Бірақ ықылым заман өтсе де, бүгінгі дейін сыры мәлімсіз болып жеткен дүниені кім жасады? Бұл бас сүйектерде қандай құдыретті күштің қолтаңбасы бар? Болжамдар әртүрлі болғанымен, нақты ешкім айта алмайды. XX ғасырдың ең құпиясына айналған бас сүйектерді тапқан кім? Бұл олжаға ең алдымен ағылшын саяхатшысы, археолог Митчелло Хеджес кезіккен. Ол 1927 жылы Орталық Американың Юкатан түбегінде үш жыл бойы ежелгі майя қалашығында қазба жұмыстарын жүргізді. Археологтар «тастар құлаған қалашық» деп атап кеткен аумақта мөлдір кварц іспетті хрустальды бас сүйектерді тапқан. Оған дейін бұл аумаққа бірнеше рет келген ол бұл жолы өзімен бірге қызы Аннаны да ала келген. Митчелло Хеджес «алғашқы олжаға қызым кезіктірді, сөйтіп жолым болды» деп өле-өлгенше айтып кеткен. Қазба жұмыстары аяқталып болғанша, бас сүйектер Аннаның жатын бөлмесінде тұрған. Бірақ түн ауа бере археологтың қызы ғажайып түс көре бастаған. Түсінде ол мыңдаған жыл бұрын осы елдімекенде өмір сүрген үндістермен тілдескен. Бөлмеден бас сүйектерді алып кеткенде, ол түсінде үндістер жайлы көретін «фильмнен» айрылып қалған. Кейіннен ғана есінде қалғандарын қағаз бетіне түсіріп, жұртшылыққа жария еткен. Тек әкесі қайтыс болған соң ғана барып, Анна мөлдір шыны бас сүйектерді зерттеуге берген. Мамандар зерттеп көргенде бас сүйектерде тұтастай оптикалық жүйе барын анықтаған. Кварцпен жұмыс істейтін «Хьюлетт-Паккард» фирмасының мамандары таңғалғандарын да жасырмаған. Бұл сирек кездесетін артефакт өте жоғары сапалы кварцтан жасалынған болып шықты. Тіпті оның мерзімі өркениет пайда болған кезеңнен ары қарайғы уақытқа барады екен.
Бұл ғана емес, 1996 жылы Колорадо штатында осындай шыныдан істелінген мөлдір бас сүйек табылған. Бірақ ол аяғына дейін жасалынбағаны мәлім болды. Бұл жәдігер қайдан келді? Ерте дүниенің өркениетімен байланысы бар ма? Әлде басқа планеталықтар әдейі тастап кетті ме? Оның жауабын ешкім де таба алған жоқ. Бірақ ғалымдар қашан да ежелгі заманның сырын білуге ұмтылған мамандар емес пе? Ерте дүниедегі қолжазбаларды ақтарып отырып олар бұрын үндістерде 13 хрусталь бас сүйек болғанын жария еткен. Олардың бәрін де үндістер бір-бірінен қашық жерде ұстаған. Бұл құпия тылсым дүниежүзіне мәлім болғаннан кейін ғана барып, таза хрустальдан жасалған бас сүйектерді іздеу жұмыстары басталған. Бір қызығы, мұндай артефактар дүниенің әр бұрышынан табылып жатты. Бірақ ешқайсысы ағылшын саяхатшысы, археолог Митчелло Хеджес тапқан алғашқысындай таза, сапалы күйінде болмаған. Тіпті кейінгі уақытта, осы заманда істелінгендері де олжа ретінде көрінді. Алайда олардың ешқайсысы да құнды жәдігер ретінде танылмады. Бұл іске кезінде тіпті балгер мен құмалақшылар, экстрасенстер де атсалысты. Дегенмен, олардың ешқайсысына да бағалы жәдігер кезіккен жоқ.
