Басып шығару нұсқасы
26.12.2019, 15:30

«Балуан» сөзі қайдан шыққан? (ІІ бөлім)

«Балуан» сөзі қайдан шыққан? (ІІ бөлім) Фото: publicdomainvectors.org

НЕМЕСЕ САҚТАРДЫҢ «ПАРН» (ДАХ/ДАЙ) ТАЙПАСЫ ТУРАЛЫ

 

Сөз қадірін білмеген –

өз қадірін білмейді.

Халық мақалы

Сасанидтер дәуірінде парфиялықтар мемлекет істерінде екінші орынға ығыстырылғанымен, бірқатар өлкелердің басшылығы мен әскердегі жетекші позицияларын сақтап қала алды. Олардың әлденеше ғасыр бойы сарбаздар даярлау үрдісін әбден жолға қойғаны талас тудырмаса керек. Тұрақты әскердің болмауы себепті, әрбір парфиялық сарбаз, оның ішінде атты әскер сыпайлары өз күшімен жаттығуға міндетті болатын. Яғни атқа отыру, шайқас құралдарын қолдану өнерінен басқа күрес, ауыр спорт заттарын көтеру секілді күштік және атлеттік жаттығулар комплексі болды...

Өткен жолы біз «балуан» сөзінің филологиялық талдамасын және «пехливан» терминінің шығу тегін, сондай-ақ, дах/дайлар, оның ішінде «парн» тайпасы туралы ой қозғаған болатынбыз. Бұл жолы да «Парфия» патшалығы туралы кеңінен айта отырып, аталған мемлекетті құруға қатысқан қазақ рулары, олардың ежелгі дүниеге тигізген әсері және әлбетте, «балуан» сөзінің даму эволюциясын қарастырамыз. Бұл алдыңғы осымен аттас мақаланың жалғасы болып табылады. (Сілтемесі: «Балуан» сөзі қайдан шыққан (І бөлім))

...Жалпы, осы дах/дайлардың мұрагерлеріне қатысты бірқатар шетелдік және отандық тарихшылар арасында «адай тайпасының шыққан тегі» деген пікір басым. Мысалы, ғалым С.Аманжолов бүгінгі адай руы б.з.д. ІІ ғасырдың өзінде-ақ, Каспий теңізінің жағалауын мекен еткен ежелгі дайлардың тікелей ұрпақтары деген жорамал жасаған. Сол арада ол да оғыздардың «ада» (арал) «адайлар» (аралдықтар) деген сөзінен шыққан деген нұсқасын келтіреді.

Маңғыстаулық зерттеуші С.Қондыбай осы бағытта пікір білдіріп, дах/дай атауларына «даса» деген атауды шендестіре отырып, «Дасалар (дахалар, дайлар) – дей-түріктер. Бұл – біз үшін ең басты анықтама болып табылады» дейді. Сондай-ақ, ол оларды протоадайлар ретінде атауды ұсынады (С.Қондыбай, Толық шығармалар жинағы, 8 том, Алматы, 2008 ж.). Бізге де тағы нешеме отандық ғалымдардың ой ауанымен дах/дайлар «адай» руының және басқа да қазақ руларының арғы бабалары деген болжам орынды болып көрінеді. Біржағынан, нақ бұған дәлел боларлықтай материалдық дәйектемелер аз болғанымен, жалпы тақырыпқа тұздық боларлық еңбектер баршылық.

 

Осы орайда, зерттеушілердің бағына орай, «Парфия» және «парндар» яки дах/дайлар туралы антикалық естеліктердің көптігін атап өткен жөн. Әрине, мұның бір «бірағы» парфиялықтардың халықтық тұлғасына грек және латындық (тарихи-материалдық базаны қалыптастырушылар ретінде) көзқараспен біржақты қарауға мәжбүрлігіміз десек артық емес. Парфия олар үшін ғасырлар бойы қидаласып, өліспей беріспеген ата жау мемлекет болды, сондықтан да бейтарап жазбалар қалдырды деп те нық сеніммен айтуға болмайды. Яки Таяу Шығыстағы гегемония үшін болған римдік-парфиялық соғыстар сериялары батыс әлемінің өз қарсыласын бүге-шүгесіне дейін зерттеп, өз мүддесіне сай суреттеп, хатқа түсіруіне себеп болды.

Жалпылай алғанда, бұл соғыстар Парфия патшалығы құлағасын да, парсылық сасанидтер дәуірінде де «ежелгі дұшпан ел болмас» өсиетімен жалғаса берді. Өз кезегінде, жаңа парсы патшалығы да парндардың Pax Romana ықпалын шығысқа таралмауына күш салу стратегиясын ұстанды.

