Басып шығару нұсқасы
04.12.2017, 14:51

«Google-аудармашы» мәтінді қалай тәржімалап жүр?

Жер жүзінде тіл саласын зерттеуші ғалымдардың деректері бойынша 2796 тіл бар екен. Осыдан-ақ, аударма қызметінің қаншалықты маңызды екенін білуге болады. Қазіргі қоғамда аудармашылық қызметтің қолданылу аясы уақыт өткен сайын кеңейіп, белгілі бір дәрежеде әлеуметтік сұранысқа ие болып отырғаны анық. 

Бүгінгі таңда ғаламтор желісінде аударманы тез аударып беретін арнайы бағдарламалар да жасақталғаны белгілі. Қазір кез келген тіл тұтынушы осындай бағдарлама көмегіне жүгінеді. Онда дүниежүзінің көптеген тілдері енген. Солардың ішінде ана тіліміз де бар. Дегенмен, қазақ тіліндегі «Google аудармашы» кез келген мәтінді сапалы аударады деп айту әлі ерте.

Осы тақырыпты зерттеп көру барысында бағдарлама тек қысқа мәтінді аударуға арналғанын байқадық. Оның өзі лексикалық және грамматикалық құрамы шектелген мәтіндер. Ал үлкен көлемді мәтіндерді өте сапасыз аударады. Бағдарламаны пайдаланушы адам мәтіндердің көркемдік ерекшеліктерін сақтап қалу үшін және сапалы да нақты аударма болу үшін қайтадан тер төгуге тура келеді.
«Google аудармашы» бағдарламасы ең алғаш 2007 жылы пайда болған. Бастапқыда бұл бағдарлама әлемнің 70 тілінде аударма жасаған. Қазіргі кезде аударма жүйесі компью­тер мен мобильдік құрылғыларда бірдей жұмыс істейді. Google ұсынатын тегін қызмет ағылшын және 100-ден аса басқа тілдердегі сөздерді, фразаларды және веб-беттерді лезде аударып береді.
WikiBilim қоры Beeline компаниясының қолдауымен 2014 жылдың желтоқсан айында Google Translate қызметінде қазақ тілін іске қосқан болатын.
Бүгінде ғаламтор желісінде осындай аудармашы бағдарламалардың сан түрі бар. Атап айтар болсақ, олар: Translate.google.kz, Сөздік.кз сайтындағы «Аудармашы» бағдарламасы, Translate.zakon.kz, Translate.yandex.kz (Яндекс аудармашы), Lugat.kz (Лұғат.кз) және т.б. Солардың ішіндегі танымалдығы бойынша негізгісі, ең көп қол­данысқа ие бағдарлама – Translate.google.kz, яғни «Google аудармашы» бағдарламасы болып отыр.
«Google аудармашы» бағдарламасында мәтінді өзге тілге аудару жүйесі бар. Ал кейбір ілгері дамыған тілдер қазір мәтін емес, дауыс­ты аударуға көшкен. Ол үшін қазақ тіліндегі дыбысты, сөзді танитын жүйелер дамуы керек.
Wikibilim қоғамдық қорының төрағасы Рауан Кенжеханұлы «Google аудармашы» бағ­дарламасы туралы БАҚ өкілдеріне берген сұхбатында: «Қазіргі таңда Google Translate әлемнің жүзден аса тілінде жұмыс істейді. Оны күніне 200 млн адам пайдаланады. Сондай-ақ жыл сайын қазақ тілін пайдалану да артып келетінін атап өткім келеді. Бұл технология қазақ тілінің цифрлық құрылғыларда кеңінен қолданылуына жол ашады. Ауызша айтылған сөзді қабылдап, оны басқа тілге аудару аса күрделі инженерлік және лингвистикалық шешімдерді қажет етеді. Осы мәселелерді сәтті шеше алған тілдердегі Voice-to-Text технологиясы білім беруде, күнделікті қарым-қатынаста, бизнесте, аударма ісінде, тілдерді үйренуде кеңінен қолданылады. Бүгінгі таңда дауысты мәтінге аудару қызметі әлемнің 32 тілінде бар» деген болатын. Ол енді Voice-to-Voice жүйесі қолға алынғанын айтты. Бұл айтылған сөздерді жылдам әрі сапалы аударуға негізделген.