Ең бір таңғаларлығы, мөлдір шыныдан жасалынған бас сүйектерге ғалымдар ғана емес, әртүрлі құпия қоғамдар мен мемлекеттік құрылымның өкілдері де қызыққан. Тіпті артефакт сақталынып тұрған музейлерге, сонымен қатар жеке коллекция жинаушылардың қоймасын тонаушылардың да қатары көбейген. Екінші дүниежүзілік соғыс жүріп жатқан сәтте «Аненербе» фашистік ұйымның өкілдері Бразилиядағы музейді тонап кетпек болған. Олар елге ешкімге білдірмей, жансыз түрде келіп, «Өлім Құдайы» деп аталатын бірнеше хрусталь бас сүйектерді алып кеткісі келген. Өкінішке қарай, олардың «асыл арманы» орындала қойған жоқ. Алайда бас сүйектерді барлау, ешкімге білдірмей іздеу, ұрлау, тонау жұмыстары жыл өткен сайын жалғаса берді. Немістер «құнды бас сүйектерді іздеу арқылы мұхит түбіне шөгіп кеткен Атлантида аңыздары мен құнды қоймаға жолығамыз» деп ойлаған да шығар. Өкінішке қарай, ол арманның бірі де орындалған жоқ. Бірақ қалай айтқанда да, ғалымдар мөлдір бас сүйектердің қандай мақсатпен жасалынғанына бас қатырғаны ақиқат. Тіпті ғылым саласында жүрген мамандардың болжамының өзі сан-саққа жүгірді. Олардың ойынша, бас сүйектер адамдарды емдеу тұрғысында сонымен қатар, әртүрлі салт-жоралғылар үшін де пайдаланылды деген де болжам жасалынды. Зерттеушілер аталған артефакт адамдарға өзінің мистикалық аурасы арқылы ықпал етеді деген сенімде болған. Бірақ зерттеу барысы көрсеткеніндей, әсер ету мүмкіндігі әркімге әрқалай болған. Біреулерінде – қорқыныш, екіншілері өзін өте жайлы сезінген, ал үшіншілері рахаттанып, ләззаттанатын болған. Тіпті артефакқа жақындаған сәтте есінен айрылып, құлап қалатын адамдар да кездескен. Бас сүйекке келіп, оны алақанымен ұстап, ұзаққа созылған науқасынан айығып кеткен жандардың да болғанын дерек көзі жоққа шығармайды.
Расында, мөлдір шыны басты зерттегендер онда шын мәнінде мистикалық қасиеттер барын анықтаған. Тіпті оны Анна сияқты түс көріп жатып сезінгендер де баршылық. Көріпкел экстрасенстердің айтуына қарағанда, хрусталь бас сүйектер адамдарға гипноздық тұрғыдан әсер етіп, оларды алдамшы әсерге бөлеуі де мүмкін. Куәгерлер артефакты көрер алдында оның іші тұманданып кететінін байқаған. Кейбір бас сүйектерде үндістерге математика, астрономия, тіпті мол астық жинау туралы құнды білім берген Кукулькана құдайының образы көрінетін болған. Тіпті зерттеушілердің бірі, егер назар аударып қарайтын болсақ, мөлдір артефактан күміс қоңыраудың үні, хормен айтылған әндер, сыбырласып сөйлесіп жатқандардың жайлап шыққан даусы естілетін болған. Бұл айтылған болжамдардың барлығы да әйтеуір бір түсініксіз жайттың барын жоққа шығармайды. Қалай айтқанда да, бас сүйектердегі көзге көрінбейтін қабылдау-беру құрылғылары басқа планеталардағы «абоненттерге» хабарласу арқылы өз функциясын атқарып тұрған сияқты. Мұны жұрттың біле бермеуі мүмкін. Бірақ экстрасенс Стар Джонсон хрусталь бас сүйек арқылы жерден тыс беймәлім өркениетпен байланысқаны туралы жұртшылыққа айтқан. Бас сүйекті ұстау арқылы өзіне түсініксіз тілде сөйлеп қоя берген. Зерттеушілердің айтуынша, ол ежелгі атланттар мекен еткен жердің халқымен тілдескен сияқты әсерде қалған. Саяхатшы Хосе Индикеза ертедегі майя қалашығының орнынан осындай шыны мөлдір бас сүйек тауып алған. Ең бір қызығы, ол артефакты қолына алып қысқан кезде арманы орындалатынын айтқан. Шындығында өмірінің соңына дейін саяхатшы бақытты, бақуатты өмір сүрген, алайда кейіннен үстел үстінде тұрған бас сүйек құпия жағдайда жоғалып кеткен көрінеді.
