Басып шығару нұсқасы
30.09.2016, 14:36

Шымкенттік ару Азияның ең сұлу қызы атанды

Ливанда өткен Miss Tourism Universe 2016 сұлулық байқауында шымкенттік 21 жастағы модель Ардана Кәденова «Мисс Азия-2016» атағын жеңіп алды, деп хабарлайды BNews.kz.

Мұндай қуанышты жаңалықты Азия аруының өзі facebook-тегі парақшасында жазып, суреттерімен бөліскен.

Оңтүстіктен шыққан бойжеткен тамыз айында Әзірбайжан астанасы Бакуде өткен "Miss Union" байқауына қатысып, бесінші орынды иемденген. Сол конкурста "Miss Tourism Universe 2016" байқауына шақыру алды.

Ал Ливан жерінде 45 елдің сұлуларымен бақ сынасып, Ардана Кәденова үздік шықты. Енді, Ардана жақында Шри-Ланка арал-мемлекетінде өтетін кезекті байқау – "Miss Intercontinental" конкурсына қатысқалы отыр. Ол бұған дейін де мұндай байқауларға қатысып үлгерген.