Басып шығару нұсқасы
13.04.2018, 09:17

Едіге би қайда жерленген?

Маңғыстаудан шыққан талантты зерттеуші Серікбол Қондыбай ноғайлы жырларының генезисіне арналған еңбегінде «Қырымның қырық батыры» жырлар циклін туғызған поэтикалық орта – Маңғыстау мен Үстірт деп таниды. Ол Мұрын жыраудан жазып алынған «Қырымның қырық батыры» жырлар циклі бойынша 112 топонимнің 32-сі Маңғыстау мен Үстіртте бар немесе осы географиялық кеңістіктегі жер-су атауларына жуықтайды, қалған топонимдер Атырау, Ақтөбе облыстары мен Қазақстанның Түркіменстан, Қарақалпақстанмен шектесетін аймағында орналасқан елді-мекен атаулары деп көрсеткен.

Мұрын жырау өзіне таныс жер-су атауларын жыр географиясына пайдаланған деп есептегеннің өзінде, Маңғыстау, Үстіртте шашырап жатқан ноғайлы билері мен батырларының атымен аталатын обалар мен қойылымдықтардың жырдағы тарихи тұлғаларға қатысты аңыздалуы нені аңғартады?! Ноғайлы эпосының қалыптасқан, жүйеленген поэтикалық ареалының басқа емес, Маңғыстау аймағы болуында қандай сыр бар?! 

