Басып шығару нұсқасы
19.05.2018, 13:09

Жеңіс туын тіккен Рақымжан

Биыл Ұлы Жеңіске 73 жыл толады. 1941–1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы елге де, ерге де үлкен сын болғаны аян. Сол сұрапыл от кешуде «жаным – арымның садағасы» деп ұлт намысын қолдан бермеген батырларымыз көп болды. Солардың бірі де, бірегейі де – Рақымжан Қошқарбаев еді.

Рақымжан ерлігі – еріксіз бас идіретін ерен ерлік. Мәңгілікке жер құшқан фашистердің соңғы ұясы – Рейхстагтың үстіне жеңіс туын желбіреткен Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Астанаға жақын орналасқан Тайтөбе селосының маңындағы қыстақта дүниеге келді.

Ол ата-анасынан ерте айырылды: 4 жасында анасы дүниеден өтті, ал әкесі болса, жалған саяси жаламен сотталып, ГУЛАГ лагерьлерінде болды. Рақымжан Тайтөбе балалар үйінде тәрбиеленді. 7 жылдық мектепті бітірген соң, осы арадан Балқаш қаласындағы фабрика-зауыт училищесіне (ФЗУ) жіберілді. Өзінің өмірі және ФЗУ туралы Қошқарбаев өзі жазған «Штурм» деген кітабында жан-жақты баяндады.
Отан-ананың тәрбиесі бойына сіңген бала-жігіт Ұлы Отан соғысы басталған соң-ақ, елін жау қолынан азат етуге бел буады. Ол осы ізгі мақсатпен 1942 жылы Фрунзе (қазіргі Бішкек) қаласындағы жаяу әскер училищесіне оқуға түседі. Осы жерде Рақымжан алыстағы арманы болған күтпеген жағдайға тап болады: жігерлі жас жігітті баяғыда НКВД құрсауына түскен әкесі іздеп тауып, әке мен бала Фрунзеде сағынысып жолығысады. Ардақты әке осылайша сүйікті ұлының сапар жолына ақ батасын береді.
Ә дегеннен-ақ, атқыштар дивизиясына түскен Р.Қошқарбаев 1944 жылдың қазан айынан бастап 1-Беларусь майданында взвод басқарады. Польша, Германия жерлеріндегі ұрыстарға қатысып, жаумен аянбай шайқасады. Ержүрек жас жауынгер сүйікті елін жау қолынан босатуға жан аямай соғысады. 1945 жылдың 30 сәуiрiнде, Рақымжан Қошқарбаев шайқасқан 150-шi атқыштар дивизиясы Рейхстагқа шабуыл жасайды. Жаңбырдай жауған оқтан жасқанбаған лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен қатардағы жауынгер ­Григорий Булатов, фашистер тiрегiнiң кеңсесiне бәрiнен бұрын жетiп, жеңiс туын Рейхстагтың бiрiншi қабатына тiгедi. Осы ерлiгi үшiн 150-шi дивизия басшылығы қазақ жауынгерiне «Кеңес Одағының батыры» атағын беру туралы ұсыныс жолдайды. Алайда сол кездегi КСРО басшылары әдiлетсiз шешiм қабылдап, Қошқарбаевқа ең жоғарғы награданың орнына «Қызыл Ту» орденiн береді. Ол, сондай-ақ «І дәрежелі Отан соғысы» орденімен, «Берлинді алғаны үшін», «Варшаваны азат еткені үшін» медальдарымен марапатталды. Арада жарты ғасыр өткен соң, ресми Мәскеу тарихи қателiктi түзетiп, қазақ батырының ерлiгiн мойындауға мәжбүр болады. Тарихи деректерге сәйкес, сол күнi Рейхстагтың төбесiнде 40 жалау желбiреген екен. ­Алайда олардың тек тоғызы ғана Жеңiс туы, қалғандары шабуылға қатысқан әскери бөлiмшелердiң байрақтары көрiнедi. Қазақ батырының нағыз Жеңiс туын бәрiнен бұрын тiккенi бүгінде әбден дәлелденді. Ерен ерлігімен есінде қалған батыр 1988 жылы дүниеден өтті. «Халық қаһарманы» атағы Р.Қошқарбаевқа 2001 жылы берілді. Батырдың жұлдызын тапсыру сәтіне Қошқарбаевтың жары Рахила, қызы Әлия және майдандас досы Ж.Жанасов шақырылды. Награданы тапсыру кезінде Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Рақымжан Қошқарбаевтың батырлық ерлігіне жоғары баға беріп, оның тәрбиелік және патриоттық мәнін баса айтқан болатын.

Әбілмансұр ЖАСАН

Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz

Ұқсас сілтемелер