«Google аудармашы» бағдарламасында мәтіндерді, сөйлемдерді орыс тілінен ағылшын тіліне, ағылшын тілінен орыс тіліне аудару аса қиындық туғызбайды. Яғни қос тіл арасындағы аударма мәселесі өте жақсы ойластырылған. Мұның бір сыры орыс тілі мен ағылшын тілінің табиғаты да, сөйлем құрылымы да бір-біріне өте ұқсас болуында дер едік. Ал қазақ тіліндегі аударма қызметінің сапасы төмен. Мысалы, орысша мәтінді қазақша аударатын болсаңыз, қазақша сөздердің жүйесіз аударылғанын көресіз. Дегенмен, «Google аудармашы» бағдарламасының мәтінді біршама сауатты аударатын тұстары болатынын да айта кетуіміз керек. Ол енді мәтіннің жеңілдігіне, сөйлемдердің қарапайым құрылуына байланысты. Мысалы, төмендегі орысша мәтінде қазақша біршама сауатты аударғанымен, кейбір олқы тұстары да жоқ емес. «Талантливых ребят отбирали в конкурсе юных поэтов, народных певцов и ораторского мастерства. Активное участие приняли школьники из 11 районов области. Конкурсанты представили на суд жюри по три стихотворения о родной земле, читали наизусть отрывки из эпических сказаний о батырах, исполнили кюи, терме, делились секретами разрешения спорных вопросов, которые встречаются в повседневной жизни» деген орысша мәтінді қазақ тілінде: «Жас ақындар, халық әншілері мен шешендік өнер байқауында дарынды балалар іріктелді. Облыстың 11 ауданының оқушылары белсене қатысты. Қатысушылар қазылар алқасына туған жері туралы үш өлеңін ұсынды, батырлар туралы эпостық аңыздардан үзінділер оқыды, күйеуі, ұлтшылдары, күнделікті өмірде кездесетін қайшылықты мәселелерді шешудің құпияларын бөлісті» деп аударып берді.
Ал translate.zakon.kz бағдарламасы аударған нұсқасына зер салсақ, онда түпнұсқа мәтінмен сәйкес келмейтін жерлері жетерлік. Оқиық: «Дарынды жұмыстарды таңдап алды байқауға жас ақындардың, халық әншілерінің, және шешендік өнер. Белсенді оқушылары 11 аудан. Байқауға қатысушылар қазылар алқасына үш өлеңдер туған жер туралы оқып, жатқа үзінділер эпикалық сказаний о батырах, орындап, күй, терме, құпиясымен бөлісті даулы мәселелер кездеседі өмірде».
Мәтінге translate.yandex.kz, perevod.nur.kz бағдарламалары да тура осындай аударма жасайтынын аңғардық.
Аталмыш мәтіндегі орысша сөздерді бірінші аудармада жақсы аударған. Тек соңғы сөйлеміндегі күй сөзін күйеу деп аударғаны қынжылтады. Ал translate.zakon.kz, translate.yandex.kz, perevod.nur.kz бағдарламаларының аудармалары сөзбе-сөз аударылған. Мәтінді оқыған адам бұл аудармалардың сапасыз екеніне бірден көз жеткізеді.
Cарапшылар «Google аудармашы» бағ­дар­ламаларын «Кейбір халықаралық терминдерді қазақ тіліне сауатсыз аударған, тіпті ерсі сөздерге айналдырып жіберген» дейді. Халықаралық терминдер мен сөздерді қазақ тіліне жөн-жосықсыз әрі қате аудару мәселесі жергілікті баспасөзде бірнеше рет талқыланған. Дегенмен, калька сөздер мен ерсі сөзжасамдар қазақстандықтардың күнделікті тұрмысында қолданылмаса да, кейбір орыс-қазақ сөздіктерінде сол күйі қалған.
Мұндай кезде «Google аудармашы» сапалы аударма ұсыну үшін не істеу керек деген сұрақ туындайды. Ол үшін аталмыш бағдарлама жүздеген миллион құжаттар ішінен үлгілер іздейді. Аударылған құжаттар ішінен қажет үлгілерді тапқан жағдайда, «Google» сәйкес аударманы таңдау үшін интеллектуалды болжам жасай алады. Сондықтан жүйедегі адам аударып берген мәтіндер неғұрлым көп болса, машиналық аударманың сапасы да соғұрлым жоғары болмақ. Сервиске жаңа тілді қосу үшін көп көлемде өзара дәлме-дәл аударылған сөйлемдердің жұптары қажет. Аударуға арналған материал MS Word файлы ретінде және Википедиадағы мақала түрінде «Google Translate» жүйесіне жүктеледі. Бұл не үшін қажет?
Қызмет интернеттегі қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге ықпал етеді. Мәтіндерді, құжаттарды және сайттарды әлем тілдерінен қазақ тіліне және кері қарай оңай аударуға септігін тигізеді.
Елордадағы НЗМ Астана халықаралық мек­тебінің қазақ тілі пәні мұғалімі Асан Анарбайұлы «Google аудармашы» бағдарламасын мектеп жасындағы оқушылар да жиі пайдаланатынын айтады.
