Басып шығару нұсқасы
08.10.2018, 18:11

Жүгері жейсіз бе?

Жүгерінің отаны – Орталық және Оңтүстік Америка. Ғалымдардың пайымдауынша, жүгері – планетамыздың ең ежелгі нан өсімдігі екен. Перу жеріне жүргізілген зерттеулер барысында б.з.д. бесінші мыңжылдыққа жататын жүгері собығының табылуы оның ең ежелгі өсімдік екендігіне дәлел бола алады.

Археологтар 1950 жылы Мексика жеріндегі Рио-Гранда аңғарынан жүгерінің 750 дана собығын тауып алды. Алайда, табылған собықтар заманауи сорттардың қабығынан ерекшеленеді: көлемі аса үлкен емес, дәндері тым майда, үштен бір бөлігі ғана жапырақпен қапталған. Аталған олжа жүгері шаруашылығының тым ерте пайда болғандығына нұсқайды, ғалымдардың сөзімен айтсақ, адамдар жүгеріні осыдан 10 мың жыл бұрын танитын болған. Америкада жүгеріні «маис» деп атайды. Мұндай атауды ойлап тапқандар ежелгі майя тайпалары екен. Ал майя тайпаларының маистың бірнеше сортын өсіргені белігілі, оның ішінде тез пісуге бейім «Қораз әні» деген түрі бар. «Қораз әні»  сорты көктеу басталысымен екі айда пісіп-жетілсе, «Маис-қыз» сорты үш айда жеуге жарамды болады. Сондай-ақ, майялықтар 6-7 айдан кейін пісіп-жетілетін «Маис-кемпір» атты жүгері түрін өсірген. Жүгерінің құрамында А, В, С, Е дәрумендері, фолацин, ниацин, тиамин, калий, магний, крахмал, протеин, қант, түрлі пайдалы майлар, аскорбин қышқылы және минералды тұздар бар. Жүгеріні жиі пайдаланатын болсаңыз, холестерин деңгейін, асқазан жолдары қызметін реттейді. Оған қоса, жүгері жүрек қантамырлары жүйесінің дұрыс жұмыс істеуіне септігін тигізіп, теріге, шаштың өсуіне оң әсер етіп, қартаюдан сақтайды. Құрамындағы В дәрумені ұйқысыздық, мазасыздықпен күрессе, С дәрумені иммунитеттің көтерілуіне, Д дәрумені тіс ауруларына, сүйектің қатаюына көмектеседі. Ал бетіңізге жүгері маскасын жасар болсаңыз, ажарыңызды келтіріп, теріңізді ағартады.  Мамандардың айтуынша, бауыр ауырса, жүгері шашағын немесе талшығын пайдалану керек. Ол түйір дәріден әлдеқайда пайдалы. Бұл үшін алдымен жүгері сабағын қабы­ғынан және жапырақтарынан айырып алыңыз. Содан кейін шашақтарды қай­на­ған суға демдеп, шай тәрізді ішіңіз. Емдеу мерзімі науқастың жағдайына қарай кейде жарты жылға дейін созылуы мүмкін. Ал еміңіз ойдағыдай әсер ету үшін жүгері собығы пісіп-жетілген болуын қадағалаңыз. Өйткені, піспеген жүгерінің емдік қасиеті болмайды.

 

Дайындаған: Айгерім Сматуллаева Мақал

Дерек көзі: Massaget.kz 

Ұқсас сілтемелер