Басып шығару нұсқасы
16.01.2018, 08:00

Азиялық-америкалықтар

Азиялық-америкалықтар jakhan.kz

Батыстың беделді университтерінде оқыған жастар қытай, үнді текті студенттердің айрықша іждағатты, еңбекқор келетінін байқайды. Күні-түні кітапхананы жағалап, жалықпай оқитындардың көбі құбақан жүзді азиялықтар екенін жұмыс берушілер де (employer) біледі. Сондықтан орайы келіп жатса, жолын ашып, мол кесімді жалақы тағайындайды. Жаһандану заманында білім-білікке сүйеніп, мансапқа жетіп жатқан аталмыш қауымның АҚШ-тағы жағдайынан аз-маз сыр таратамыз.

Бұдан бір мүшел бұрын New York Times газетінің тілшісі Томас Фридман Еуропаны асып, Қытайды басып, Үндістанды тегіс аралап, төтенше бір үдерістің сұлбасын байқайды. Көп ұзамай, көрген-білгенін қағазға түсіріп, «The World is Flat» деп жар салады. Дерекшіл Фридман Американың өзі болмаса да, көзі есепті – KFC, McDonalds сынды дақпыртты брендтері Азияның түкпір-түкпіріне жетіп, шаңырақ көтергенін, ал Қытайдан тамыр тартатын Chinese Restaurants Батыс елдерінде көбейіп кеткенін тәптіштей келе, «ұзақ тарих шеруінде Батыс пен Шығыс дәл бүйтіп, мидай араласпаған», – деп тоқтайды.

Сөз жоқ, содан бері технологияның қарымы ұзарып, трансұлттық компаниялардың қарасыны көбейді. Басқа елдерге барыс-келіс артып, араластық молайды. Визалық кедергілер күн озған сайын азайып, халықаралық туризм қарыштап дамыды. Үлкенді-кішілі зауыт-фабрикалардың ұйықты мекені – Қытай үдемелі урбанизацияны жүзеге асырып, теңдесі жоқ, телегей нарыққа айналды. 1997 жылы ғана қоныс жаңартқан HSBC компаниясының соңғы уақытта Лондоннан жалығып, кіндік кескен нүкте – Гонг Конгты аңсай бастауы да тегін емес.

Оның үстіне, Томас Фридман атаулы кітабында Америка жастары Бритни Спирсті пір тұтып, табынып жатқанда, Қытай жеткіндері Билл Гейтстің дабырасына қанығып, үлгі-өнегесін үйреніп жүр деп қамыға жазған-ды. Алдыңғыға ергеннің ертеңі күңгірт, буалдыр, соңғыдан тәлім алғанның бүгіні берекелі, келешегі кемел деген емеурін де жоқ емес. Көп ұзамай, тұспалдап жеткізгені тура шығады. Қаршадай кезінен Гейтстің намын естіп, ғибратын ұғынған қытай жастары биікке ұмтылады. Microsoft компаниясының табалдырығын тоздыратын, атышулы кәсіпкермен иықтаса жұмыс істейтін күйге жетеді. Жалғыз Microsoft емес, қазіргі таңда жер-жаһанға танымал IT компанияларда құбақан халықтың өкілдері көптеп саналады.

Шынтуайтында, азиялықтардың, әсіресе, қытай текті қауымның байлығы шалқыған Америкаға көшуі – көп бүрын басталған, әлі де жалғасып келе жатқан үдеріс. Анықтап айтсақ, Фридманның кезінде қарқын алған көш Екінші Жихан Соғысынан кейінгі жылдары басталған-ды. Алмағайып кезеңде одақтас саналған азиялықтар 1965 жылғы қаулымен төтенше кеңшілік алып, Америка шегінде қалып қойған. Арада жарым ғасыр өткенде азия тектілер мексикалық-америкалықтарды сан жағынан басым озады. Ал, сапа жөнінен дес бермейтіні көп бұрын белгілі болады.

Жалпы қарасыны Америка халқының 6 пайызына жетпейтін азиялықтардың (Asian-Americans) білім тарабындағы жетістіктері орасан зор. Кем тартқанның өзінде, жарымына жуығы жоғарғы оқу орнын бітірген, ал АҚШ-тағы орташа көрсеткіш 28 пайыз. Оның үстіне, оқушылар арасындағы пәндік олимпиадада топ жаратын, президенттік стипендияны жеңіп алатын 3 америкалықтың біреуі – азиялық. Көзге қанықты, құлаққа сіңісті, қалыпты жағдай.