Маңғыстау облысы, Маңғыстау ауданының орталығы Шетпеден оңтүстік шығысқа қарай 40 шақырымда Қарауылкүмбет биігі деп аталатын аласа таулар сілемі жатыр. Қарауылкүмбеттің үстінде, жергілікті ақсақалдардың айтуынша, ежелгі ноғайлыдан қалған қойылымдықтар бар. Қарауылкүмбеттің қатарында Хантөрткүлі биігі тұр. Осы аймақта Хантөрткүл, Қостөрткүл, Суықтөрткүл, Быжыр, Бидайтөрткүл, Мамайтөрткүл деп аталатын бірнеше таулар бар. Таулардың үсті жалпақ, төрт қырлы болып келетіндіктен, төрткүл деп аталатын болуы керек. «Қырымның қырық батыры» жырлар цикліндегі «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази», «Жұбаныш», «Қыдырбайұлы Қобланды», «Мұсахан» жырларында Төрткүл, Хантөрткүл, Көктөрткүл деп аталатын таулар «хандық мәртебеге ие болған» (С.Қондыбай) батырлар тұратын мекен-жай ретінде суреттеледі: 
Еділ-Жайық бойында, 
Боғданың бергі жағында, 
Хантөрткүлдің басы еді, 
Мұсаханның салған қаласы. 
Қарауылкүмбеттен әрі Жаңашаның тауы созылып жатыр, осы тауға жалғасқан Баба түкті шашты Әзіз биігі бар. Таудың жалпақтау жонында екі бейіт қарауытады, оның бірі Баба Түкті бабамыздың жатқан жайы болса, екіншісі – оның қызы Шашты Әзіз анамыздың бейіті. «Едіге», «Парпария», «Орақ-Мамай», «Қарасай-Қази» жырларында Баба Түкті Шашты Әзіз Едіге ұрпақтарының арғы бабасы, қасиетті әулие ретінде көрінеді. Маңғыстауда Баба Түкті Шашты Әзіз – екі адам, бірі (Баба) – әкесі, екіншісі (Әзіз) – қызы. Жергілікті халық екі бейітті де кие тұтып, басына түнейді. Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің бірнеше бейітінің бар екендігі белгілі. Қазақстанның батыс өңірінде осындай киелі орынның екеуі бар. Бірі біз жоғарыда айтқан қос бейіт болса, екіншісі – Маңғыстаудың Атырау облысымен шектесетін Сағыз өзенінің екі жақ жағалауында тұрған Түкті Ата және Алып Ана кесенелері (ол туралы зерттеуші Ж.Асановтың мақаласы бар). 
Баба Түкті Шашты Әзіз биігінен шығысқа қарай көлденеңнен созылып жатқан Алаешкі тауының етегінде, жолдың сол жақ бетінде даланың қара бұжыр тастарынан қаланған ежелгі ноғайлының стиліндегі көп қорым бар. Осы қорымдардан әріректе, шамамен 100 метрдей төменде үлкен қара мола жатыр. Бұл – жергілікті ақсақалдардың айтуы бойынша, Ноғайлының биі әрі батыры Орақтың бейіті. Алешкі тауының күншығыс жақ бетінде мұнартып Бөрібас, Бағда таулары жатыр. Бағда тауының ежелгі атауы Боғда болып, кейіннен орысша хаттаумен Багда, Бағда болып кетуі де ғажап емес. Көнекөз қариялардан қалған әңгімелер Алаешкі тауының маңында Орақтың үңгірі болған деп те айтады. 
Мамайтөрткүлді жергілікті халық Алтын Орданың ұлық биі Шах-Мамайдың есімімен байланыстырады. Мамай төрткүлдің сыртында Мамай қорғаны жатыр. Жан-жағы шыңмен қоршалған, аумағы атшаптырым ашықтық бағзы бір замандарда Мамай Ордасының күрендері орналасқан ескі жұртты көз алдымызға елестететіндей… «Қарасай-Қази» жырында қызылбастың зынданына түскен Әділді құтқару үшін оның шешесі мен қарындасы Қарасай, Қазиді іздеп тауып, хабар беретін адам іздейді. «Мамай ханның ордасын кім табады?» – дегенде, бір ақсақал «мен табам» деп шығады. Жырда: «Орақ пен Мамайдың бар заманда жеті жыл жылқысын баққан екен, Хан Төрткүл деген қалада» деген жолдар бар. 
Халық жадында: «Қалды дейді хан Мамай, Маңғыстаудың ойында, Көлденең шыңның бойында…», – деп келетін жыр оралымдары сақталған… 
Маңғыстаудың қара ойы саналатын осы бір кеңістікте Ноғайлының бас биі әрі батыры Едігеге қатысты Баба Түкті Шашты Әзіз, Орақ, Мамай сияқты үш бірдей тұлғаның есімдері қатталған. Олай болса, бір кездегі Ноғайлыға қоныс болған өңірдің осы бір пұшпағында атышулы Едіге, Орақ, Мамай билердің тарихи іздері сайрап жатпасына кім кепіл. Тарихшылар аталған тұлғалардың мәңгі жай тапқан орны туралы басқаша дерек ұсынады. Бірақ тарихын қаламның ұшымен емес, тілінің күшімен таңбалаған халықтың тау-таспен қатталған тарихи жадын қайда қоямыз?.. деп сансыраған санамызды жай оғындай жарқ еткізген бір қызық құбылыс болды. Бүгінгі әңгімеміз де сол туралы… 