 

 

Сондай-ақ, Парфия мен парндардың тарих беттерінде өшпестей болып таңбалануына қазіргі Түркияның Харран қаласы маңында болған, анналдарда «Карра шайқасы» деген атпен қалған соғыс та әсер етті (Плутарх«Никий мен Красс»).

 

 

 

Дах/дай одағы және олар негіздеген Парфия империясы ғасырлар бойы төңірегіндегі елдердің барлығымен дерлік соғыс жүргізді. Дегенмен, б.з.д. 53 жылы болып өткен атышулы соғыс парн қаруының даңқын асыруымен ғана емес, кейінгі салдарының жаһандық сипаты жағынан басқаларынан ерекшеленеді. Мәлім болғандай, «Карра апаты» ежелгі Рим тарихындағы ең масқара жеңілістердің бірі. Атақты қолбасшы, консул Марк Красс 50 мыңға жуық корпуспен (7 легион, 4 мың атты әскер және 4 мың жеңіл жаяу әскер) Сурен сардар бастаған 10 мың садақшы атты әскер және 1 мың катафрактылардан құралған аламанға алдырып қойды. «Беске бірдің соғысы» болған шайқас нәтижесінде римдік әскердің жартысына жуығы қырылып (20 мың), төрттен бірі қашып кетті, тағы бір бөлігі Красстың өзімен бірге (10 мыңға жуық) тұтқынға түсті (Ойтүрткі: Тұтқын римдік сарбаздардың бір бөлігі кейіннен Чжичжи ордасына сыйға беріліп, көшпенді сыпайлармен бірге қазіргі Жамбыл облысы территориясында қытайлармен соғысты деген дерек бар).

 

 

Осы оқиғаны бейнелейтін аңыздарға қарағанда, парфиялықтар скиф-сақтық түп асылынан айнымай, осыдан бірнеше ғасыр бұрын массагеттер патшайымы Тұмардың Кир басын қан толы меске салғаны секілді, Красстың өңешіне балқыған алтын құйған (Дион Кассий). Символдық мәнге толы бұл жазаның мәнін, әфсанашылар Красстың сол таңдағы шығыс әлеміне көп қасірет әкелгені және тойымсыз, алтынқұмар, бопсашыл адам ретінде танылғандығымен түсіндіреді. Яғни, «керегің алтын болса, қу құлқыныңды алтынға толтырдық» дегенге саяды.

 

 

Шығыс өркениеті үшін бұл жеңістің мәні мен маңызы өте зор. Өйткені, Македонияның Азиядағы экспансиялық соқпағымен жүргісі келген римдік бастамалардың басы қайтып қалды. Ең бастысы, шығыс елдері өзіндік ерекшеліктерін сақтауға мұрсат алды. Әйтпегенде, Ескендір иеліктері қайтара Рим билігі астына жиналған болар еді. Бұған атақты философ Плутархтың қалдырған еңбектері дәлел. Онда римдіктердің Сириядан Үндістанға дейінгі аумақты басып алу жоспарының болғаны жазылған.

 

 

Сонымен қатар, дәл осы соғыста римдіктер жеңіл садақпен қаруланған кавалерия және темір сауыт-сайман киген катафрактылардың майдан алаңындағы басымдығына көз жеткізді. Сондай-ақ, олардың жеңілісіне көшпенділерде ежелден қолданылып келе жатқан «парфиялық жебе» деп аталатын жалған шегіну арқылы қуғындаушыларды теріс қарап атып қыру тактикасы да әсер етті. Осылайша, бұл шайқастың сабағы болашақта Рим әскерінде жеңіл және ауыр қаруланған атты әскер санының артуына және болашақта Еуропа елдерінде рыцорлық соғысу мәнерінің қалыптасуына жол ашты.

 

Шайқас реконструкциясы...

 

Бірді айтып, бірге кетіп қалдық. Енді «балуан» сөзінің ұғым ретінде негіздеуліне қатысты аз-кем ойтүйін жасасақ...