Әлбетте, жергілікті ақ жүзді қатарластарынан қара үзіп, алға озғындап шыққан азиялық жасөспірім жеткіндердің жетістік сырына үңілген зерттеулер аз емес. Жақында Эми Хсин (City University of New York) мен Ю Си (University of Michigan) де нәсіл-тегі әр түрлі 6000 оқушының мектептегі алымы мен екпінін, кейінгі тағдырын салғастыра қарап, аса орынды қорытындылар жасайды. Айтуынша, азиялық-америкалықтар басқа жұртқа қарағанда мейлінше еңбекқор келеді, мектеп жылдарында салынып оқиды, сабылып үйренеді. Математиканы меңгеру – туасы қабілет емес, жүре қалыптасатын машық деп біледі. Сондықтан бар күшін салады, біржола еңсергенше тыным таппайды. Ғалымдар A- (біздіңше 5-) азиялықтар үшін F-ке (біздіңше 2-ге) парапар дейтін лақап әңгіме шындыққа жақын, дейді. Сірә, ата-аналар балаларына әу бастан үлкен талап, ауыр міндет жүктейді. Ағайынның көптігін, дәулеттің молдығын арқаланбай, «өзіңе сен, ақылың мен қайратыңа сен» деп тәрбиелейді. Осындай отбасындық тәлім олардың үздік оқуына, топтан озып, айшықты қарьера жасауына ұйытқы болады.

Эми Хсин мен Ю Си жүргізген интервью деректері Азиядан келген ата-аналардың оқтын-оқтын одағай тәсілдерге жығылатынын да айғақтайды. Баласының барға қанағат етпей, алысты көздеп, асқарға көтерілуін қалайтын үлкендер үнемі PhD дәрежесін алған туысты я да қонысы жақын көршіні мақтап отырады, дабыралы дипломын тілге тиек етіп, «сен де жет, сен де ұмтыл» деген ой тастайды. Сонда да бала айтқанға көнбесе, сабаққа селқомсоқ қараса, Қытайдан туысқаншылап келетін жамағайынға қосып жібереміз деп қорқытады. Қалың қытайдың арасынан жарып шығу әлдеқайда қиын болатынын білетін бала тәубесіне келуге, бұдан былайғы уақытта көздің майын тауысып, жата-жастана оқуға тиіс.

Өстіп жастайынан жаннан кешіп жалықпай оқитын азиялық-америкалықтардың дені мектеп бітірген соң, даңқ-дабырасы зор, топ университеттерден бір-ақ шығады. Бәрі емес, базбірі. Білімі жетіп, қабілеті асып тұрса да, кейбірінің жолы кесіледі, қалаулы оқу орнына түсе алмай, пұшайман күй кешеді. Бұл тарапта арнаулы зерттеу жасаған Томас Эспеншейд пен Александриа Уолтон Рэдфорд атышулы университтердің әр қилы саясат ұстанатынын алға тартады. Аудиторияда бір текті емес, әр текті студенттердің отыруы тосын толғамдар мен өзгеше ойларға қозғау салады, жастар бір-бірінен көп үйренеді деген тұжырым – жетекші себептер қатарында.

Солайы солай. Бірақ халық арасында кеңінен тараған «қытай жастары оқудан басқаны білмейді, математикаға ғана көңіл бөледі, өте шектеулі боп өседі» деген жалпақ пікір де университеттердің әлгіндей шешім алуына әсер етеді. Осы мақаланың Авторы Англияда оқып жүрген жылдары қытай жастарының, шынында да, таң азаннан қара кешке дейін кітапханадан шықпай, айрықша көп дайындалатынын байқаған. Жергілікті жұртпен жұғыспайды, оқшау жүреді, шешіліп сөйлеспейді, сызылып тұрады. Көбісінің көзілдірік кигеніне қарап, көздің майын тауысқан оқымысты, кітаптан бас көтермейтін боркемік деп ойлайсыз.

Алайда, математикадан басқаға икемі жоқ азиялықтар (maths-nerd Asians) жайында қалыптасқан тамырлы стереотип бірте-бірте өзгеріп келеді. Баласының алдыңғы қатарлы университетке түсуін қалайтын ата-ана барлық жағдайды жасап бағуда. Бүгінде азиялық-америкалықтар мектеп кезінде сабақ қана оқымайды, ән-биге де, дебатқа да, қайырымдылық акциялары мен спорт секцияларына да қатысаады. Сөйтсе ғана, жоғарғы оқу орнына қабылданарда жазылатын мотивациялық хатты (motivation letter) еркін толтырып, сегіз қырлы, бір сырлы екенін дәлелдейді. Айви Лиг университеттері мұндай бесаспап талапкерді қалайша шетқақпай қылмақ?!