2014 жылы осы жолдардың авторы және Маңғыстаулық жыршы Ақылбек Өтеш облыстық телевидениенің көмегімен «Қырымның қырық батыры» жырлар циклінің Маңғыстаулық іздері» тақырыбында деректі фильм түсірген едік. Түсірілім кезінде Қарауылкүмбет биігіндегі қойылымдықтардың ортасында тұрған жартылай қираған кесене біздің назарымызды ерекше аударды. Маңдайшасында араб графикасымен таңбаланған мүк басып, көмескілене бастаған жазулар бар. Осынша сәулетті ғимараттың кімге арналғанын анықтаудың сол жолы сәті түспеді. Кейін 2015 жылы Қарауылкүмбет биігіндегі көрнекті күмбезге қайта соғып, ғимараттың қасбетіндегі таңбалардан «…Едіге» деген жазуды оқыдық. «Қарауылкүмбет қойылымын» Маңғыстау мемлекеттік тарихи-мәдени қорық қызметкерлері 2008 жылы анықтап, тарихи ескерткіш ретінде тіркеген. Аталған кесененің архитектуралық ерекшелігін, шамамен 14-16 ғасырларға тиесілі екендігін атап көрсеткен. Кесененің кімге арналып тұрғызылғандығы анықталмаған. Кейін Ақылбек Өтештің өтінішімен қорық директоры Нұрлан Құлбаев ескерткіштегі таңбаларды қайта қарап, кесененің сыртқы бетінде «… (?) бұ бас би болдұ, баһатыр болдұ» деген жазудың бар екенін растады. 
Бұл «Қырымның қырық батыры» жырлар циклінің бас қаһарманы – Едігенің прототипі – Алтын Орданың атақты биі, беглер бегі, Ноғай Ордасының негізін қалаған, талай жыр мен аңыздың тууына себеп болған атышулы Едігеге салынған кесене болуы мүмкін бе? Едігенің өлімі мен жерленуіне байланысты тарихи деректер, халықтың поэтикалық жады не дейді? 
Едіге туралы жырлардың Ш.Уәлиханов, Қ.Сәтбаев, М-Ж. Көпеев жазып алған нұсқаларында Едіге Тоқтамыстың ұлы Қадірбердінің (кейде күңнен туған Кейқуаттың) қорлығына шыдай алмай, күйіктен өледі. Татар, ноғай нұсқаларында да Едіге Қадірбердімен соғыста қаза болады. 
Едігенің Тоқтамыстың ұлы Қадірбердінің қолынан ұрыс үстінде мерт болғандығы Қ.Жалайыридің шежіресінде және соған негізделген басқа да зерттеулерде айтылады. Академик В.М.Жирмунский де араб тарихшысы эл-Айнидің дерегіне сүйеніп, Едігенің Қадірбердінің қолынан қаза тапқанын растайды. Татар эпостанушысы Ф.Урманче ноғай халқының тарихы мен этнографиясына арналған зерттеу еңбекке сүйеніп, Едігенің Қадірбердінің өзінің емес, оның жасақтарының қолынан мерт болғандығын, жалпы Едігенің қайтыс болған жері туралы бірі – Алтын Орда территориясында, екіншісі – Қырымда деп көрсететін екі түрлі версияның бар екенін айтады. Ә.Сарай Қадырғали Жалаиридің «Шежірелер жинағындағы» дерек негізінде: «Едіге 63 жасында Елек суының іргесінде Үшбөртеде опат болды… Оны ләшкербасы Хажы Мұхаммед оғлан (сібірлік Көшім ханның бабасы) әке-бабаларының аруақ орны Құмкент, Баба Түкті Шашты Әзіз жанына жеткізе алмай, Ұлытауға жерледі», – деп, Едігенің өлген, жерленген жерін нақтылай түседі. 
М.Көпеев Едігенің жерленген жері туралы: «.. Сонда мені Қаратаудың баурында Қарақалпақ атасы Созақтың қара обасының қасында Бабай түкті шашты Әзіз атам бар, соның қасына апарып қойсын деген өсиетімен денесін сонда апарып қойған екен. Ұлытауға аманат қойған екен. Ұлытауға аманат қойған жайын «Ақ мешіт әулие» атап кетіпті», – деген аңызға негізделген дерек айтады. Сонда Едігенің дүниеден озған, уақытша жерленген жері – Ұлытау, кейінгі мәңгі жай тапқан орны – Қаратаудың баурайындағы Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің қасы болып шығады. Ал жоғарыдағы тарихи дерекке сүйенсек, Едіге Жайық өзеніне құятын Елек өзені (Ресейдің Орынбор, Қазақстанның батыс аймағын басып өтетін өзен) жанындағы Үшбөрте деген жерде қайтыс болып, сүйегін Құмкенттегі Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің қорымына жеткізе алмағандықтан, Ұлытауға жерлеген. Тарихи деректе де, эпикалық аңыздарда да Едігенің жерленуіне қатысты ортақ идея бар, ол: Едігенің денесін бастапқы қайтыс болған жеріне жерлемей, басқа жерге алып кету және міндетті түрде Баба Түкті Шашты Әзіз әулиенің қорымына жақын жерлеу. Академик Рақманқұл Бердібай: «Ресми жазба құжаттарда Едігенің нақтылы қай жерде қайтыс болғандығы жөнінде сенімді тұжырым кездеспейді», – дейді. Ғалымның осы пікірі де Едігенің қайтыс болған немесе жерленген орны туралы қорытынды тұжырым айтуға әлі ерте екендігін көрсетеді. 
Профессор Әнуар Мамыт Румыниядағы ноғайлардан жазып алған «Едіге» жырында Едіге Қадірбердіні жарақаттап, өзі қамыс арасына жасырынғанда, оны Барын сұлтан тауып алып, басын кесіп алады. Оқиға Бес Оба деген жерде болады. Осындағы Бес Обаны – бес төбе, бес тау ұғымымен байланыстырсақ, Маңғыстаудағы Бесшоқы (шоқы – кіші-гірім тау) биігіне қатысты да қарастыруға болатын тәрізді. 
«Едіге би және Ноғай Ордасы» атты көлемді еңбектің авторы А. Құнтөлеуұлы қазақта 4 Едіге болғандығын айтып, әрқайсысына сипаттама береді. Олар: біріншісі – XIV ғ. өмір сүрген қолбасы Едіге Танашұлы, екіншісі – Ноғай Ордасының биі, бәрімізге танымал Едіге, үшіншісі – XVII ғ. аяғы, XVIII ғ. басында өмір сүрген Арғынның Қаржас руынан шыққан саясаткер Едіге, төртіншісі – Ақсақ Темірмен жақын туыс, барлас руынан шыққан жауынгер Едіге. Осы Едігелердің ішінде Едіге Танашұлы, автордың мәліметі бойынша, Ұлы тау бөктерінде жерленген. Осы жерде бізге Ұлытаудағы осы Едіге Танашұлының бейіті болуы мүмкін-ау деген күдікті ой келеді. 
Сонда Маңғыстаудың Қараойындағы келісті күмбезді молада жатқан «бас би болған, батыр болған» Едіге қай Едіге? Аталған кесенені тарихи Едігемен байланыстыратын себептеріміз бірнешеу: 1. Алдымен кесенеде араб әрпімен «Едіге…» және «бас би болды, баһадұр болды» деген жазулардың болуы. 2. Едігенің бабасы болып саналатын (жырдың кейбір нұсқаларында әкесі ретінде де көрінетін) Баба Түкті және оның қызы Шашты Әзіз бейітінің Едіге кесенесіне жақын орналасуы. 3. Жырлар циклінің бас қаһарманы, Ноғай Ордасының тарихи тұлғасы Едіге және оның ұрпақтары – Орақ, Мамай, Қарасай, Қази, Қараүлек, Қарашаш, Манашы, Күйкен, Әділ есімдерінің географиялық атаулар, киелі орындар ретінде Маңғыстаудың қара ойы мен қырында шоғырлануы; 4. Жырлар циклінде (қазақ, қарақалпақ, ноғай, башқұрт, татар тілдеріндегі нұсқаларында) ноғайлы жұрты мен оның жау елінің поэтикалық географиясындағы атаулардың Маңғыстау аймағынан табылуы. 
Рас, аталған кесенені үзілді-кесілді Ноғай Ордасының бас биі Едігеге телуге әлі ертерек. Дегенмен осынша зәулім, салтанатты ғимараттың тегін адамға салынбасы анық, ғимараттың маңдайшасындағы арқар таңбалары да марқұмның асыл тегінен хабар береді. Қалай болғанда да қас шебердің қолымен әдіптеліп, әспеттелген бұл ғимараттың астында заманында дәуірлеген Ноғай Ордасының әрі би, әрі батыр тұлғасының мәңгі жай тапқаны анық. 
Сырын да, сынын да уақытқа ұрлатпай, Маңғыстаудың қара ойында қасқиып тұрған жұмбақ кесененің сыры ашылса, «Едіге» тұлғасына қатысты тағы бір тарихи түйткілдің түйіні шешілер еді. Ауызша тарих айғақ болудан қалатын заман туатынын сезген бабаларымыз ұлы ұлдарының есімін тасқа да таңбалап қалдырған сыңайлы. Бұған тарихшы, таңбатанушы мамандарымыз не дер екен? Соңғы үкім шынайы ғалымдардың дуалы аузымен айтылсын!

Бибайша НҰРДӘУЛЕТОВА, 

филология ғылымының докторы, профессор.
Маңғыстау облысы

Дереккөз: qasym.kz

Ұқсас сілтемелер