Басып шығару нұсқасы
21.10.2016, 15:31

«Алтын қалам» әдеби жүлдесінен балаларға базарлық

25 қазан күні Алматы қаласындағы «Книжный город» дүкенінде, сағат 12.00-де балаларға арналған жаңа кітаптың тұсаукесері болады, деп хабарлайды baq.kz.

 «Шимай-Шатпақ» деп аталатын туынды қазақстандық автор Мөкештегі Тұмардың тұңғыш кітабы. Бұл базарлықты «Алтын қалам» әдеби жүлдесі «Аруна» баспасымен бірлесе отырып жарыққа шығарды. Туындының бірінші бөлімінде Арлан есімді бала мен оның ойынан құрастырылған Шимай-Шимай екеуінің мектепте бастан кешкен қызықты оқиғалары суреттелген. Шимай бастапқы кезде көптеген бұзықтық жасап, күлкілі оқиғаларға тап болғанымен, кейін Арланның сыныптастарымен танысып, өзіне жаңа достар табады.

Кітаптағы суреттерді салған қазақстандық суретші Қайырхан Орымбаев. Бұл туынды 5 пен 8 жас аралығындағы балаларға арналған. Баспа кітаптың жалғасын, яғни келесі бөлімдерін, алдағы уақытта басып шығаруды жоспарлап отыр.

2009 жылы бастау алған «Алтын қалам» әдеби жүлдесінің мақсаты бүгінгі қазақ әдебиетінің дамуына және жас дарындар мен жаңа есімдердің қалың жұртқа танылуына ықпал ету. Биыл бесінші рет ұйымдастырылып жатқан байқауға жұмыстарды қабылдау қазанның 15-де аяқталды. Жеңімпаздарды марапаттау шарасы қараша айының соңына таман жоспарланған.