Айна әлемі
15.05.2018ж. 18:04

Айна әлемі

Көзіңізді бір сәтке жұмып өз бет-бейнеңізді санаңызда елестетіңізші. Ойыңызға соңғы рет айнаға қараған сәттегі түр-түсіңіз келді ме?
Білесіз бе? Әлемдегі жаратылыс ішіндегі адам ғана өз бет-бейнесін елестете алатын, өз түрін танитын тіршілік иесі.
Оған себепші, негіз нәрсе – айна.
Айна қашан пайда болды? Қандай мақсаттарда қолда­нылады?
Осы сұрақтар төңірегінде ойланып көрейікші…

Тарихқа жүгінсек ай­наның отаны – Венеция екен. Орта ғасырларда тек Венецияда ғана айна өндірісі дамыған және айна жасау құпиясы өзге елдерге таратылмай қатал сақталған. Айна құпиясын жасыру мақ­сатында айна шеберлерін Венеция маңындағы Мурано аралына көшірген. Айна құпиясын таратушыларға өлім жазасын жариялаған. Айна шеберлеріне барлық жағдай жасалатын және олар елдің бай-шонжарлары, ақсүйектері дә­режесінде бағаланатын болған.
Бүгінгі күні алғаш пайда болған кезінен әлдеқайда төмен түсіп қалған айна бағасы сол кездерде алтынмен өлшенетін бағалы зат болған-ды. Ұзындығы адам бойындай бола­тын айна құны орташа көлемді кемемен теңесетін. Себебі шағын айна жасау жүз сағаттық қара еңбекті қажет ететін.
Ежелден айнаны тек тұрмыстық бұйым ғана емес басқа да көптеген мақсаттарда қолданған. Аңыз бойынша, ежелгі грек ғалымы Архимед айнаға түскен күн сәулесін шағылыстыра пайдалану ар­қылы Сиракуза қаласына келе жатқан римдіктердің ке­ме­лерін жағып жіберіп отырған.
Испан шіркеулерінде ай­намен адам жазалаудың түрлі әдістері қолданылған. Солардың бірі жазаланушыны қорап тәріздес түгел айнадан және жағулы шырақтан тұратын бөлмеге бірнеше күн­ге қамаған. Ішінде отырған адамға тәуліктер бойы оңынан да, солынан да, төбесінен де, астынан да өзі секілді бірнеше адамдар қарап тұратын және оның әр істеген ісін қайталай­тын көрініс нәтижесінде көп жағдайда жазаланушы бұл бөлмеге шыдамай ақырында жынданып, есінен ауысып, ауру болып шығатын болған.
Айна туралы әр елде әр түрлі түсінік қалыптасқан. Бірі айнаны сындырсаң бақыт­сыз боласың десе, бірі бақытты боласың деп жориды. Бірақ көпшілік жағдайда айнаны сыйқырмен, тылсым күштермен байланыстырады.
Орта ғасырларда еуропа­ның барлық шіркеулері айнаны сатуға, сатып алуға тыйым салған. Себебі, айнаның сыйқырлы күші бар, одан бұ дүниеге шайтан қарайды деп білген. Айна ана дүние мен бұ дүниені жалғастырушы ретінде саналған.
XVII ғасырдың соңына де­йін Ресейде де айна пайдала­нуға болмады. Айна пайдалану үлкен күнәға саналатын және 1666 жылы бас шіркеулері үйлерде айна ұстауға қатал тыйым салды.
Жапон халқы өздерінің бұрын пайдаланған айналарын ешкімге сыйламайды да, сатпайды. Айнамен бірге иесінің қасиеттері кетіп қалады деп болжаған.
Ғалымдардың айтуы бо­йын­ша, айнаға түскен жа­рық тек шағылысып қана қой­майды сонымен бірге, аз көлемде энергия­сы жұтылады. Экзотериктердің айтуына қа­рағанда айна кез-келген ақ­паратты бойында сақтайды және оны кері әсермен шағы­лыстырады. Мысалы, адам айнаға қарағанда өзіне сырт-пішіні ұнамаса көңіл күйіне кері әсер етеді дейді. Осыған орай психолог-мамандар айна­ға әр­дайым күліп қараңдар, ай­надағы көлеңкелеріңмен сөй­­лесіңдер, армандарыңды ай­тың­дар, жылы сөздер айтың­дар деген ақыл-кеңес береді.
Қытайдың атақты фэн-шуй ғылымы да айнаға ерекше мән береді. Жатын бөлмеде, төсек маңында, үйдің кіре берісінде ешқашан айна тұрмауы керек екен. Ал қонақ бөлмеде немесе ас бөлмесінде айна тұруы отбасы мүшелерінің көңіл-күйіне жағымды әсер етеді-мыс.
Қазақтың салтында айнаға байланысты ырым-тыйымдар да көптеп кездеседі. Сәбиді айнаға қаратпайды, түнде, күн күркіреп найзағай болғанда айнаны жауып қояды деген секілді.
Қазіргі тұрмыста айна ең көп қолданылатын зат екенін біреу білер, біреу білмес. Айна көп нәрселердің бастауында тұрған бұйым.
XIX ғасыр басында бір дә­рігерге өңеш арқылы ас­қа­занды қарау ойы келеді. Ол осы мақсатын іске асырады. Дә­рігер жіңішке ұшында айнасы бар түтікті өңешке тығып, одан ауызқуысқа тағы бір айна салу арқылы алғаш рет ас­қазан ішін көрді. Кейін бұл жаңалығы қазіргі емханаларда қолданылып жүрген перис­коп құрылғысының негізін салды.
Айнаның басты қа­сиетте­рінің бірі жа­рық шағылысты­ру қасиетін шамшырақ жасауда да жүзеге асып жүр. Жай шамшырақтың жарығы са­наулы-ақ шақырымға ғана жететін болса, ал айнамен сәулелендірілген шамшырақ жарығы алысқа жетеді. Порт­тардағы және сонымен қатар қазір қолданылатын әуе­жай­лардағы шамшырақтың жа­рығына осы кішкентай айна­ның тигізер пайдасы мол.
Көп ғылымның дамуына үлкен септігі тиген мик­роскоптың негізінде де айна жатыр десек сенер ме едіңіз?! Әрине, ақиқат. Біреуге жай шашын тарарға немесе бет-бейнесін қарарға пайдаланып жүрген айнаның орны әлде қайда үлкен екен.

Жанұзақ ӘЛІМГЕРЕЙ

Дереккөз: anatili.kazgazeta.kz

Silteme.kz ақпараттық-сараптамалық порталы қазақ тілінде жаңалықтар тарататын және талдамалық материалдар жариялайтын ақпараттық ресурс.

Материалдар мен ақпараттарды портал брендін көрсетіп, гиперсілтеме жасаған жағдайда ғана қолдануға рұқсат етіледі. Ақпараттан мәтін,  мәтін бөлігі немесе дәйексөз алынғанда міндетті түрде тиісті сілтеме көрсетілуі керек. Жазбаша түрде рұқсат берілмеген жағдайда ресурс өнімдерін коммерциялық мақсаттарға пайдалануға жол берілмейді. Авторлар пікірі мен редакция көзқарасының сәйкес келе бермеуі мүмкін. Жарнама мен хабарландырулардың мазмұнына жарнама беруші жауапты.

E-mail: info@silteme.kz
Тел.: +7 778 442 84 13

Әлеуметтік желілер