Басып шығару нұсқасы
11.11.2019, 23:52

Алматыда «Менің отбасым, Менің бақытым» жас отбасылар байқауы өтті

Алматыда «Менің отбасым – менің бақытым» қалалық жас отбасылар байқауы ұйымдастырылды. Шараны Алматы қаласы Қоғамдық даму басқармасының қолдауымен «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры ұйымдастырды.

Байқаудың мақсаты – дәстүрлі отбасы құндылықтарын насихаттау. Бірлігі жарасқан, берекелі, өнерлі әулеттерді өзгелерге үлгі етіп ұсыну. Өйткені еліміз қазір ажырасу статистикасы бойынша әлемдік ондықтың айналасында жүр. Бұл статистиканы дәстүрлі құндылықтарды насихаттау арқылы ғана өзгертуге болады.

Қала тұрғындары арасынан бұл байқауға қатысуға жүзге тарта өтініш келіп түссе, соның арасынан 6 отбасы іріктеліп қатысты. Әсіресе көп балалы әулеттерге басымдық берілді. Сондай-ақ, психология ғылымының докторларынан, жазушы, қоғам қайраткерлерінен тұратын қазылар алқасы шақырылды.

Байқауға қатысушы әулеттер сайысқа бір ай мерзім дайындық жасап, бар өнерлерін салды. Әр отбасы өзіне шартты атау қойып келді. Байқау үш кезеңге бөлінді. Алдымен бейнесюжеттер, көркем слайдтар, сахыналық қойылымдар арқылы өздерін таныстырғаннан кейін, сұрақ-жауап кезеңіне өтіп, өмірлік, философиялық, ситуативті және интеллектуалды сұрақтарға жауап беріп, ұпай жинады. Әсіресе кез келген отбасында кездесетін түрлі ситуациялар мен ұрыс-жанжал кезінде қалай оң шешім шығарып, тығырықтан шығу жолдары туралы сұрақтар көрермендердің көңілін көтерді. Үшінші кезеңде әр команда өз өнерлерін көрсетеді. Яғни жас отбасының татулығын, бірлігін, бірін бірі қолдау көрсететін қасиеттерін дәріптеді. Үш кезең бойынша қазылар алқасы бағалар қойып, соңында жеңімпазды анықтады. Байқауға қатысушы барлық команда арнайы сыйлықтармен марапатталды.

Бірінші орынды Әбировтер әулеті иемденіп, ақшалай және басқа да арнайы бағалы силықтарын иемденді. Екінші орын Налжитовтарға, үшінші орын Көшербаевтар әулетіне бұйырды. Орынға ие бола алмаған отбасылар «Бақытты шаңырақ», «Өнерлі отбасы» номинацияларын иемденді.

Бұл байқауды биыл «Отбасы хрестоматиясы» қоғамдық қоры ұйымдастырып отыр. Аталған қор бұған дейін отбасыға арналған он шақты кітап басып шығарып, жалпы саны 100 мың тиражбен таратқан болатын. Соның ішінде «Махаббаттың мәні» атты еңбек қазіргі жастардың арасындағы махаббат, ғашықтық, құмарлық секілді сезімдерді терең талқылап, Қазақстандағы ажырасу, ерте жүктілік, аборт проблемаларын экзистенция, логотерапия, онтологиялық таным тұрғысынан талдап көрсетеді.