелде ат ауыстырмас болар” деген бар. Яғни, өзі қиындық туған кезде, адам, жоспар, әйтпесе әдіс-амалды ауыстырып, жағдайды одан әрі ушықтыруға болмайды деген сөз.

Қазақ тілінің басында екі қиындық бар: 1. Ол іс жүзінде әлі күнге дейін мемлекеттік тілге айнала алмай отыр. 2. Мектеп білімді әр түлек мемлекеттік тілді біліп шығатын деңгейге дейін көтере алмай отыр.

Қазақстанда орыс тілі басымдыққа ие, оны қалай өзгерту керектігін ешкім білмейді. Меніңше, әлгі айтқан “өткелім” осы, әліпбиді өзгертпес бұрын, содан өтіп алу керек.

Рас, қазақ тілінде сөйлейтін адамдардың саны көбейіп келеді. Соған қарамастан, көп жерлерде жұмыс тілі мен қарым-қатынас тілін орыс тілі атқаруда.

Қазақ тілін білмей-ақ, мансабыңды өсіре беруге болады, ал орыс тілінсіз ешқайда бара алмайсың. “Мемлекеттік тіл” қоғамдық қозғалысының мәліметі бойынша, қазіргі кезде қазақтардың 60% ана тілінде не жаза, не оқи алмайды.

Бұл ащы шындық және осы жерде ұлттық-патриоттардың жан-айқайын да түсінемін.

Мемлекеттік тіл қажеттілікке ие болуы керек және ел азаматтары сол тілде сөйлеуі тиіс. Мәселе, соған қалай жету керек?

Меніңше, бұл тұйыққа тірелген мәселе: билік те, патриоттық ниеттегі қоғам да оны шешуге қатысты ойға қонатын ұсыныс айта алмай отыр. Мектептерді қазақша сөйлейтін түлек шығаруға қалай жеткізу керек, мемлекеттік тілді білмейтін азаматтарды оны үйренуге қалай ынталандыру керек?

Бүгінде елімізде қазақ тілінен гөрі, ағылшын тілін үйреніп жатқандар көп. Ең басты мәселе – мемлекеттік тілдің қажеттілікке ие бола алмай отырғаны.

Латын жазуын енгізу бұл мәселені шеше алмайды. Тіпті жоғарыда айтылған “өткелдегі өктемшілдікті” ескерсек, жағдай одан әрі ушығып кетуі мүмкін.

Расымен-ақ, қазіргі мектептерде, кириллицамен мемлекеттік тілді үйрете алмай жүрген шенеуніктер соны латын жазуымен іске асырады дегенге сенуге бола ма? Жоқ, әрине!

Сондай-ақ, орыс тілді қазақстандықтардың латыншаға ауысқан мемлекеттік тілде сөйлеп кетуі де екіталай нәрсе. Яғни, кітап жетпеу мен кез-келген реформаға тән дүрбелең басталады деген сөз.

Баспа өнімдері нарығындағы жағдайды да шынайы бағалау керек. Бүгінде Қазақстанда тарайтын газет-журналдың 5 мыңға жуығы Ресейде шығады, ал жергілікті басылымның 2,5 мыңы орыс тілінде, қазақ тілінде – бес-ақ жүз.

Оған қоса, сатылатын кітаптардың шамамен 90% Ресейде шығады. Қазақ тіліндегі газет, журнал, кітаптардың латынша басылса, оны сатып алушылардың саны да күрт азаятынын түсіну керек. Одан мемлекеттік тілдің ұтылатыны да түсінікті.

Әліпбидің ауысуы қазақ тілділер екіге: кириллицада қалатындар мен латыншаны қабылдайтындар болып бөлінеді. Бұл жағдайда латынша жазуға көшкен жас ұрпақ кирииллицада жарық көрген қыруар ақпараттан біржола мақұрым қалады.

Латын әліпбиіндегі жаңа кітаптар әлі жазылмай, ескі кітаптар латыншаға әлі ауысып үлгірмей жатқандықтан, олар оқитын ештеңе таппайды. Сондықтан олар қайтадан кириллицадағы кітаптарды қолға алуға, әйтпесе ағылшын тілін үйренуге мәжбүр болады, басқа амалдарды қалмайды.

Ал мұндай жағдай қазақ тілінің беделін өсіре қоймайтын шығар.

Оны қазіргі Кремльдің империялық саясатын қабылдамау, одан бас тарту сияқты саяси міндеттен гөрі туған тілінің тағдырын жоғары қоятын ұлттық патриоттар да ( соның ішінде Мұхтар Шаханов, Әзімбай Ғали, Совет-хан Ғаббасов, тағы 64 адам бар) жақсы түсінеді.

Сергей Дуванов — журналист, публицист және колумнист