Басып шығару нұсқасы
01.10.2016, 10:07

«Евразия» және «Шәкен жұлдыздары» жеңімпаздары анықталды

«Бөтен үй» фильмінің продюсері Катерина фон Гечмен-Вальдек (алдыңғы қатарда сол жақта) пен актриса Сaломе Демурияға (оң жақта) қазылар алқасының төрағасы Валерий Тодоровский Гран-при тапсырып тұр «Бөтен үй» фильмінің продюсері Катерина фон Гечмен-Вальдек (алдыңғы қатарда сол жақта) пен актриса Сaломе Демурияға (оң жақта) қазылар алқасының төрағасы Валерий Тодоровский Гран-при тапсырып тұр

Алматыда он екінші «Евразия» халықаралық кинофестивалі мен екінші «Шәкен жұлдыздары» халықаралық кинофестивалі аяқталды, деп хабарлайды azattyq.org.

Номинациялар бойынша жеңімпаздарды жариялау және оларға жүлде тапсыру рәсімі жұма күні Республика сарайында өтті.

Грузия, Ресей, Испания және Хорватия кинематографистері түсірген «Бөтен үй» фильмі Гран-приді жеңіп алды. Фильмдегі оқиға 1990-жылдардың басында грузин-абхаз жанжалынан кейінгі кезеңді суреттейді. Грузия жақында бұл көркем шығарманы америкалық киноакадемияның «Оскар» сыйлығына ұсынған. Қысқа метражды көркем фильмдер байқауына қатысқан 15 туындының арасынан Темірбек Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының студенті Дархан Төлегеновтің «Таңғы жұлдыздың сәулесі» фильмі үздік шығарма деп танылды.

Биыл ұлттық кинематография өнері академиясы жаңадан тағайындаған «Тұлпар» сыйлығы тоғыз номинация бойынша лайықты деп танылған фильмдерге берілді. Оның жеңімпаздары «Шәкен жұлдыздары» фестиваліне қатысқан, соңғы бір жылда түсірілген фильмдер арасынан анықталды. Қырғызстан кинематографистері түсірген «Әке өсиеті» көркем шығармасы Орталық Азияның үздік фильмі ретінде сыйлыққа ие болды. Ал қазақстандық режиссер Ержан Нұрмұхамбетовтің «Жаңғақ ағашы» - ең үздік ойын үшін номинациясы бойынша жеңімпаз атанды.

Ұқсас сілтемелер