– Бұл бағдарлама үлкен корпорацияның бір бөлігі болғаннан соң мұнда мықты кадрлар жұмыс жасайды. Тіпті холдинг деңгейіндегі кадрлар болуы да әбден мүмкін. Мұндағы қызметкерлердің жасаған еңбектерінің нәтижесін ағылшын-орыс тіліндегі немесе испан тіліндегі аударма жұмыстарының қызмет сапасынан анық байқай аламыз. Ал қазір әлемдік түгілі жай республика деңгейіндегі бас ауруына айналған қазақ тілі туралы «Google Translate» әңгіме айту, әсіресе, қанағаттандырарлық деңгейде деудің өзі шындыққа мүлдем жанаспайды. Неге? Өйткені күнделікті қызмет барысында, оқу, оқыту үдерістерінде «Google Translate» бағдарламасының қазақша нұсқасының әлі жетілмегенін көріп жүрміз. Мектепте оқушылар, жоғары оқу орындарында студенттер мұны жиі қолданады. Әсіресе орыстілді оқу топтары балаларының жасаған жұмыстарын, аудармаларын көре отырып, олардың еш нәрсені түсінбей бірден аудармаға жүгінгені байқалады. Практикада көрініс табатын бұл бір ғана жайт. Мұның себебі неде? Біріншіден, оқушылардың ғаламтор желісінен алған ақпарат-дереккөздеріне сыни көз әлі толық қалыптаспаған. Ғаламторда бар ма, демек, ол ақиқат деген көзқараспен қабылдайды. Сондықтан «Google аудармашы» бағдарламасына салған ақпараттың орысша нұсқасын бірден дұрыс екен деп үй тапсырмасы ретінде көшіріп келеді, – дейді А.Анарбайұлы.
Маманның пікірінше, «Google Translate» бағдарламасындағы қазақ тіліндегі қызмет көрсету жұмысын дұрыс жолға қою үшін оған жоғары деңгейдегі мамандар қажет. Әсіресе сөйлем құрылымы, фраза құрылымы, синтаксиспен, грамматикамен жақсылап жұмыс жасайтын кадрлар жасақтаған жөн. Бізге «Google Translate»-тегі тілдік корпусты қалыптастыру қажет.
Міне, осындай сапасыз, сауатсыз аудармашы бағдарламалар ғаламтор желісінде әлі қызмет етуде. Оларды пайдаланушы жастар да көптеп кездеседі. Сауатсыздыққа итермелейтін осындай сапасыз, мағынасыз аудармалардың бізге керегі қанша?
Көшеге шыға қалсаң, ғаламтор желісіне, түрлі сайттарға кіре қалсаң көретінің мағынасыз аудармалар, әріптік қателер мен оңды-солды қойылған тыныс белгілері. Тіл мамандары көрнекі ақпараттардың сауатсыздығын айтып, дабыл қаққанымен, жарнамадағы қателер азаяр емес. Аттаған сайын алдыңнан шығатын билбордтардағы менмұндалаған қате жазулар, сонымен қатар жарқыраған жарнамалардың басым көпшілігі үнемі толық қазақшаланбай берілуі көңілге кірбің ұялатады.
Қазақстанның «Жарнама туралы» Заңы бойынша, жарнама қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ жарнама берушінің қалауы бойынша басқа да тілдерде таратылады. Бірақ жарнама мәтінін бiр тiлден екiншi тiлге аударғанда оның негiзгi мағынасы бұрмаланбауы тиiс.
Қазіргі таңда ақпарат құралдарының қай-қайсысында болмасын қазақ тілінде берілетін жарнаманың 99%-ы өзге тілден, оның ішінде орыс тілінен тәржімаланатын аударма мәтін екендігі шындық. Кей жағдайларда орыс тіліндегі грамматикалық формалардың, сөз саптауларының дәл қайталанып берілген тұстары кездеседі. Жазба мәтіндерде, түрлі іс-қағаздардың қазақша аудармаларында, көшеміздегі жарнамаларда, ғаламтордағы жарнамаларда мұндай сауатсыздық кең етек алып бара жатқаны қынжылтады.
Қорыта айтқанда, қазақ тілін заманауи тұрғыда дамытамыз десек, осындай аударма бағдарламаларының сапасын арттыруға баса көңіл бөлгеніміз жөн. Өйткені қазіргі уақытта жастардың көбі аударма жасағанда осындай бағдарламалардың көмегіне жүгінеді. Ал аударма сапасыз болса, ол тіл заңдылықтарының бұзылуына да әсер етеді.

Абылайхан ЖҰМАШЕВ

Дерек көзі: anatili.kazgazeta.kz

Ұқсас сілтемелер