Сасанидтер дәуірінде парфиялықтар мемлекет істерінде екінші орынға ығыстырылғанымен, бірқатар өлкелердің басшылығы мен әскердегі жетекші позицияларын сақтап қала алды. Олардың әлденеше ғасыр бойы сарбаздар даярлау үрдісін әбден жолға қойғаны талас тудырмаса керек. Тұрақты әскердің болмауы себепті, әрбір парфиялық сарбаз, оның ішінде атты әскер сыпайлары өз күшімен жаттығуға міндетті болатын. Яғни атқа отыру, шайқас құралдарын қолдану өнерінен басқа күрес, ауыр спорт заттарын көтеру секілді күштік және атлеттік жаттығулар комплексі болды. Жаттығушылардың өзара бой салыстырып отырулары үшін күрес пен ауыр заттар көтеруден жарыстардың көптеп өткізілген. Уақыт өте келе спортшы сарбаздардың ең белсенді және көп шоғырланған жерлерінде жаттығу орталықтары құрылды. Өз кезегінде, сасанидтер парфиялықтардың әскери өнері мен соғысу әдістемесін толық қабылдай отырып, сарбаздар даярлау жүйесін де сақтап қалды. Даярлық орталықтарын, жаттығулар жүйесін, қысқасы, олар «не жақсының» барлығын да шашу шығармай мирас қылды. Ал заманында таңданыс пен талай таңдай қағысқа себепші болған парфиялық катафрактылар тудырған шыныққан, атлет, алып батырлар образы һәм парфиялық әскери-спорттық мұра кейіннен бүкіл шығыс елдерінде «пехливан» терминінің қалыптасуына алып келді. Аталмыш бейненің тартымдылығы сондай, Парфия патшалығы жойылғасын да, Үндістанда парсы әлемін билеген парфиялықтардың атымен бүкіл парсытектілерді «pahlava» деп атау үрдісі жалғасын таба берді. Бұған парсылардың өздері қуана келіспесе, қарсы болмаған сыңайлы. Осыдан-ақ біз осы атаудың өзге өркениеттер ареалында да престижі аса жоғары әрі мәртебелі болғанын көреміз. 

 

 

Әбден бренд ретінде қалыптасқан бұл сөздің заманалар жылжыған сайын ертегі мен эпостардың батырларының атауындай қастерлене бастағаны да шындық. Парсы тілді және түркі тілді елдерде «Балуан» атты есімдердің әлі күнге қойылуы да сол баяғы инерция екпінінің басылмағаны. «Палванзаде», «Пехливани» аттары да ТМД аумағында танымалдылыққа ие. Мысалы, шебер футболшылар әулетінің негізін қалаған кеңестік футболшы Алкивиаад Пехлеваниидидің өзі неге тұрады?! Ұлты грек бола тұра, арғы аталарының балуан болуына орай «Лазариди» атты тегін халық айтып жүрген Пехлеванға ауыстырады. Ол Шымкент қаласында тұрақтап, жергілікті Динамо үшін өнер көрсеткен-ді. Шетінен футболшы болған бес ұлдың үлкені Евстафий 1980 жылдары алматылық «Қайрат» үшін аяқ доп шеберлерінің бірі ретінде ел намысын қорғады  («Спорт-Экспресс», 11.04.2008 ж.).

Өз қазағымызға келсек, «балуан» атауы ұлтымыздың этнопсихологиялық кодтарын дөп басатын сакральды концепт десек артық емес. Тым әріге кетпей-ақ, «халық сазгері» атанған, ат құлағында ойнаған өнерпаз ер, жауырыны жерге тимеген даңқты балуан «Балуан Шолақты» айтпай болмас. Оның есімін де халық осы соңғы өнеріне сүйсінгендіктен еркелетіп, жас күнінде саусағын үсітіп алуына байланысты «Балуан Шолақ» деп атаған. Әйтпесе өзінің азан шақырылып қойылған шын аты «Нұрмағанбет» емес пе еді?

 

 

Кейінгілерден лақаб аты «Балуан» есімді «Қазақстан барысы-2017» турниріне қатысқан қазақ күресінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері – оңтүстікқазақстандық Әділжан Ыстыбаевты да назарға алған жөн. Сирек қойылатынына қарамастан, Балуанғали, Балуан есімді азаматтарды әлі де кездестіруге болады. Заманында Отырар ауданы Шәуілдір ауылында сондай бір алып денелі «Палуан» есімді жанмен жолыққанымыз да бар. (Естуімізше, қазір марқұм болып кеткен).

                                                   ***

Этимология сөздердің алғашқы мағынасын анықтаумен шектеліп қалмайды, сонымен бірге оның қолданылу тарихын, өзгеру себептерін зерттейді. Бұл қолданылып отырған сөздің мән-мағынасын тереңірек түсінуге көмектеседі. Өз тарапымыздан да бұл міндеттің үдесінен шықтық, тіптен «балуан» сөзін концепт ретінде кеңінен қарастыра алдық деп ойлаймыз. Енді сөздің жасалуы мен біздің тілге келу эволюциясының қисындық жүйесін берелік.

