Басып шығару нұсқасы
19.12.2017, 14:43

Шымкентте итті жіліктеп жатқан азаматтың видеосы табиғат жанашырларын дүрліктірді

Шымкентте итті жіліктеп жатқан азаматтың видеосы табиғат жанашырларын дүрліктірді, деп хабарлайды КТК.

Бірер күн бұрын жоғалған итін көршісінің қойша сойғанын түсіріп алған әйел оны әлеуметтік желіге салып, жан-жануар қорғаушыларынан көмек сұраған еді.

Бұл еркек тапа-тал түсте өз ауласында көршінің төбетін кәдімгідей жіліктеп жатыр. Мұны көрген иесі тіпті есінен танып, ауруханаға түсіпті. Шошынғаны соншалық, қоңсысына қарсы бірдеңе деуден де қорып қалған. Полицияға арызданса да бейнекамераға сөйлеуден бас тартты. Есесіне, Шымкенттегі ит-мысықтың жанашырлары ұлардай шулап жатыр. Кез-келген хайуанды соятын мұндайлар олардың етін оп-оңай дәмхана, базарларға өткізуі де мүмкін деп санайды. Барынша қатаң жазалау керек деген белсенділер енді «төбеттердің әзірейілімен» сотта жолығамыз деп отыр.

Эмилия Ускенова, ерікті:

 -Полицияға арыз жаздық. Олар итті аса қатыгездікпен өлтірген адаммен сөйлескенде, ол анасының аяғы ауыратынын, сол үшін иттің еті және майымен емдемекші болғанын айтыпты. Бірақ бұл жәй сылтау сияқты. Қазір жануарларды қорғау ұйымының өкілдерімен сөйлесіп қойдық. Енді ол адамды жазасыз қалдырмаймыз деп отырмыз.

 

Ұқсас сілтемелер