Басып шығару нұсқасы
29.11.2016, 13:12

Суицидті насихаттайтын әлеуметтік желілерге шектеу қойылады

Қазақстанда жастарға өз-өзіне қол жұмсауды үгіттейтін әлеуметтік желілер мен интернет-ресурстар анықталған жағдайда, бірден жабылады, деп хабарлайды jasqazaq.kz

«Қазақстан заңнамасына сай келмейтін материалдар анықталған жағдайда интернет-ресурстың меншікті мекен-жайына оларды жою туралы ескерту хаты жіберіледі. Меншік иесі құқық бұзушылықтарды жоймаған жағдайда, комитет «Байланыс туралы» ҚР заңының 41-1-бабында көрсетілген тәртіппен байланыс операторына интернет-ресурста жарияланған ақпаратқа шектеу қою туралы ұсыныс енгізеді», – дейді Байланыс, ақпараттандыру және бұқаралық ақпарат құралдары саласындағы мемлекеттік бақылау комитетінің өкілдері.
Сонымен қатар, министрлік «Бұқаралық ақпарат құралдары туралы» ҚР Заңының 13-бабы 3-тармағына сәйкес суицидті насихаттайтын материалдарды тарату заңнамада бекітілген тәртіппен бұқаралық ақпарат құралының шығуына тосқауыл қоюға негіз болады. Осылайша, заңнамада суицидті насихаттау белгілері бар кез келген материалды БАҚ-та жариялауға тыйым салынған.
«2016 жылдың қаңтары мен 25 қарашасына дейінгі кезеңде комитет ескерту жұмыстары аясында «ВКонтакте», «Одноклассники» әлеуметтік желілерінің және басқа да интернет-ресурстардың әкімшілерінің мекен-жайына жастар арасындағы суицидті насихаттау белгілері бар 211 ақпараттық материалға (оның 161-і әлеуметтік желілерде орналастырылған) қатысты ескерту хатын жіберді. Бүгінгі таңда аталған барлық материалдарға қатысты интернет-ресурстардың меншік иелелері оларды жою немесе Қазақстан аумағында кіруге шектеу қою шараларын қабылдады», – дейді Ақпарат және коммуникациялар министрлігі мамандары.

Ұқсас сілтемелер