Бастапқы түп негізі «парн» тайпасынан басталып, мыңжылдықтар ширегінде бүгінгі ұғымдық мәнге келіп тоқтап отыр. Оның әлі де дами беретіні, жаңа туынды мағыналар мен сөздер тудыратынына күмәніміз жоқ. Бұған Қазақ сөздігін қарағанда толық көз жеткізгендей болдық. Бұл тілдің даму заңы. Мұны бір десек, екіншіден, еліміздің оңтүстігі мен батысы, оның ішінде қасиетті Сыр бойы, Арал маңы, Маңғыстау өңірі әралуан тарихи кезеңдерде көптеген халықтар мен рулардың ұясы болғанын айшықтайтын теорияға тамшыдай болса да үлес қостық және де олардың ең көнесінің жергілікті этногенезде өз ізін қалдырғанын кезекті рет негіздей алдық деген ойдамыз. Үшіншіден, б.з.д. бұл аумақтарда тіршілік еткен сақтардың дах/дай көшпелі тайпаларының орынын кейіннен бірінен соң бірі – аландар, печенегтер, қаңлылар, оғыздар, түркмендер, ноғайлар, қалмақтар және қазақ халқының өкілдері – адайлар мен өзге де кіші жүз рулары алмастырды. Рас, аталып өткен халықтардың дені біздің ұлысымызға кірмейді. Дегенмен де, олардың қазақ мәдениетінің, дәстүрлі шаруашылығының, сондай-ақ, этностық қасиеттерінің қалыптасуына қатынасы болған-болмағандығын саралау – ғылыми қажеттілік. Біз бұған да үлес қостық деген сенімдеміз. Төртіншіден, филолог ғалым Ә.Болғанбайұлы айтқандай, қазақ тілінің сөздік құрамы халқымыздың басынан кешірген бүкіл өмірінің, шаруашылығы мен кәсібінің, материалдық байлығы мен рухани қазынасының айнасы, куәсі іспеттес, замандар бойы біртіндеп қалыптасқан, ұзақ дамуының жемісі. Сондықтан, бір сөз арқылы болса да тарих ақтаңдақтарын жаңа замандағы елдік тарих тұрғысынан филологиямен байланыстыра зерттеуге тырысқанымызды хабарлаймыз.

 

 

Сонымен, тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні: Қазақ халқының шығу тегін зерттеп, тіліміздегі сөздердің этимологиясын қарастырғанда да біз көне дәуірлерде қазіргі Қазақстан аумағын мекендеген тайпалар тарихына баса назар аудармай өте алмаймыз жәнеден бұдан жүздеген, мыңдаған жыл бұрын қазақ жерінде өмір сүріп, көне мәдениеттің ескерткіштерін қалдырған ұлыстарды жаппай қазақ ұлтының ата-бабасына телу де әсіре популизм болар еді. Дегенмен, бүгінгі таңда Парфия даңқын географиялық дәйектемесіне сәйкес негізінен парсылар мен бауырлас түркмендер басыбайлы ету жолында әрекет жасап жатқанымен, ондағы ұлылықта сақ-массегет тайпаларының бір ұрпағы ретінде, онда да құрамында дах/дай одағымен тікелей байланысты адай тайпасының болуымен қазақ халқының да үлесі бар. Ортақ мұра, ортақ мақтаныш және ортақ тарих. Ендеше, ежелгі дүниенің қаһармандарының отаны болған «Пахлава» ұлысына іш тарта қарағанның айыбы жоқ. Бүгінгі күні қазақ күресімен шұғылданатын спортшылар саны Қазақстан бойынша 103 681 балуанды құрайды деседі. Бізден «орта толсын» деген үшбу тілек! Алаш жұртына әлемді сілкіндірген алпауыт халықтың балуан білек мұрегерлері ретінде алшаң басып жүру жарасады.

 

Мәдениеттанушы-лингвист

Абылайхан Қалназаров

Материалдың бірінші бөлімі мына сілтемеде: http://silteme.kz/index.php/baska/netokratiya/item/4063-baluan-s-zi-ajdan-shy-an-i-b-lim?fbclid=IwAR0pPsLYvWECQ4kUQ2fAhGSTByfPME9gFtcFihs8sGURY3Mi-Q7Qbofnslw

Дерек көзі: kazislam.kz

 

Ұқсас сілтемелер