Басып шығару нұсқасы
29.04.2022, 18:00

«Рухани жаңғыру» бағытында өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылды

Бүгін Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Рухани жаңғыру» КММ мен «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.

Меморандумға қол қою рәсіміне Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігі «Рухани жаңғыру» КММ басшысы Абылайхан Қалназаров пен «Ұлттық және ат спорты түрлері орталығы» РМҚК директоры Бақдәулет Сәбитов қатысты.

Тараптар қол қойған Меморандум аясында серіктестік қарым-қатынастар орнатуға және мемлекеттік сектордан бөлек, азаматтық қоғам мен БАҚ әлеуетіне сүйене отырып ұлттық құндылықтар насихатын арттыруға, сондай-ақ оларды ілгерілету мәселелері бойынша  ұзақмерзімді әріптестікті дамытуға уағдаласты.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасын іске асыру республикалық және қалалық жоспарларды орындау шеңберінде іске асырылады. Оның идеологиялық платформасындағы арнайы жобаның бірі – «Дәстүр мен ғұрып» – ұлттық рухты, патриотизмді, тәлім-тәрбиені дәріптейтін қазақтың салт-дәстүрін жаңғыртуда ұлттық спорт түрлеріне басымдық береді. Атап айтқанда, ұлттық бірегейлікті сақтауға септесетін ел ішінде қазақша күрес, тоғызқұмалақ, асық ату, бәйге, саятшылық, теңге ілу мен аударыспақ сынды ілкі машықтарды дамыту күн тәртібінде тұр.

 «Еліміздің рухани, физикалық және интеллектуалдық тұрғыда жоғары  дамыған патриот азаматын қалыптастыру – мемлекет институттарының міндеті. Бұл келісім халқымыздың дәстүрлі спорт түрлерінің бұқаралық сипатын арттыру, халық арасында кеңінен насихаттау, танымалдығын арттыру үшін сенім, теңдік, ашықтық, міндеттерді орындауда адалдық қағидаттарын негізге алады», – деп атап өтті Абылайхан Қалназаров.

Тараптар бірлескен бағдарламалар мен жобалар әзірлеп, сонымен қатар қоғамдық рухани жұмыстың жай-күйі мен барысын салмақтап, ұлттық «мендіктің» ішкі өзегін сақтауға бағытталған іс-шаралар өткізуге ниетті.

Ұқсас сілтемелер