Әрине ғылым бұл тосын тылсым құбылысқа қарсы әркез өз болжамдарын жариялап отырады. Қанша пікір айтылса да, әлі нақтылық жоқ. Сондықтан пікірлердің барлығы да болжам күйінде қалуда. Расында кейбір жорамалдарға қарағанда, артефактың өзінің есте сақтау қабілеті бар және сыртта болып жатқан оқиғаларды да жадында ұстайды. Ғалымдардың пайымдауынша, бас сүйектегі жарқыл кристалдың сыртқы құбылыспен қарым-қатынасқа түсуінен туындап жатқан болар. Ақиқатына келсек, кристалдың құрылымы кең көлемдегі ақпаратты тоқып, оны мәңгі сақтай алады. Сондықтан хрусталь бас сүйектер негізінен көріпкелдер үшін ойды оқудың алғышарты болып отырғанын ешкім де жоққа шығармайды. Бірақ қалай айтқанда да, із кесушілер де, ғалымдар мен археологтар да тылсым сыры жұмбақ бас сүйекке қатысты құпияның әлі күнге дейін ашылмай келе жатқанын мойындайды.
Тағы бір мысал, мөлдір шыны бас сүйекті өмірінің соңына дейін сақтаған Жоке фон Дитан өзінің қолындағы жәдігерді өле-өлгенше ешкімге бермей кеткен деседі. Бөгде планеталықтардың басына ұқсаған бас сүйек оның өмірінің екінші тынысын ашты десе де болады. Жоке фон Дитан дәрігерлер жаза алмаған сырқаттан осы артефакт арқылы сауыққан. Оның басында ми ісігі пайда болған. Бірнеше рет алақанымен хрусталь бас сүйекті сипағаннан кейін оның басындағы ми ісігі ізім-ғайым жоқ болған.
Жалпы таңғажайып мұндай жәдігер туралы талай нәрсені талмай айтуға болар. Мысалы, саяхатшы, коллекционер Дордланд өз қоймасында сақтаулы тұрған бас сүйектен керемет фантастикалық картинаны көргенін айтады. Шыны бас сүйектің көзінің қарашығынан түсініксіз оқиғалардың тізбегін көрген. Мұны ол «баламалы әлемде немесе бөгде өркениетте болып жатқан оқиғалар» деп түсінген. Тіпті Дордланд өзінің бір жазбаларында «түнде ұйықтап жатқанда үнділердің қиқуын немесе алып жануарлардың жанталасқан әрекеті мен олардың даусын түсінде жиі көретінін» жазған. Мұндай оқиғалар өте көп. Бизнесте жолы болмай жүрген Шапиро атты азамат үндістер мекен еткен ежелгі майя қалашығының маңынан құнды бас сүйек тауып алғаннан кейін кәсібінің өркендегенін айтқан. Кейіннен ол өзінің бизнес-империясын құрған. Әрине «мұның барлығы да хрусталь бас сүйектің арқасы» деп түсінген.
Мамандардың зерттеуіне қарағанда, қазір әлемде 13 хрусталь бас сүйек бар көрінеді. Оның тоғызы – жеке адамдардың қолында. Ешқайсысы да бағалы болып отырған құнды дүниесін ешкімге бермейді немесе сатып байығысы келмейді. Қалған төрт артефакт болса, Вашингтондағы Ұлттық музейде, Париж бен Лондондағы Британ музейінде экспонат ретінде тұр. Мамандардың зерттеуі көрсеткендей, табылған 13 бас сүйектің барлығы түпнұсқаның өзі емес. Кейбіреуі – көшірме. Ең соңғы хрусталь бас сүйек Германияның Бавария қаласынан табылған деседі. Уақыт барысы көрсеткендей, бұл құнды жәдігер неміс генералы Генрих Гиммлерге тиесілі болып шыққан. Былғары қоржынға салынған артефакт Гиммлердің ескі үйінің шатырынан табылған.
Жалпы, құнды жәдігер қашан да байлықтың көзі. Немістер Екінші дүниежүзілік соғыста КСРО-дан жеңіліп шегініп бара жатса да, байлыққа тоймаған көзі бар құндылықты иемденіп қалуға тырысқан. Үшінші рейхтың бас сүйектерді іздеуінің сыры да осында жатыр.
Одан бері қаншама заман өтсе де, әлем хрусталь бас сүйектердің жырын айтып, тауыса алмай келеді. Ол бүгінге аңыз болып жетті. Бас сүйектерге қатысты әртүрлі деректі және көркем фильмдер түсірілді. Қазірдің өзінде осындай тақырыпқа арналған ондаған кино, тіпті балаларға арналған мультфильмдер де бар. Десек те, бүгінге аңыз болып жеткен 13 бас сүйектің жыры әлі де түгесілген жоқ. Ғылым оның құпия қыр-сырын әлі де түсіне алмай әлек.
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
Дереккөз: aikyn.kz