Басып шығару нұсқасы
17.12.2017, 19:24

Ә.Нысанбаев латын әліпбиіне кезең-кезеңімен көшкенді жөн санайтынын айтты

Латын әліпбиіне көшу – рухани жаң­ғы­рудың үлкен бір тетігі...

Философия ғылымдарының докторы, ҰҒА академигі Әбдімәлік Нысанбаев «Айқын» газетіне берген сұхбатында Елбасы Н.Назарбаевтың латын қарпіне көшу туралы шешімін "уақыт талабынан туындаған қадам" деп атады, деп хабарлайды silteme.kz.

«Латын әліпбиіне көшу – уақыт талабы. Оған бұрынырақ көшуге де болар еді. Латын әліпбиіне көшу – рухани жаң­ғы­рудың үлкен бір тетігі. Латын әліпбиі­міз – әл­емдік әліпби. Осы әліпби арқылы біз басқа елдермен қарым-қатынасы­мыз­ды нығайтамыз. Бұл – қаржылай жағынан алып қарағанда қымбатқа түсетін жоба. Қымбат болғанмен, өзін-өзі ақтайды. Қазақ елі толық мағынадағы тәуелсіз ел боламыз десек, ақшамызды аямай, мүм­кіндігінше тезірек осы латын әліп­биіне көшуге тиіспіз. Кезең-кезеңімен, бірте-бірте осы латын әліпбиіне көшкеніміз орынды деп есептеймін. Бұл шет елдерде жүрген қазақ диаспораларының да бірігуіне септігін тигізеді. Бірлікке ұмтылып, бауырлары­мызды өзімізге қарай тартуымыз керек. Олар шетелде жат болып кетпей, ата­мекенге мойын бұруға тиіс» деп атап өткен.

Сондай-ақ, ол: «Шетелде іргелі білім алған қандаста­рымыздың әлеуетін толық пайдалана алмай отырмыз. Себебі, алғашында оларды бауырымызға тарта алмай, шеттеткен кездеріміз болды. Тіпті «Біздің жеп отырған нанымызға ортақтасатын болды. Өзімізге жетпей жатқан дүниені бұларға неге береміз? Керегі жоқ» деп кейістік танытқандар да кездесті. Анығы – бұл дұрыс емес. Бізге ұлттың бірлігі керек. Қай жерде жүрсе де қазақ рухани жағынан бірлікте болуы тиіс. Рухани жағынан бірлікте болмаса тіл де, мәдениет те, құндылықтар әлемі де жо­йылып кетуі оп-оңай. Құндылықтар әлемі жойыл­ғасын, ұлт жойылады» деп ескерткен академик.

 

Ұқсас сілтемелер