Хош, ата-ананың қалтқысыз жебесіні арқасында мектепте оза шапқан, іле-шала топ университеттің қақпасын қағып, сәтімен аттаған азиялық-америкалықтар жұмыс нарығына шырқап шығады. Мұндай жандар кез келген компанияның көсегесін көгертсе керек. Шынында да, Кремний аңғарында ірге тепкен Google, Hewlett-Packard, Intel, LinkedIn, Yahoo сынды бизнес құрылымдарда азиялықтардың қарасыны уақыт озған сайын артып келеді. Алайда атаулы компанияларда кәсіби мамандардың (professionals) 27 пайызын, менеджерлердің 19 пайызын құрайтын азиялық-америкалықтардың басшылық қызметтегі үлесі 14 пайыз ғана. Төбеге көтерілген сайын қатары селдірей береді. Гилфорд колледжінің ғалымы Ричард Цвайгенхафт жүргізген зерттеуге сенсек, 2000 жылы Fortune 500 тізіміндегі компаниялардың тізгінін ұстаған CEO-лардың 8-і ғана азиялық-америкалық боп шыққан. Аталмыш көрсеткіш 2014 жылы 10-ға әрең жеткен. Осы уақыт аралығында әйел CEO-лардың саны 4-тен 24-ке көбейгенін ескерсек, кімнің жолы жіңішке екенін байқау қиын емес.

Атаулы мәселені індете зерттеген Бак Ги, Жанет Вонг және Дениза Пек азиялық-америкалықтардың биліктегі үлесінің аздығын тәлім-тәрбиеден іздейді. Олардың айтуынша, азия текті жұмыскерлер алға өңмеңдеп ұмтылмайды, әманда кішіпейілділік танытады, «бетегеден биік, жусаннан аласа» болғанды тәуір көреді. Әріптестің ала жібін аттамай, тыныш, бейбіт жүреді. Зерттеушілер айтады, мұндай жандардың CEO атануы неғайбыл, деп.

Біздіңше, бұл да уақытша жағдай. Шәкірттік жылдарды сәтімен тәмамдап, машықты маман, жырынды қызметкер атанып жүрген азиялық-америкалықтар келесі бөгесінді де еркін еңсереді. Олардың арасынан да кемеңгер CEO-лар, көреген бизнесмендер шығады. Қайткенде де, жат жерде жүріп, білім-біліктің арқасында көлденең кедергілерден өтіп үйренген талапты қауым қазіргі жетістігін қанағат тұтпайды. Баласының оқуын бірінші кезекке қойып, үлкен азамат болып өсуін жан-тәнімен қалайтын, өмірінің әр белесінде қолғабыс көрсететін қарақты ата-ана аталмыш мәселені де күн тәртібіне қоятыны даусыз.

Анығы, бүгінде еңселі университетке түсу үшін білімді болу жетпейді. Сегіз қырлы сырбаз екеніңізді дәлелдеу қажет. Мақтаулы оқуға түскен соң да, арқаны кеңге салып, тоқмейілсуге болмайды. Стэнфордттағы Өнер факультетінің профессоры Хинтон мырза: «Cіз оқыған мамандық университеттен түлеп ұшқанда қажетсіз боп қалуы әбден мүмкін. Сондықтан комфорт зонасынан қазірден бастап шыққаныңыз абзал», – дейді.

Журналымыздың өткен (№1 2016 ж.) санында Илон Маскті жетістікке жетелеген бірқатар фактордың ішінде оның екі саланы – инжиниринг пен бизнесті еркін меңгергені туралы да жазған едік. Ғылымның екі саласына бой ұрған кісі қызықты жобалар жасауға бейім келеді дедік. Әсілі, азиялық-америкалықтардың жағдайы көрсеткендей, бірнеше пәнді түкпірлеп оқу, сабақтан тыс басқадай машықтарды (би, спорт, т.т.) игеру – мектеп кезінде басталып, ғұмыр бойы жалғасатын игі әдетке айналуы керек. Жетістікке жету үшін ғана емес, ертең жұмыссыз қалмау үшін. Заман талабы сондай. Жаһандану үдерісі жатпай-тұрмай оқуды, тынымсыз үйренуді, жалықпай жаңаруды тілейді.

Мақала jakhan.kz сайтынан алынды

 

Ұқсас сілтемелер