Басып шығару нұсқасы
07.10.2016, 15:01

«Болашақ» түлектерiнен қаржыны өз мамандығы бойынша ғана өтеу талабы алынып тасталмақ

BARSEF – «Болашақ» бағдарламасының III халықаралық конференциясында аталған бағдарлама бойынша Қытайда бiлiм алып келген Олжас Сүлеймен түлектерге оқуға кеткен шығынды өз мамандығы бойынша ғана өтеу қарастырылғанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz.

 «Қазiргi таңда мен 2 мыңнан астам жұмысшысы бар құрылыс компаниясын басқарамын. Бiз «болашақтықтармен» жиi кездесiп тұрамыз. Түлектердiң алдынан шығатын бiрқатар проблема бар. Мәселен, бағдарлама бойынша оқып келгендердiң барлығы мiндеттi түрде мемлекеттiк қызметте жұмыс iстейдi деген пiкiр қалыптасқан. Бiрақ, шын мәнiнде Қазақстанға оралған «болашақтық» достарымның 90 пайызы халықаралық компанияларда жұмыс iстейдi немесе өз компаниясын ашқан. Өкiнiшке қарай, олар «Болашақ» алдындағы мiндеттемесiн орындау үшiн бiр жерде өз мамандығы бойынша тiркелуге мәжбүр. Себебi, түлектер өз мамандығы бойынша жұмыс iстеуi керек. Осы мәселенi қарастыру мүмкiндiгi бар ма? Дегенмен, жалақыны азсынбай мемлекеттiк қызметке баратындар да бар екенiн айту керек. Бiрақ, олар да осы проблемамен кездесiп жатады» - дедi О.Сүлеймен.

Бұл мәселеге қатысты «Халықаралық бағдарламалар орталығы» АҚ президентi Жанболат Мелдешов жақында басқа салаларда қызмет етуге мүмкiндiк беретiн үкiмет қаулысы қабылданғанын айтты.

«Шынымен де бiзде мұндай проблема болды. Оны шешу үшiн шаралар қабылдадық», - дедi орталық президентi.

Ал Бiлiм және ғылым министрi Ерлан Сағадиев бұл мәселеге қатысты үкiмет қаулысының үш күн бұрын қабылданғанын және оның ендi күшiне енетiнiн айтты.

«Бұл мәселе жақында шешiледi», - деп сендiрдi министр.